
«Жел тұрса, жалын көз ілеспей тарайды…»
Атырау облысында табиғаттың тосын мінезінен келетін қауіптің алдын алу үшін жыл сайын көктем шығысымен төтенше жағдай қызметі «Дала өрті», «Өрт», «Жер», «Көктем» атауымен ірі көлемді оқу-жаттығуларды тұрақты өткізеді. Биыл бұл шара «Өрт-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы атауымен жалғасын тапты.

Оқу-жаттығу қала іргесіндегі Дамба ауылындағы «Ақ Жайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында өтті. Мұндағы басты мақсат – қамыс пен құрғақ шөптің тұтануы арқылы туындайтын дала өртінің алдын алу, қауіп төнген сәтте нақты әрі жедел әрекет ететін құрылымдардың үйлесімді жұмысын пысықтау.
–Соңғы жылдары климаттың өзгеруіне байланысты көктем мен жаз мезгілінде өңірімізде ауа райы ыстық әрі құрғақ болып тұр. Әсіресе, өзен бойындағы қамыс құрғаса, тез тұтанатыны белгілі. Ал жел тұрса, жалын көз ілеспей тарайды, — деді оқу-жаттығу барысын бақылаған Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасы бастығының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Нұрлыбек Катапов.

Бұл жолы шартты түрде «524 гектар аумақта өрт шықты» деген сценарийге сәйкес оқу-жаттығу басталып, Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің, «Ақ Жайық» резерватының, полиция департаментінің, медициналық қызмет пен орман шаруашылығы мекемелерінің жеке құрамы іске кірісті. Жалынмен күреске 382 адам мен 94 техника, соның ішінде «Казавиақұтқару» АҚ-ның тікұшағы жұмылдырылып, өрт аз уақытта толықтай сөндірілді.
– Қамыстың өрті ерекше. Бір тұтанса, жел қуалап алып кетеді. От санаулы минуттарда бірнеше гектарды шарпып, адам мен техникаға қауіп төндіреді. Біз осындай жаттығулар арқылы әр қызметтің жауапкершілігін, техниканың жарамдылығын сынаймыз, — деп түсіндірді Нұрлыбек Катапов.
Оның айтуынша, дала мен қамыс өрттері тек қоршаған ортаға ғана емес, жабайы жануарлар мен құстардың тіршілігіне, жеке тұрғын үйлер мен нысандарға, адам өміріне де зор қауіп төндіреді. Сондықтан «сақтықта қорлық жоқ» дегендей, алдын алу – басты міндет.
Жаттығу барысында барлық құрылым өзара үйлесімділікпен әрекет етіп, табиғи апат туындаған жағдайда облыс аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз ете алатынын көрсетті. Бұл – өңірдегі тұрақтылықтың, төтенше жағдайлар саласындағы дайындықтың және елдің амандығы жолында жұмылған жұдырықтай еңбектің айғағы.
Атырауда көктем мен жаз – өрт қаупі жоғары кезең. Осындай сәтте әрбір тұрғын да табиғатты аялауға, от пен жалынға бейқам қарамауға тиіс. Себебі бір шылымның тұқылы, бір сіріңкенің ұшқыны бүтін бір алқапты күлге айналдыруы мүмкін.
«Өрт – тілсіз жау, ал қауіпсіздік – елдің тыныштығы» екенін естен шығармайық!
Майра ЕРҒАЛИ