Жетістік бар. Жетпестік те көп
Жылдың алғашқы алты айын махамбеттіктер қандай табыстармен қорытындылады? Неге қол жеткізді, неден кейін қалды, алдағы мерзімге белгіленген меже қандай? Бұл туралы Махамбет ауданының әкімі Қайрат Нұрлыбаевтың өңірдің бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылап, алдағы міндеттерді саралаған баяндамасында егжей-тегжейлі айтылды.
Ауылдағы шаруаның ахуалы
Аудан экономикасының өркендеуінде ауыл шаруашылығының алар орны айрықша. Алдымен атакәсіпке тоқталсақ, шілде айының басындағы есеп бойынша, төрт түліктен мал басының өсіміне қол жеткізілді. 2024-2025 жылдары қыстаққа түсетін малдың саны 34 мыңнан асса, оған қажетті ірі сабақты шөптің көлемі 68 мың тоннадан асып жығылады. Былтырдан қалған қорды есепке алғанда, биыл дайындалуға тиісті пішеннің нақты көлемі 67 720 тоннаға жуықтайды.
Тоқсанға тарта шаруашылық құрылымы мен жеке секторда жалпы аумағы 1 900 гектарға жуық алқапқа егін (картоп, көкөніс, бақша, малазықтық дақылдар) егілді. Жиын-терім науқаны басталғалы бері игерілген 53 гектар егіндіктен 1 100 тонна бақша және 945 тонна көкөніс өнімдері жинап алынды.
Баспана көбейіп, инфрақұрылым жақсарды
Аудан орталығында 60 пәтерлік 3 қабатты бір және 36 пәтерлік үш тұрғын үйдің жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өтті. Сәйкесінше, осы нысандардың аумағын абаттандыру мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар жүргізу жобасын әзірлеу шаралары қолға алынды.
Өңірдегі бірнеше ауылда ескірген электр желілерін жаңғырту, жазғы су мен ауыз су, газ құбырын тарту, көшелерді түнгі жарықтандыру жұмыстары жалғасын тауып отыр. Елді мекендерді көркейту-көгалдандыруға, санитарлық тазалығын сақтауға, жол-көлік инфрақұрылымын жақсартуға баса назар аударылып, бұл бағыттарда жүзеге асырылуы жоспарланған шаралар бар. Десек те, мұнымен баспанамен және инфрақұрылыммен қамтудың төңірегінде шоғырланған мәселе түгелдей шешімін тапты деуге негіз жоқ, — деді Қайрат Есқабылұлы.
Бүлінген жолдар жөнделеді
Аудан аумағы арқылы 123 шақырым республикалық, 81,4 шақырым облыстық және 280 шақырым жергілікті маңыздылықтағы жолдар өтеді. Бүгінде «жақсы» және «қанағаттанарлық» жағдайдағы жолдардың үлес салмағын арттыруға назар аударылып отыр. Мәселен, «Ауыл – ел бесігі» жобасымен Сарытоғай ауылының 12 шақырым ауылішілік жолы күрделі жөндеуден өткізіліп, 3 шақырым тротуар төселді. Аталған жобаның екінші кезеңі аясында осындай жұмыстар Махамбет ауылының бірнеше көшесінде, сондай-ақ Талдыкөл, Таңдай, Сарайшық, Ақтоғай, Жалғансай елді мекендерінде жалғасын тапты.
Биылғы көктемгі су тасқынының салдарынан Жайық өзенінің Самар бетіндегі «Атырау–Орал» және Бұқар беттегі «Атырау–Индер» трассаларының аудан аумағына тиесілі бөлігінде, сонымен қатар кейбір елді мекендердің кірме жолдары бүлініп, қалыпты қозғалыстың ырғағы бұзылып, қатынасқа айтарлықтай қиындық келтірді. Басқасын былай қойғанда махамбеттіктердің облыс орталығынан ауылға «Атырау–Астрахан» тас жолымен айналып қатынағаны мәлім. Одан бөлек, «Атырау–Индер» магистралының бойындағы көпірдің түсіп кетуінен қозғалыстың уақытша тоқтатылғаны да белгілі. Әлі күнге бұл жердегі қатынас айналма жолдың көмегімен ғана жүргізіліп отыр. Сол сияқты, Талдыкөл ауылына кіреберіс жолдың жөнге келтірілмеуі тұрғындардың наразылығын туғызуда. Атырау мен Оралды байланыстыратын күрежолдың Сарайшық ауылы тұсымен өтетін бөлігі де күрделі жөндеуді қажет етеді,-деді өңір басшысы.
