Жарнама
Жаңалықтар

ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС ТОЛАСТАМАЙДЫ

Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тегеуірінді шаралар алынуда. Соған қарамастан, «әттеген-ай» дегізерлік жайттар аз болмай тұр. Мемлекеттік хатшы осы орайда білім саласына айрықша тоқталды. Өйткені, оған мемлекеттен бөлініп жатқан қаржының көлемі көп. Әділбек Жақсыбековтің орынды сын, нақты сұрақтарына ҚР  Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов жауап берді. Оның айтуынша, ахуалды айықтыру мақсатында айтарлықтай жұмыс қолға алынған. «Бармақ басты, көз қысты» жағдайдың алдын алу үшін жаңа жүйе жасақталуда. Мемлекеттік сатып алуда тың жобаларды енгізу ұсынылған. Болашақта жоғары оқу  орындарының жанынан бақылау кеңесі құрылады. Мұның бәрі жемқорлыққа жол бермеу мақсатындағы жүзеге асып жатқан шаруалардың көрінісі. Алайда, қазіргі жағдайдың мәз еместігін құзырлы орын өкілдері атап айтып берді.

Еліміздің қаржы полициясы басшысының орынбасары Андрей Лукин білім беру саласында жемқорлық құқық бұзушылық көрсеткішінің өсіп бара жатқандығына алаңдаушылық білдірді.

— Мәселен, 2013 жылы қаржы полициясы бұл салада 221 қылмысты анықтады. Ал, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының өзінде 125 қылмыс тіркелді. Бұл өткен жылдың ішінде анықталған қылмыстардың жартысынан да көп, — деді ҚР Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмысқа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары.

А.Лукиннің сөзіне қарағанда, анықталған жалпы жемқорлық қылмыстардың ішіндегі білім беру саласында жасалған қылмыстардың үлесі 16 пайызды құрайды.

Ал, ҚР Бас прокуроры Асхат Дауылбаев білім беру саласының проблемаларын мынадай мәліметтермен сабақтастырды: Білім және ғылым министрлігі 2 млрд. теңгеден астам қаржыға 569 білім ордасына  химия кабинеттеріне арналған оқу құрал-жабдықтарын сатып алған. Алайда, олардың басым бөлігі қаңырап бос тұр. Мәселен, Алматы облысының  Панфилов ауданындағы мектептерде 49  оқу құрал-жабдығының тек 13-і ғана кәдеге жараған, қалғандары стандарттарға сай келмегендіктен мектеп қоймаларында үйіліп жатыр. Оңтүстік Қазақстан облысында 70 оқу ордасында ғана интерактивті тақта пайдаланылады. Ал, қалған құрал-жабдықтарды пайдалануға химиялық реактивтер жоқ.

Бас прокурордың пікірінше, бұдан бөлек 778 химия және биология кабинеттеріне арналған құрал-жабдықтарды қымбат бағаға алынғандығы жайында фактілер орын алған.  Соның салдарынан алдын ала есеп бойынша мемлекетке келген шығын 1,5 млрд. теңгеден асып жығылады.

 — Мәселен, химия кабинетіне арналған құрал-жабдық жиынтығының 2,6 млн. теңгеге, биология кабинетіне арналған жиындық 1,6 млн. теңгеге құны асыра көрсетілгендігі сараптама барысында белгілі болып отыр. Аталған фактілер бойынша қаржы полициясы тергеуалды тексеру жүргізуде, — деді А.Дауылбаев.

Бас прокурор қаржы полициясының Білім және ғылым министрлігінің кәсіптік орталықтар құрылысына бөлінген қаражаттың тиімсіз пайдалану фактісі бойынша тексеру жүргізіліп жатқандығына маңыз берді. «Қаржы полициясы органдарымен Атырау, Өскемен, Екібастұз, Шымкент қалаларында аталған орталықтардың құрылысына бөлінген 11,4 млрд. теңгенің 8,3 млрд. теңгесінің тиімсіз пайдалану фактісі бойынша тергеуалды тексеру шараларын жүргізуде. Аталған орталықтардың тек Атыраудағы нысаны ғана салынған» деді А.Дауылбаев.

Сонымен қатар, ол биыл Алматы облысында сабақ кезінде ғимараттағы температура режімінің сақталмауы орын алғандығын сынады. «Анықталғандай, оның себебі — аудандық білім басқармаларының салғырттығы салдарынан бірыңғай жеткізушімен мектептерді дизель отынымен қамтамасыз ету міндеттемесі орындалмаған. Аталған фактіге байланысты облыстық прокуратура Қылмыстық кодекстің 307 бабы бойынша қылмыстық іс қозғады» деді Бас прокурор.

Асхат Қайзоллаұлының сөзіне қарағанда, 320,6 млн. теңге сомасындағы дизель отынының жеткізілмеуіне байланысты бөлінген қаржыны қайтару жөніндегі талап арыз берілген.

Келеңсіз көріністерді ащы сын садағына алған кеңейтілген отырысқа облыс басшылары тікелей бейнебайланыс арқылы қатынасты. Олар туындаған сұрақтарға байланысты жедел жауап беріп отырды. Тағы бір ерекшелік, алдағы уақытта ҚР Президенті жанындағы жемқорлықпен күрес жөніндегі комиссия саяси мемлекеттік қызметшілердің де ісін қарайтын болады.

«Жалпы алғанда, жемқорлыққа қарсы күрес барша қоғамның міндеті. Бұл бағытта Елбасы белгілеп берген нақты міндеттер бар. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа стратегиясы әзірленуде. Комиссия оның нақты жүзеге асыру құралы болуы қажет» деген Мемлекеттік хатшы сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар өз жалғасын таба береді деп сендірді.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button