ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗ – ЕЛ ЧЕМПИОНДАРЫ
«Атырау» дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешенінде волейболдан Қазақстан Республикасының Жоғары лига чемпионатының Б дивизионы бойынша V тур ойындары өтті.
Жарысқа елдің әр өңірінен алты команда қатысты. Атап айтсақ, Хромтау, Тараз, Қостанай, Қызылорда Астана және Атырау қалалары волейболшылары өзара сынға түсті
Айналым әдісі бойынша өткен додада «Атырау-2» барлық команданы жеңіп, алға шықты. Күміс жүлдені хромтаулық «ТНК Қазхром» командасы еншілеп, қызылордалық «Қорқыт ата» қола жүлдегер атанды.
Чемпионаттың бас төрешісі Бұхар Нұрсұлтановтың айтуынша, бес турдың қорытындысына сәйкес «Атырау-2» мен «ТНК Қазхром» командаларының ұпай саны тең келгендіктен, партиядағы жеңістің көп болуына орай атыраулық волейболшыларға чемпион атағы берілді.
— Жоғары лига чемпионатында өнер көрсететін командаға бапкерлік ету – мен үшін үлкен абырой, — дейді «Атырау-2» командасының бас бапкері Әнуар Шеркешбаев. – Бұл қызметке өткен жылдың шілде айында келген болатынмын. Команда құрамындағы ойыншылардың барлығы – жергілікті жастар. Биылғы маусымда хромтаулықтармен бес рет кездесіп, Хромтау қаласында өткен ІІ тур ойындарында оларға бір рет қана есе жіберген едік. Сөйтіп, жалпы партияда 4:1 есебімен ұтып, осы жеңісіміз бізге чемпион атағын сыйлады. Енді чемпионаттың А дивизионына өтіп тұрмыз. Мұнда өнер көрсететін командалар да мықты. Олардың да арасынан топ жарып шығуға бар күш-жігерімізді саламыз.
Жарысқа қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев ел чемпиондарын құттықтап, алда да талай белестерді бағындыра беруге тілек білдірді.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.