Әлеуметтің әлеуеті көтерілді
Жұмыссыздықтың деңгейін төмендету мақсатында «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас», «Әлеуметтік жұмыс орны» жобалары, басқа да мемлекеттік, өңірлік бағдарламалар бойынша қызметке орналасқандардың да барын айрықша атап өтуге болады. Бүгінгі таңда аудандағы білім беру мекемелерінде барлығы 1 050-ге жуық педагог қызмет атқарса, өткен оқу жылында 30 мұғалім-маманға қажеттілік туындаған. Қажеттілікті қанағаттандыру мақсатында жұмыстар жүргізіліп, керекті деген пән мұғалімдері конкурстық негізде іріктеледі.
Аудан әкімінің айтуынша, өңірде жалпы саны 15 мектеп пен 16 балабақша, 2 қосымша білім беру мекемесі мен 1 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, өнер, спорт мектептері мен түрлі үйірмелер жұмыс жасайды. Жылдан-жылға медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасы нығайтылып, көрсететін қызмет сапасы жақсаруда.
Аудан орталығынан бастап әр ауылдық округтегі емхана қызметтік автокөлікпен қамтамасыз етілген, дәрігерлік амбулатория типтік жобада салынған ғимараттарда жайғастырылған. Биыл ауданның 4 ауылында (Ортақшыл, Алға, Сарайшық, Талдыкөл) 200 орындық мәдениет үйінің жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткен. Жыл санап ауданда дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын халықтың үлес салмағы өсіп келеді.
Коммуналдық қамтудың қауқары
Статистикаға сүйенсек, ауданда тұрғындардың ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 98,1 пайызды құрайды. Яғни, аудан халқының түгелге жуығы күнделікті суды орталықтандырылған желі арқылы тұтынады. Барлығы 15 су тазарту қондырғысы жұмыс жасайды. Осының ішінен 13 қондырғыны жаңғырту бағытындағы нақты жұмыс биыл басталды.
Өңірде су тазарту қондырғысы мүлдем салынбаған 6 елді мекен (Есмахан, Көздіқара, Томан, Атамбаев, Бала Ораз, Кеңөріс) бар. Қысқы маусымға дайындық шараларына облыстық және аудандық бюджеттен қомақты қаражат бағытталып, бөлінген қаржыға қызмет көрсетуші субъектілердің сұраныстарына сәйкес су сораптары, жылу қазандықтары, қосалқы электр станциялары, мотопомпалар, дәнекерлеу агрегаттары, дизельді генераторлар, басқа да қажетті жабдықтар сатып алыныпты. Осылайша, жылдың алғашқы жартысында осы мақсатқа жұмсалуы жоспарланған 100 млн. теңгеге жуық қаржының үштен екі бөлігі игерілген.
Бұқара мен биліктің байланысы
Өзге өңірлердегідей, бізде де «Ашық әкімдік» жобасы іске қосылды. Мұнда барлығы 70-ке жуық мемлекеттік қызмет түрі келушілерге ұсынылады. Есепті мерзімде аудан тұрғындарына барлығы 2 900-ден астам мемлекеттік қызметтің («Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы арқылы, сондай-ақ электронды форматта) көрсетілуі қамтамасыз етілді. Сонымен бірге, өз-өзіне қызмет көрсету бұрышының мүмкіндіктерін пайдаланған азаматтар да аз емес, — деп қорытындылады әңгімесін аудан әкімі.
Дайындаған Дәулетқали АРУЕВ
Коллажды жасаған Сая РАМАЗАНОВА
Дерек пен дәйек
*«Агробизнес» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде бизнес субъектілеріне берілген несие сомасы – 119 млн. теңге
*«Ауыл аманаты» жобасы бойынша бюджеттен бөлінген қаржы — 239,3 млн. теңге. Қаржыландырылған өтінім саны – 30.
*Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі – 12,8 млрд. теңге.
* Есепті мерзімде жұмыссыз ретінде тіркелген адам саны – 1 800. Одан тұрақты және уақытша жұмыспен қамтылғаны – 1000 адам