Жердің қадірін баптаған білер
Атадан қалған аманат –елдігіміздің алтын арқауы
Биылғы жылдың 1 шілдесінен күшіне енетін «Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, облыс аумағында біраз түсінік жұмыстары жүргізілді. Әсіресе, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдаланудың өзекті мәселелері де біршама ортаға салынды.
Осыған орай біз ауыл шаруашылығы саласының ардагері, биология ғылымдарының кандидаты, Атырау облысының Құрметті азаматы Жанай Беркәлиевке жолығып, әңгімеге тартқан едік.
— Жанай Беркәліұлы, бар саналы ғұмырыңызды ауыл шаруашылығын өркендету ісіне арнадыңыз. Енді екі айдан соң заңдық күшіне енгелі отырған еліміздің Жер кодексіне енгізілген өзгерістер жайлы пікіріңізді білсек деп едік…
— «Қара жер адамзатқа болған мекен, қазына толған іші әртүрлі екен» деп ұлы Абай айтқандай, жеті қат жер астының тұнған байлығын игеру, жер бетінде атқарылып, халық игілігі үшін жасалып жатқан қыруар шаруалар Тәуелсіз еліміздің дамуына бағытталып отыр.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді, әрі мақсатты пайдалану, жеріміз-дің шынайы қожасын белгілеп, оны азып-тозудан, бүлінуден сақтауды көздейтін Заңның өмірге енгені дұрыс. Өзімнің өмірлік тәжірибемді ой елегіне салсам, ауыл шаруашылығы саласын дамытуды қасиетті де киелі жерсіз көзге елестету мүмкін емес. Адамзаттың күнделікті тұтынып, тіршілік нәрін алып отырған азық-түлік тағамдарының бәрі осы жерден өнеді. Қазақтың сайын даласын мекен еткен төрт түлігіміз де Жер-Анадан азығын жейді. «Жер шетелдіктерге сатылсын» деген уәж тәуелсіз еліміз тарихында ешқашан болған емес, болашақта да болмауға тиіс. Кодекске сәйкес, инвесторларға, шетелдіктерге уақытша жалға беру бұрыннан бар, бұрын жалға беру мерзімі он жыл болса, енді ол 25 жыл болып өзгертілген. Осыны түсіну керек.
Заңда отандастарымызға ғана мол мүмкіндік беріліп отыр. Сондықтан, олар жерді иелігіне алуы керек, күтіп-баптап кейінгі ұрпаққа аздырып-тоздырмай тапсыруы керек.
Атам қазақ ертеде жерден нәпақасын тауып, күн көрді. Ал, қазір ше? Заман өзгерген сайын адамдардың жерді баптап, егін шаруашылығын дамытуға, ата кәсіпті жалғастыруға деген ниетін көре алмайтындай жағдайдамыз. Мал бағу, егін егу сияқты шаруаларды келімсектердің мойнына артып қойғаны жанымызға қатты батады.
— Шетелдіктерге жерді жалға беру мерзімі 25 жылға дейін ұзартылды. Бұл неліктен деп ойлайсыз?
— Себебі, ауыл шаруашылығы табиғи факторларға тәуелді, көп салымды қажет ететін өндіріс болып табылады және оның өндірісі маусымдық сипатқа ие. Жермен жұмыс істеу оған салынған қаржы салымдарының орнын тез қайтармайды және алғашқы он-он бес жыл оған жұмсалған шығындарды ақтауға кетеді. Ауыл шаруашылығы мақсатына арналған жер телімдерінің жалға берілу мерзімі 25 жылға дейін деп белгіленуі сондықтан деп ойлаймын.
Өзгерістермен қабылданған жаңа Жер кодексі талаптары бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерін шетелдік азаматтардың жеке меншігіне иеленуіне жол берілмейді. Аталған кодекстің 24-бабының 1-тармағына сәйкес, шетелдіктер, сондай-ақ жарғылық капиталындағы шетелдіктердің үлесі елу пайыздан асатын заңды тұлғалар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерін жиырма бес жылға дейінгі мерзімге жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалану құқығымен ғана иелене алатын болып отыр.
— Жәке, Сіз экономиканың маңызды саласында ұзақ жыл еңбек етіп, тер төктіңіз. Біздегі жермен жұмыс жасайтын маман-кадрлар жөнінде қандай пікірдесіз?
— Кеңес кезіндегі шаруашылықтарда мыңғырған мал мен қуатты техникалары, мыңдаған гектар жайылымдық, шабындық және суармалы егістік алқаптары бар шаруашылықтар нарық заңымен жекешелендірілді. Мемлекет иелігінен айырылғаннан кейінгі жылдары шаруа қожалықтары мен егін шаруашылығымен айналысатын серіктестіктер жермен жұмыс жасайтын агрономдарға, ауыл шаруашылығы машиналарымен жұмыс жасайтын механизаторға, өнім өңдеуші технологтарға зәру болып қалғаны да шындық. Енді сол олқылықтың орнын толтыру үшін ауыл шаруашылығы мамандарын дайындауға ерекше көңіл бөлмесе болмайды. Қысқа мерзімді курстар ашып, жерді өңдейтін, суармалы алқапты игеруге білігі мен білімі жетерлік механизаторлар, егін шаруашылығымен айналысу үшін жоғары білімді агрономдар даярлауды күн тәртібінен түсірмеген жөн.
Кейбіреулер 100-500 гектар жерді жалға алып, азын-шоғын табыс алғандарына мәз болады. Ал, олар жердің күтімін келтіріп, бабын табу жағына көп бастарын ауыртпайды. Осы көзқарас түбегейлі өзгеруі тиіс.
— Заңды құрметтеу, қарапайым халыққа түсінікті тілмен жетесіне жеткізе түсіндіру жөнінде не ойлайсыз?
— Жалпы қабылданған қандай-ма Заң да орындалуымен құнды. Ата Заңымыз – Конституция талаптары бұлжытпай орындалғанда ғана елдің өрге басып, Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болары даусыз. Менің ойымша, Ата Заңымыздың қадір-қасиетін балаларымыздың мектеп партасына отырған кезінен бастап түсіндіре беруіміз керек. Заңды құрметтеу мәдениетін қалыптастыра білсек қана толыққанды өркениетті, зайырлы ел боламыз.
Сұхбаттасқан: Бақытжан ЖҰМАТ.