Жарнама
ЖаңалықтарСарапTimeЭкология

Жем өзенін «жібермей» отырған кімдер?

Atr.kz/21 қаңтар, 2020 жыл. Өткен жылғы қыркүйекте жылыойлық бір топ маман Жем бастауына барды. Былтыр жаз бойы өзенге бір жұтым су келмей сағасы сарқылып, жағасы жалаңаштанып қалған-ды. Бұған жергілікті жұрттың алаңдайтын да жөні бар. Өйткені, Құлсары қаласын қақ жарып ағатын өзекшенің жағажайы абаттандырылып, әсем демалыс орны салынуда. Ал, егер су болмаса, оның сәні келісер ме? Қыруар қаражат жұмсалып, күллі жұрттың күшімен тұрғызылған нысанды кім керек етеді?

ЖЫЛЫ ҚЫС ТА ШАРУАҒА ЖАЙСЫЗ ЕКЕН

Сонау 1993 жылдың көктемі көнекөз жылыойлықтардың әлі де жадында. Жоғарыдан сарқырай құлаған мол су өзенді тез толтырып, арнасынан асып кеткен-ді. Құлсарыда бес жүз шамалы үй құлап, мыңдаған адам баспанасыз қалған. Бүгінде сол табиғат апатының сан сыры айтылып жатыр. Әйтсе де, негізгі себеп ретінде Жем түбінің әбден тайыздануы тілге тиек етіледі. Яғни, келген су өзенге симай, жан-жағына жайылған. Кәнігі мамандардың да, байырғы тұрғындардың да ортақ пікірі осы.

Міне, содан бері ширек ғасырдан аса уақыт өтті. Өзен түбін тереңдету шындап қолға алынғаны жөнінде хабар естіген жоқпыз. Әр жылы табиғаттың мырзалығына үміт артып, алақан жайып қана отырмыз. Ал, ол соңғы уақытта сараңдық көрсетіп келеді. Егер Жем бастауын Мұғалжар тауынан алып, қысқы қар мен көктемгі жаңбырмен толығатынын ескерсек, онда қазір ауа райында үлкен өзгеріс барын ұмытпалық. Адам қолы қоршаған ортаның қалыпты тіршілігін бұзды. Оған оңды-солды араласу тепетеңдіктің сақталмауына соқтырды.

Ендігі мәселе – Жемнің жоғары бөлігіндегі судың тым аздығы. Жылыойлықтар ұйымдастырған экспедиция анықтағанындай, Мұғалжар маңында қыс кезінде әдетте қардың қалыңдығы бір метрден асатын. Тау жағалай қоныстанған жұрт бір-бірімен қатынаса алмай, қуатты техникаға жүгінетін. Былтыр аз ғана жауған қар мұндай қиындық келтірмеген, адамдар жеңіл көлікпен-ақ жүрген. Әрине, бұл тұрғындарға қолайлы делінгенімен, өзеннің өзегін жалғай алмаған. Қылаулы қар қос облысты қосып отырған Жемнің жұмырына жұқ болмаған. Енді ше? Алдағы жылдары қардың қалың түсеріне кім кепілдік береді?

Бүгінде көпжылғы көрген-білгенін бағамдап, таразыға тартатын қарттар да қалмаған. Ауа райын зерттейтін орындардың мәліметі де кейде дәл келе бермейді. Өйткені, қоршаған орта болжай алмайтындай тосын жайды жиі тартып жүр. Қытымыр қысқа қатысты айтылар тағы бір түйін – Жем суының 90-95 пайызын еріген қар толтыруы. Ақтөбелік мамандардың дерегінше, өткен жылы мұнда мүлдем су ағыны болмаған, өзен өте баяу аққан.

Ал, алдыңғы жылы оған құйылған су көлемі 101 млн. текше метрге жетіп, қалыпты деңгейдің 31 пайызын құраған-ды. Қажетті мөлшердің үштен бір ғана бөлігі десек те, соның өзі біраз шаруаны тындыруға септігін тигізген. Енді сол да сағымға айналғалы тұрған тәрізді. Жалпы, соңғы он жылда су ағыны әртүрлі тіркелген. Бұл, әрине, тау басындағы қардың қалың немесе жұқалығына байланысты. Парадокс дейміз бе?

Өйткені, жылы қыс та шаруаға жайсыз тиіп тұр. Тоң түспегендіктен, таудан құлаған аз ғана су жерге сіңіп кетеді. Текке жағалаудағы құмдарды суарады. Одан жайылымы мен шабындығы шөлдеген шопанға не пайда? Бақшасын баптаған дихан да разылық таныта қоймас.

СУ ҚОЙМАСЫ ЖАҒДАЙДЫ ЖАҚСАРТА МА?

