ЖАЗУШЫНЫҢ ЖАН СЫРЫ

ЖҰМЕКЕН ЖҮРГЕН ЖОЛМЕНЕН...

...«Айналайын, «ел іші – алтын бесік» деген осы ғой. Тал бесігімде қайта бір тербеткендей болдым-ау...». Жазушы Рахымжан жастайынан алдынан шыққан қандайма тағдыр талқысына да шыдас беріп, айтысқанмен айтысып, тартысқанмен тартысып шар болаттай шыңдалған өзін әмсе қаттымын деп ойлаушы еді. Бұл жолғы мына көрініс көңілдің көк дөненін аспанға атылта тебірентіп-ақ кетті. Көш жерден күтіп алған ауданның атқамінерлері мен зиялы қауымы, көк майсалы көл жағасына тігілген ақбоз үй, ақ дәмін ұсына қарсылаған қазақы ұлттық киімдегі бойжеткендер, іле ән әуелетіп, би дөңгеленткен балғын өнерпаздар... – бәрі-бәрі жан жүрегін елжіретіп, жанарына жас толтырды. Бірақ, қанша дегенмен ойы сұңғыла, толғанысы тоқсан тараулы қаламгер ғой, көз жасын сыртына шығармай өзін тежей білді. Жанындағы жары Сәулеге, ұлы Ермерейге, қыздары Қаракөз, Жансая, Айжамалдарға көрсеткісі келмеді...

