prev 2

Жас өседі, жарлы байиды

Жаңалықтар

Менің бұл отбасымен таныстығым осыдан жиырма жылдай бұрын басталды. Жастайынан тағдыр қиындығын тартқан Әлия Исимова редакциямызға хат жазып, өзіне, бала-шағасына көмектесуді өтінген. Сол кезде ол аяқ астынан болған оқиғадан төсекке таңылып, қос бүлдіршінімен бас сауғалар бұрышқа зар болып қалған еді. Редакцияның тапсырмасымен барып, хат авторымен жақынырақ таныстым. Көп кешікпей газетімізде жас ананың өзгеден өзгешелеу өмірі жайлы көлемді мақала жарияланды.

prev_2

Осыдан кейін, сәтін салып, Әлия баспаналы болды. «Жас өспей ме, жарлы байымай ма» демекші, қос ұл да ержетті. Екеуі екі шаңырақ көтеріп, аналарының қолын жылы суға малды. Бүгінде екеуі жұптарымен аналарына жеті немере сыйлады. Біртіндеп өз кәсіптерін ашты. Қандай да мереке, айтулы күндерде телефон шалып, құттықтап отыратын Әлия менің кәнігі туысымдай боп кетті. Ұлдары да әркез амандық-саулық сұрасып, өздерінің көлікпен көмектесетіндерін есіме салып қояды. Ал күні кеше хабарласқан Нұрланы:

– Лиза апа, Құрбан Айт мерекесі мен «Мектепке жол» акциясына жылда қатысушы едік. Биыл да сөйтіп жатырмыз. Редакцияға келіп, оқушы балаларына киім-кешек сұрап жүрген ата-аналар болса, бізге жіберіңізші, – деп өтінді. Осылайша біз көп балалы, күнелтісі төмен бірнеше ананы балаларымен Нұрланға сілтедік. Кейін олар бізге телефон шалып, редакция ұжымына, кәсіпкер жігітке деген жүрекжарды ақ алғыстарын айтты.

– Біз қайырымдылық ісімізді жұртқа жарияламаймыз. Алла разы болса, мұқтаж жандар разы болса – жетеді, – дейді Әлияның ұлдары. Өзімнің білуімше, олар үнемі мешіт үйіне киім-кешекпен де, қаржылай да көмектесіп тұрады. Бір кездері өздері де қиындық көріп өскен ұлдардың мұқтаж отбасы балаларына қарасуы, сөз жоқ, үлкен азаматтық. Осынау іс көпке үлгі болсыншы деген оймен қолымызға қалам алып отырмыз. Балаларына өнегелі тәрбие берген Әлияға мықты денсаулық, ұзақ өмір тілейміз.

Лиза СЕЙТІМОВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған