Жарнама
Жаңалықтар

ЖЕТІСТІК ЖІГЕРЛЕНДІРЕ ТҮСЕДІ

Мемлекет басшысы «Қазақстан -2050» стратегиясы жеті басымдықтан тұратынын атап, тәуелсіздіктің тартуы ретінде халқымыз құн жетпес Жеті қазынаға ие болғандығын жариялады. Елбасы бүкіл Қазақстан халқына әлемнің әміршісі еңбек екенін, тек еңбекпен ғана жеміс өнетінін, еңбек қана бар қиындықты жеңетінін ерекше ескертіп айтты. Расында, адал еңбек әркез абыройға бастайтыны сөзсіз.
Ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын техникалық гимназия аталған талаптарды орындауда сүбелі үлесін қосып, оқыту мен тәрбие берудің негізгі өлшемі бойынша көш басындағылардың қатарында келеді. Қалалық, облыстық, республикалық пән олимпиадаларындағы, бірыңғай ұлттық тестілеудегі, оқушылардың ғылыми жобаларды қорғаудағы, спорттық жарыстардағы жетістіктері гимназия ұжымының, ата-аналар қауымдастығының, белсенді оқушылардың жемісті еңбегінің нәтижесі болып табылады.
Өткен оқу жылында гимназия оқушыларының үлгерімі мен сапасы 100 пайызды құрап, орташа балл 106,6 деңгейге жетіп, Атырау облысы бойынша ең үздік нәтиже көрсетті. Гимназия рекордтық жетістікке қол жеткізді десек, артық айтқандық емес. Атап айтқанда, республика бойынша ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысымен «Алтын белгі» иегерлері Ақ-Бөкен Сақтанов, Нұржан Қамзаев және Самал Құмарова жоғары 125 балл жинады. Бұл жетістік – оқушылардың білімге деген оң көзқарасы, мұғалімдердің 11 жыл бойы берген білімі, үлкен қажыр-қайраты, маңдай терінің жемісі және ата-аналардың тәрбиесі.
Жуырда өткен республикалық пәндік олимпиаданың екінші кезеңі қорытындысымен гимназия қала бойынша бірінші командалық орынды жеңіп алса, оқушылар 47 жүлделі орынға ие болды. Облыстық ғылыми жобалар сайысында 7 оқушы республикалық білім сайысына жолдама алды. Бұдан басқа да, гимназиямыз көптеген халықаралық, республикалық, облыстық білім байқауларында топ жарған талай шәкірттерімен мақтана алады. Алыс, жақын шетелдерде оқып, ХХІ ғасырға лайық білім алып, тәуелсіз елімізді бүкіл дүниежүзіне танытып жүрген гимназия түлектерінің қатары жыл өткен сайын көбейіп келеді.
Ұстаз шәкіртімен мақтанады. Әрине, аталған жетістіктер – гимназияның педагогикалық ұжымының қажырлы еңбегі. Жас ұрпаққа білім беру, тәрбиелеу сапасын жоғары сатыға көтеру жолында жемісті еңбек етіп келе жатқан ұстаздар ұжымына алғысым шексіз. Күні кеше ұжымдағы физика пәнінің жоғары санатты мұғалімі Гүлмарал Әбілова «Үздік ұстаз-2013» номинациясына Атырау қаласы бойынша ие болуы да – оқу орнының мәртебесі, оның адал еңбегінің жемісі.
Гимназия ұжымы оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі игі істерін 2014 жылда да жалғастырып, тәуелсіз мемлекетіміздің рухани, ғылыми қуатының артуына өз үлесін қоса беретін болады. Жаңа жыл құтты болсын!

София ӘЛІБАЕВА,
ағылшын тілін
тереңдетіп оқытатын
техникалық гимназияның директоры.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button