«Ішкен-жеген түске жетпес, ықылас-құрмет естен кетпес» деп атам қазақ тауып та, түйіп те айтқан ғой осындайдан. Осы кіндік қаны тамған ауданына, ауылына түрлі себеппен бұрын да ат басын жиі бұрып жүр ғой. Сондай келістің бірінде Құрманғазы ауданының әкімі Амангелді Барақатов:
– Раха, атақ-дабыраңызды алыстан естіп жатамыз. Туындыларыңыз елімізден асып, әлем аралап кетті. Қазақ әдебиетінің классигі Жұмекен ағамыздан кейін Қошалақтан шыққан көрнекті қаламгер деп танимыз сізді. Ендеше, туған ауылыңызға қонақ болып келетін, жерлестеріңіздің ыстық ықыласына бөленетін шақ та келді ғой деймін. Шақырамыз, қошеметпен қарсы аламыз, – деген еді ағынан жарылып. Оны сол сәтте қастарында тұрған құрманғазылық жастардың рухани ұстазы саналатын Өмірзақ Қажымғалиев ақсақал да ықыластана қостаған. «Пәлі, бұл бір өте өрелі ұсыныс болды. Айналайын, Рахымжан, шақыруымызды қабыл алуыңды сұраймыз» деді ол да арқасынан қағып, бауырына басып. Әу бастан жападан жалғыз ой кешуге дағдыланған бұның жаны ырду-дырду, той-дабыраны онша қаламайтын. Алайда, шын ниетпен айтылған мына шақыру көңіл толқынын буырқандыра шайқап өткенін өзі де қапысыз аңғарған. Әсіресе, аудан басшысының қазақтың біртуар ұлы қаламгері Жұмекен ағасын ауызға алғаны аяқ-қолын матап тастағандай еді.
«Қайран, Жұмекен ағам, арман қуып Алматыға алғаш барғанымда алдымен өзіне хабарласып едім. Сонда көктің нұры аямай төгілген жаңбырлы күні екеуміз көптен көз жазып қалған аға мен інідей сағыныса көрісіп едік. Ол мені «айналайын-ай, отыз жылдан кейін Қошалақтан артымнан іздеп келген бауырым-ай…» деп емірене құшағына алған. Сол Жұмекендер туған жерінің осындай құрметін көре алмай кетті ғой. Әттең, жалған дүние-ай. Ең болмаса, сол Жұмекен ағамның аруағы үшін барайын, ол көрмеген қошеметті сол үшін мен көрейін, елдің ыстық пейілінен бас тартқаным болмас…» Сөйтіп, келісімін берген.
Міне, бүгін сол сапардың сәті түскеніне ерекше қуанышты. Отбасын да түгел өзімен бірге алып шыққан. Балаларына өзінің туған ауылын, шыбықты ат қып міне шапқылаған кең жайлау – атамекенін көрсетуді мақсат тұтқан. Оның үстіне, осы сапардың жайын айтып, «елдің құрметін бірге көріп қайтсақ қайтеді?» деген бірауыз сөзін жерге тастамай, Астанаға баратын іссапарын кейінге шегеріп, сонау үш мың шақырымдағы Алматыдан арнайы келген Мереке Құлкенов ағасының тап бүгін қасында болғаны қандай ғанибет! Қазақтың белгілі жазушысы, баспагер Мереке ағасы өмірдегі рухани жан досы, тар жерде ақыл қосатын бауыры, ең бастысы, адамға болсын деп тұратын кеңпейіл азамат екенін осы жолы риясыз көрсетіп отыр. Алты қанат ақбоз үйдің ішіндегі емен-жарқын әңгіме барысында мұны барша жұрт осылай бағалады.
«Туған жердің түтіні де ыстық». Бұл сөзде де терең мән бар. «Сол туған, өскен жерімді көрсінші» деп жанына баяғының нөкерлеріндей етіп белгілі журналист, «Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Төлеген Берішбайды, облыстық ұлттық гимназияның директоры Нұрлыбек Даумовты, рухани жақын інілері Бауыржан Құрасов пен Абат Ғұбайдуллинді және осы жолдардың авторын ертіп келгені де қандай жақсы болды. «Қазақтың қаймағы бұзылмаған атакүлдігі ауыл екенін, оның сол бір дархан да, кеңқолтық қасиетін әлі де сақтап қалғандығын, тұрғындарының да бойында патриоттық рух, философиялық тереңдік жатқандығын бұлардың да көзбен көріп түйсінгендері жөн ғой…» деп ойға шомды бір сәт серіктерінің жүзіне барлай көз жүгірткен Рахаң.
Осы киелі топырақтан бұйра шашы теңіздің асау толқындарындай елес беретін арқалы ақын Әбу Сәрсенбаев, дегдар сыншы Зейнолла Серікқалиев, күллі қазақтың мақтанышы Жұмекен Нәжімеденов сынды біртуар тұлғалар шыққан ғой. Әрине, олардан арғыны да, олардан бергіні де тізбелеп атап отырғанымыз жоқ. Енді, міне, сол Жұмекеннен Рахымжанға дейін ширыға жеткен тамаша желі үзілмепті. Бүгінгі күн жиналғандарды осыған куә етті. Ортаға суырылып шығып жыр толғаған Еркеназ Қалижан Әбу Сәрсенбаев атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы екен. Өрімталдың өлеңдері көркемдік әдіппен өріліп тұр, сөз құнарын пайымдай бастаған.
– Еркеназ, еліңнің еркесі бол, оның көкейіндегі назын қаймықпай айта біл, айналайын. Ақын-жазушы – халықтың сөзін айтушы. Замана шындығын толғайтын, өмір құбылыстарына баға беретін де – солар. Өнерің өрістесін, алысқа шап, қанатым, – деп батасын берді Рахымжан Қасымғалиұлы. «Сөз қадірін түсінетін, ой баққан жас буын өсіп келеді екен артымыздан. Айналайын, арда топырақ, сенен әлі талай тұлғалар өсіп-өнер, еліме қорған болар…» деп іштей тебіренді жазушы.

