Бүлдіршіндер «Отпен ойнама» премьерасын тамашалады

fffe6f00 8995 465b 8c1a c694e85e909f Жаңалықтар

1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры «Отпен ойнама» қойылымын кішкентай көрермендер назарына ұсынды.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығындағы, көп балалы отбасылардың және департамент қызметкерлерінің балаларына қойылымға тегін қатысуды ұйымдастырып, балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Спектакль балаларға бірден ұнады, өйткені мультфильмдердегі балалардың сүйікті кейіпкерлері ертегі тілімен балаларға оттың қауіпті екенін түсіндірді. Балдырғандар жан-жағын отқа орап, тіршілікті жою үшін арам пиғылын жүзеге асырмақшы болған жағымсыз кейіпкерлер – От патшасы мен оның нөкерлері және қоршаған ортаны, орманды қауіптен сақтайтын – Су ханшайымы арасындағы қақтығысты тамашалады. 

Балалар аталған шығарма арқылы өрт қауіпсіздігі ережелері туралы ұғынып, қауіп төнген кезде өздерін қорғай білуге машықтанды, өз өмірі үшін жауапты екенін түсінді. Қойылым балаларға тамаша әсер қалдырды. 

060bba0d 18d6 4128 aa18 07388a220ed6

«Адам өміріне өрттің қауіпті әрі оттың тілсіз жау екенін ұқтырып, өрттен сақтану жолдарын үйрететін тәлімдік қойылым жас ұрпақтың санасына тәрбиелік ой салады деп сенеміз» дейді ТЖД баспасөз хатшысы Айсұлу Келдіғалиева.

Спектальден кейін балалар театр ауласындағы өрт сөндіру автокөліктерімен, судағы құрал-жабдықтармен, гидрокостюм түрлерімен танысып, құтқарушы иттер Гром мен Онайдың кәсіби қабілеттеріне мәз болысты.

Балалар қалалық Төтенше жағдайлар басқармасы қызметкерлерінің сыйлаған тәттілерінен дәм татып, көңілді күн үшін алғыстарын білдірді.

Әр баланың қуанышын, шынайы күлкісін көрген департамент қызметкерлері балаларға бақытты балалық шақ тілеп, әрдайым қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз