Жедел штаб күшейтілген тәртіппен жұмыс жасауда
Көктемгі су тасқынынан келер қауіптің алдын алуда бөгет соғу жұмыстары аяқталғанымен, босаңсып арқаны кеңге салуға болмайды. Бұл туралы Махамбет ауданының әкімі Қайрат Нұрлыбаев жедел штабтың кезекті отырысында атап айтты.
Махамбет ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиында тиісті аумақтарға бекітілген өкілдер аудан орталығы мен ауылдық округтердегі бүгінгі жасалған жұмыстар бойынша есеп берді. Талқыланған мәселелер мен ұсыныстар негізінде әр ауылдық округке сол ауылдан сайланған аудандық мәслихат депутаты, белсенділер, әкімдіктен қосымша жауапты өкілдер тағайындалып, күндіз-түні кезекшілік кестесі бекітілді.
— Жайық өзені суының деңгейі күннен күнге көтеріліп, ауданда су тасқынынан келер қауіп әлі де болса сейілген жоқ. Бөгет соғу жұмыстары аяқталғанымен, қосымша нығайту жұмыстары жүріп жатыр. Босаңсып арқаны кеңге салуымызға мүлдем болмайды. Аудан әкімдігінің қызметкерлері, мәслихат депуттары, ауыл тұрғындары, ерікті белсенділер, бәріңізді күш-жігерлеріңізді ауданымызды тасқын судан аман алып қалу үшін жұмсауға шақырамын, — деді Қ.Нұрлыбаев.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