Жарнама
Жаңалықтар

ЖЕР АСТЫНЫҢ «ҚАЗЫНАСЫН» АШҚАН АДАМ

Билал Насруллаұлы республикамызда қызмет істеген жылдарында мұнай-газ геология, барлау, өндіру салалары бойынша жұмыс жасайтын бірнеше кәсіпорынның басын біріктіріп, бір үлкен қуатты ұжымға айналдырып, өз тізгінін берік ұстады. Әсіресе, «Қазмұнайгазгеология» бірлестігіне қарасты басқармаларға қарайтын кәсіпорындардың жұмысшы-мамандары мекендейтін кенттер тұрғызуға, жергілікті құрылыс материалдарын шығаратын өндіріс орындары мен арнаулы құрылыс-монтаж басқармаларын, жабдықтау мекемелерін ашуға бар күшін салды.
Қадірменді мейманды облыс әкімдігінде облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қабылдап, құрмет көрсетті. Бар қажыр-қайраты мен білім-білігін еліміздің мұнай-газ геология саласының дамуына, еңбеккерлердің тұрмыстық жағдайын жақсартуға жұмсаған ерлікке пара-пар ерен еңбегі, қойнауы құтқа толы қазыналы өлкемізді өркендетуге қосқан өлшеусіз үлесі үшін Билал Насруллаұлына шексіз алғысын жеткізді. Өз кезегінде Билал Насруллаұлы да аймақ басшысының елгезектігі мен көрегенділігіне ризашылығын білдіріп, рахметін айтты.
Мерейгерге құрмет одан әрі Құрманғазы атындағы мәдениет сарайындағы салтанатты жиынмен жалғасты. Шараның шымылдығы мерейтой иесінің өнегелі өмір жолынан сыр шертетін фильмнің көрсетілімімен ашылды.
Қадірменді қонақты Мәдениет сарайындағы кеште алғашқы болып облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов құттықтады. «Бүгін біз Билал Насруллаұлы сынды бірегей тұлғаны мақтағаннан гөрі, онымен мақтануымыз, өміріміздің бір сәтінде болса да тағдырлас болғанымызға шүкіршілік етуіміз керек. Қазір Ресей елінде жүрсе де шақыруымызды қабыл алып, ортамыздан табылып, баршамызды қуанышты күйге бөлеп отырған ағамызға сіздердің аттарыңыздан шексіз ризашылығымды білдіріп, әлі де ұзақ мағыналы ғұмыр кешуді, отбасы-әулетінің шаттығына кенеліп, ұрпақтарының қызықтарын көре беруді нәсіп етсін, арамызда аман-есен жүре берсін деген игі тілегімді жолдауға рұқсат етіңіздер!», — деп түйіндеді ойындағысын Бақтықожа Салахатдинұлы.
Әр жылдары Билал Хахаевпен үзеңгілес еңбек еткен, тәжірибесін үйреніп, тәлімін алған үлкенді-кішілі әріптестерінің де жеткілікті екендігі, осындайда олардың да айтары барлығы анық. Солардың атынан сөз алған, мерейгермен тұстас жұмыс жасаған ардагер мұнайшы Болат Өтебаев, Билал ағаның басшылығы тұсында алғашқы еңбек баспалдағынан өткен, қазірде Қазақтың мұнай-газ ғылыми-зерттеу институтын басқарып жүрген Қосан Тасқынбаев жылы лебіздерімен бөлісті. Ән-жырдан шашу шашылып, шараның шырайын келтірді.

Дәулетқали АРУЕВ.
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button