Жарнама
ЖаңалықтарМедицина

«Жедел жәрдем» бекеті ашылды

Атырау қаласы бойынша округтерді қосқанда 360 мыңның үстінде тұрғын тіркелген. Оларға екі «жедел жәрдем» бекетіндегі 25 топ алғашқы медициналық көмек көрсетіп келді. Жұмыстың көптігі, шақыртулардың жиілігі ескеріліп, Бірлік селосынан тағы бір «жедел жәрдем»  бекеті ашылды.

i

Ауылдағы бұрынғы дәрігерлік амбулаториялық пункттің ғимаратында  ашылған бекетте үш «жедел жәрдем» көлігімен бес топ қызмет көрсететін болады. Сондай-ақ, Бірлік ауылының тұрғындары бұл мекемеден қан қысымын өлшету, екпе алу секілді алғашқы көмектерді алады. Ауыл тұрғындары үйдің қасындағы мекемеден массаж, стоматологиялық кабинет пен дәріхана ашылса деген тілектерін де жеткізді.

Бекеттің ашылу салтанатына облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиева қатысып, ендігі кезекте арнайы көліктің  тұрғындар шақыртуы бойынша 15 минутта баратынын жеткізді. Сондай-ақ,  Еркінқала ауылы және Авангард ықшамауданынан тағы екі «жедел жәрдем» бекеті мен шалғай ауылдардан сегіз дәрігерлік-амбулаториялық пункт ашылатынын атап айтты.

Атырау қалалық «жедел жәрдем» стансасының бас дәрігері Гүлнафис Таңбаеваның сөзінше, бүгінгі күні Геолог емханасына 18 мың тұрғын тіркелген. Ал, «Сәлімжан және К» дәрігерлік амбулаториясына он мыңға жуық адам қаралады. Әрбір он мың халыққа бір топ алғашқы медициналық көмек көрсетеді деп есептеп, әзірге бес топ жұмысын бастады.

Енді Қарабатан, Контейнер, Жұлдыз ықшамауданы, Бірлік, Геолог, Талғайраң, Қайыршақты, Ақжар, Ақсай ауылдарының тұрғындарының шақыртуына, республикалық жолдың бойында орын алған көлік апаттарына да аталмыш  бекеттің мамандары жұмылдырылады.

Атырау халқына 30 «жедел жәрдем»  тобы қызмет көрсетеді. Келер жылы қолданысқа енетін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне орай бірінші кезекте жедел  көмек тегін болады. Одан кейін санитарлық авиация, алдын алу мақсатында екпе, тегін дәрі-дәрмек, диспансерлік есепте тұрған әлеуметтік науқастарға ақысыз көмек көрсетіледі.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button