Жерді заңсыз иелену – қылмыс
Жерді қорғау, оны барынша тиімді пайдалану және сақтау – әр адамның міндеті. Қазіргі таңда осыған қатысты мәселелер өте көп.
Жасыратыны жоқ, жер учаскелерін ұтымсыз, тіпті заңсыз пайдалану фактілері орын алуда. Мәселен, облыста жерлерді тиімді қолдану мен қорғауды бақылау, мақсаттан тыс пайдаланылатын немесе айналымға енбей жатқан жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтарып алу бағытында жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыс жүруде.
Облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының мәліметіне сәйкес, жоспардан тыс 711 тексеру жұмыстары жүргізілді. Қорытындысымен 432 заң бұзушылық анықталды.
Басқарма тарапынан жер заңнамасына түсінік жұмыстары үнемі жүргізілгенімен, мемлекеттiк жер учаскелерiн ішінара заңсыз иеленіп алу немесе уақытша алынған жердi уақытылы қайтармау фактілері көптеп кездесіп отыр.
Жер кодексіне сәйкес, меншiк және жер пайдалану құқықтары Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексi мен басқа да заң актiлерiнде қаралған тәртiппен қорғалады.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 136-бабына сәйкес, мемлекеттiк жер учаскелерiн заңсыз иеленіп алу немесе айырбастау, уақытша берілген мемлекеттiк жердi уақытылы қайтармау сияқты фактілер жеке тұлғаларға – жетпіс бес, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – бір жүз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 150, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне жеті жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғатынын атап өткіміз келеді.
Гүлзия ҚҰРМАНОВА,
облыстық жер
қатынастары басқармасы басшысының орынбасары.