Жем бойының жағдайы тұрақты
Жылыой ауданында көктемгі су тасқыны кезінде төтенше жағдайлардың алдын алу үшін жедел штаб құрылған. Қазір мұнда тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылуда. Бұл туралы аудан әкімдігінің ресми өкілдері хабарлады.
–Біздің ауданда арнайы техникалармен қауіп төндіреді деген жерлер қосымша нығайтылуда. Бұл жұмыстарға еріктілер де қол ұшын беріп жатыр. Қазір су деңгейі бойынша Бақашы шлюзі – 3 метр, Дүйсеке ата шлюзі – 2,45 см көрсетуде. Штаб мүшелерімен бөгеттерді аралау жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде. Су келу науқанына байланысты ата-аналардан жасөспірім балаларын қараусыз қалдырмауын сұраймыз. Сондай-ақ тұрғындарды әлеуметтік желілерде тараған әртүрлі жалған ақпаратқа сенбеуге шақырамыз. Әкімдіктің ресми ақпарат көздеріне ғана құлақ асқан жөн, — дейді Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова.
Сондай-ақ ол Ақтөбе облысындағы Жем өзені бойында орналасқан Жем, Миялы, Жарқамыс елді мекендерінің әкімдерімен ұдайы байланысып отырғанын, су деңгейінің төмендегенін атап айтты. Десек те Мұғалжар тауында ерімеген мұз бен қардың барын да жеткізді.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА