Жем өзені арнасынан асты
Жылыой ауданында Жем өзенінің су деңгейі 13 сантиметрге көтерілді. Бұл туралы аудан әкімі Жұмабек Қаражанов мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазір Ұлы жем арнасынан су тасып, өзекке келуде.
-Бақашы шлюзі жабық тұр. Дегенмен, арқаны кеңге жаймай, тәулік бойы жұмыс жасаймыз. Бұл істе көпшіліктің қолдауы да қажет. Дүрбелең туғызбай еріктілерден аталған мекен-жайларға көмек көрсетулері сұралады. Бұл жерде де әкімдік қызметкерлері үздіксіз жұмыс атқарып жатыр. Қазір Құлсары қаласына қауіпті деп белгіленген аймаққа «Автодорожник», «Атырау», «8-ауыл», «9-ауыл», «СМП-224» мекен-жайлары жатады, — дейді Ж.Қаражанов.
Аудан басшысы бүгінде «Автодорожник», «Атырау» шағынаудандарында жұмыстар қарқын алғанын атап айтты.
Сондай-ақ өз сөзінде су айдынына жақын орналасқан тұрғындардың қауіпсіздік ережелерін қатаң ұстануы қажеттігін қаперге берді.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА