ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМНІҢ ЖЕДЕЛДІЛІГІ АРТПАҚ
Бұл жүйені сатып алуға және қондыруға «ЭксонМобил Қазақстан» компаниясы демеушілік көрсеткен.
Аталған бағдарламалық кешеннің бұрын жоқтығы халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің жеткілікті деңгейде болмауына себепші болды. Радио байланыс жүйесінің, медицина қызметкерлерінің және автокөліктердің қозғалысын басқаратын қазіргі заманның талаптарына сай озық жүйенің болмауы жедел жәрдемге мұқтаж жандарға қызмет көрсетуді жақсарта алмай келді. Осы орайда, өткен жылдың маусым айында облыс орталығындағы стансаға жоғарыда аталған жүйе алғаш рет енгізілген болатын. Содан бері шақырту берген науқастың үйіне дереу арада жетіп, диагнозын анықтау, өміріне араша түсу едәуір шапшаңдады.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Меңдіхан Өтепқалиевтің айтуынша, басқарма мен «ЭксонМобил Қазақстан» компаниясы төрт жылдан бері ынтымақтастық орнатып, көптеген игі жұмыстарды бірлесіп атқарып келеді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде соңғы бес жылда облыста бала өлімі 50 пайызға азайса, ана өлімі 83 пайызға төмендеп отыр.
— Жыл сайын ақ халатты абзал жандардың біліктілігін арттыру мақсатында 700-ден астам дәрігер арнайы курстардан өтіп келеді. Ақтөбе, Алматы, Астрахан және Мәскеу қалаларындағы медициналық жоғары оқу орындарының отыз тоғыз студентінің оқу ақысын төлеуді қолға алып отырмыз. Қазіргі таңда оның 11-і оқуын аяқтап, облыстағы емдеу мекемелерінде қызмет атқаруда.
Медициналық қызметті жақсарту нақты қолға алынып келеді. Соның бірі – осы жүйенің енгізілуі. Миокард инфарктіне шалдыққан немесе жол-көлік апатына түскен науқас үшін әр минут қымбат. Сондықтан, бұл жүйенің басты тиімділігі – жедел ем беру, — деді басқарма басшысы.
Медициналық жәрдем бөлімдері қызметінің автоматтандырылуы – облыстың барлық жеті ауданында да жедел жәрдем бригадаларының жұмысын басқару жылдамдығының артуына септігін тигізбекші.
— Денсаулық сақтау саласына қолдау көрсету – компаниямыздың әлеуметтік жобаларының басты бағыттарының бірі. Бұл жоба 2011 жылы облыстың медицина саласының қызметкерлері үшін акушерлік және неонаталдық қызмет бойынша шеберлік сыныптардың өткізілуімен басталған облыстық басқарма мен компаниямыздың арасындағы ынтымақтастықтың жалғасы болып табылады, — дейді «ЭксонМобил» компаниясының қоғаммен байланыс жөніндегі кеңесшісі Гүлнәр Нұғман.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.