Жемге ілгергі уақытта жоғарыдан су ағыны жақсы келіп, арнасын тым-тәуір толтырыпты. Соның ішінде 2011 жылы 378 млн. текше метрге жетіп, қалыпты деңгейдің 116 пайызын құраған. Демек, төменге де ылғал мол келген. Сол шақта шаруалар не тындырып үлгерді екен? Ауыз толтырып айтатындай іс істелмеген болар-ау. Рас, су жайылымға жайылған, шабындыққа шығарылған шығар? Өзгесі жағадағы жерге, қырдағы құмға сіңіп жоғалды.

Ал, соның артығын жинап алса ше? Арнайы қоймаға құйып, келер жылдың қажетіне пайдаланса? Жері шөлейт Жылыой жағдайында жарасымды шаруа болар еді-ау. Өзеннің жоғары жағында орналасқандықтан, мүмкіндігі молырақ Ақтөбе облысындағы Жем бойында бірнеше су қоймасы бар. Олардың бәрі де өткен ғасырдың орта шенінде салынған. Барлығының да қазіргі күйі мәз емес.

Мәселен, 1970 жылы тұрғызылған Әулие су қоймасының сиымдылығы 7,7 млн. текше метр екен. Ал, биіктігі 31 метр десек, қазір соның төменгі екі-үш қадамдай жерінде ғана су қалған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұрын-соңды мұндай жай болмаған. Жем бөгеті 1962 жылы салынып, екі миллион текше метр су жинауға есептелген екен.

  • Ілгергі уақытта бұзылған ол әлі жөнделмепті. Сенатор Сәрсенбай Еңсегенов тікұшақпен Мұғалжар тауынан Каспий теңізіне дейінгі аралықты шолып шығыпты. Парламент мүшесі мамандармен әңгімелескенде, Жемге жоғарыдан қосылатын бұлақтардың аузы бітеліп қалғандығын біледі. Осындай жайды Ақтөбе жағына барғанда, өзіміз де естіп едік. Жергілікті тұрғындар әлдекімдердің бұлақтардың аузын кеңейтемін деп, суын қашырып алғанын айтып еді. Қандай оспадарлық! Дені дұрыс адам табиғатқа себепсіз тиісер ме?

Соның салдарынан таудан жылымшылап ағып, төменде көлемі өсіп, өзенге өздігінен құйылатын бұлақтар тартылып қалған. Орынсыз ұрынғандарға өзінше мінез танытқан-ау. Мұны тілге тиек етіп отырғанымыз – ақтөбеліктер жоғарыдан өзен суын өздері ғана пайдаланып жүргенін жоққа шығару. Рас, бізден гөрі көбірек тұтынатын шығар. Бірақ, кеңірдектен қысып отырған жоқ. Өздеріне де табиғаттың мырзалығынан үміттенуге тура келеді. Ендеше, жылыойлықтар қалай қамданбақ?

Осы орайда өңірде су қоймасын салу мәселесі бұдан бірнеше жыл бұрын көтерілген-ді. Жем ауылдық округінің әкімі Б.Қариев Тасшағыл өзекшесіндегі бөгетке шлюз орнатылғанын айтады. Бұл, әрине, көктемде келетін суды шабындық пен жайылымға бұруға жағдай жасар еді. Бірақ, сол суды қайдан табамыз? Сонау 93-тің тасқынында тікұшақпен Ақмешіттің арғы жағыдағы Жемнің сағасына барғанбыз. Жағаны ұрып жатқан толқынға күдікпен де, үмітпен де қарағанбыз.

Күдігіміз – сол судың елді мекендерді жалмап кетуі. Үмітіміз – түбі осы молшылықты жинап алатын қоймалардың тұрғызылуы. Алғашқысы айдай анық болды. Көктемгі тасқын ауданды асап жібере жаздады. Жұртшылық зардабын әрең жойды. Ал, қойма ақыры салынбады. Рас, мұндай нысанға соған дейін де ұмтылыс жасалған-ды. Бастапқы құрылысы жүргізіле бастаған. Неге екені қайдам, кейін тоқтап қалды. Бәзбіреулер Ақмешітті су басып кетуі ықтималдығын айтса керек.

Шындығында, биікте орналасқан қасиетті орынға қатер жоқ секілді еді. Бірақ, осы болжам басымдыққа ие болды. Бүгінде мұндай қойманың қажеттігі жөнінде мәселе жиі көтерілгенімен, оның орындалуы оңай емес. Уақыт өтіп кеткен тәрізді.

P.S.

Жақында облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтың Жылыойға сапары кезінде жергілікті жұрт бұл күрмеулі проблеманы тағы қозғады. Төрт түлік мал баққан, жер емшегін емген ел қатты қысылып тұр. Келешекте қайтер екен?

Меңдібай ЕЛЕМЕСҰЛЫ

rpopopop

Тағы оқыңыз:

http://atr.kz/bez-rubriki/kim-kezedi-%d2%9barudy-kiikterge/

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button