Жекпе-жек спортынан өткен Әлем чемпионатында қазақстандықтар 8 алтын медальді иеленді (ФОТО)
Қазақстанда алғаш рет Атырауда өткен Жекпе-жектен әлем чемпионатында қазақстандық спортшылар өздерін аралас жауынгерлік өнердің үздіктері екенін дәлелдеді,-деп хабарлайды Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.
Аталмыш шара Қазақстан Республикасының тұңғыш Президент күніне және Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұйымдастырылды. Чемпионатта еліміздің әр түкпірінен жиналған 20 спортшы Қазақстан намысын қорғады. Ал, Атырау облысынан ринг төрінде 3 споршы бақ сынады. Жарыс 10 салмақ дәрежесі бойынша өтті.
«Осындай ауқымды шараның біздің өңірде өтуі біз үшін ерекше құрмет. Чемпионаттың отандық спорт тарихында айрықша орын алатынына сенімдімін. Байрақты бәсекенің басты мақсаты – ұлттық спорт түрін дамытып, жекпе-жек өнерін өз жерімізде ғана емес, бүкіл әлемде насихаттау»,-дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Бекет.
Кездесулер жоғары деңгейде өтті, спорт кешені көрерменге лық толып, жарыс соңына дейін қолдау білдірді.
Чемпионат қорытындысы бойынша 10 алтынның 8-і ұлттық құрамаға бұйырды.
Айқара Ғұмар