ХАЛЫҚ ҚОШЕМЕТІ – ҚАЛАМГЕР МЕРЕЙІ

Құрманғазы аудандық мәдениет үйінің фойесінде өзінің барлық кітаптарының самсай сап түзеп, кәдуілгі көрмеге айналғанын көргенде «апырай, азды-көпті еңбегімді тым дабырайтып жіберген жоқ па өзі?!» деп іштей қысылды. Өзінің әмсе қайталай беретін бір сөзі бар еді: «Өз басым бір шығармама нүкте қойсам-ақ, осынымды туған жерімнің оқырмандары қалай қабылдар екен?» деп қылпылдап тұрамын». Имандай шыны сол. Өйткені, осы жерде туды, балалық, бозбалалық шағы өтті. Бұл жердің тұрғындарының алдында өзін баяғы сол қалпында сезінетіні рас. «Тіпті, ауылымның сұңғыла үлкендері «әй, осы не жазыпты, тәйірі» деп жүрмесіне кім кепіл? Халықтың ішінде небір данышпан, ғұламалар жүр ғой, бұл дүниеге кетігін тауып қалана алмай. Ой, дүние-ай десеңші…» деп іштей толғана түскен Рахымжан Қасымғалиұлының әсем безендірілген кең залға кіргенде көңілі одан әрі толқыды.
Сахна төрінен өзінің үлкен де, ойлы суреті «менмұндалап» тұр. Ал, арнайы бейнепроектордан ақ шаршыға төгілген бейнебаянда кітаптарының мұқабалары мен оған жазылған нақты аннотациялар кезекпен сырғи ашылып, шығармашылығынан толайым сыр шертеді. Жазушы үшін бұдан артық нендей құрмет керек?!
Оған қоса, дүркірей соғылған шапалақтан құлақ тұнған сәтте сахнада өзінің бүгінгі өмір тынысынан алынып жазылған «Айна-ғұмыр» драмасының қойылымы басталып жүре бергені. Бір отбасының берекесін кетірген әулеттің әр жаққа тартқан қайшылықты көзқарасы, сыйластықтың азайып бара жатқандығы, дүниеқоңыздық пен сана таяздығы айна-қатесіз көрініс беретін туындыны ауыл актерлері (Киров ауылдық халық театрының ұжымы) құдды кәнігі өнерпаздардың деңгейіне пара-пар етіп қоя білді. «Қаншама талант ел ішінде еленбей жүр? Қаншама жаhұт құм астында аршылмай қалып жатыр?» деп ойлады қойылымның көрерменді ойға қалдырғандай болып шыққанын дуылдаған қошемет-құрметтен айқын аңғарған Рахаң.
Сахна төріне көтерілген Құрманғазы ауданының әкімі Амангелді Барақатов:
– Қадірлі Рахымжан Қасымғалиұлы! Шақыруымызды қабыл алып, туған жеріңізге қош келдіңіз. Біз ауданымыздан өзіңіздей көрнекті жазушы – сөз зергері шыққанын айрықша мақтан етеміз, – деп қазақы дәстүрмен иығына шапан жауып, астына ат мінгізді. Мұндай құрметті «Мақаш» өндірістік кооперативі атынан ауыл ақсақалы Өмірзақ Қажымғалиев пен шаруашылық басшысы Жеңіс Әбілхайыров, Мақаш ауылдық округінің әкімі Кәрім Төкенов те көрсетті. Басқа да сый-сияпаттар жасалып жатты.
Осы сәт жазушы мұның бәрі де жай ғана құрмет-қошеметтің бір көрінісі ғана екенін, одан басқа пенде атаулы қандайма материалдық игілік атаулыдан да жоғары тұруы қажеттігін ойға алды. Бұл өз шығармашылығының түпқазығы, негізгі кредосы десе де болғандай. Әңгімелерінің өзегіне де осы пәлсапаны шым-шымдап өріп-ақ жүр. Мынау жалған дүниенің әр пенденің басынан әйтеуір бір күн өтерін біле тұра, қолдың кірі саналатын мал-мүлікке ашкөздене ұмтылатын тоғышарлар санасына титтей де болса сәуле түсірсем дейді ғой. «Көрген-баққандағы» Әлиман келіншектің сайқалдығы арқылы да осыны айтып еді. Ал, «Американың ұлттық байлығы» әңгімесіндегі мәрт аңшы Қапардың бейнесі арқылы адамдарды тазалыққа шақырған. Осы Қошалақ құмында бар өмірін өткізді делінетін Қапарға да Жетестей суық жүрісті арамзалар тыныштық бермей, тып-тыныш тұрмысының шырқын бұзады. Сол Қапардың әкесі шегір көз ақ-шұнақ шал «даладағы аңды қорасындағы малдай көріп жүріп дәулет те жинамаған» еді ғой. Мынау жемқорлық жайлаған заманда ондай адамдар қайда қазір? Жазушының парызы – қоғамдағы бітеу жараны ащы да болса жалғанның жалпағына шығарып, оқырманына ой салу, одан арғысын кім қалай пайымдайды, қалай ұғады, қандай шешім қабылдайды?.. – бұл олардың өз еншісінде.
Қас-қағымда осылайша ой өріп үлгерген Рахымжан қаламгер тағы да өзіне арналған жүрекжарды лебіздерге құлақ түрді. Жазушы Мереке Құлкеновтің сөзі қаламдас ініге деген іңкәр көңілдің зерделі бағасындай болып, моншақтай тізілді.
– Рахымжан – қазақтың ғажайып жазушысы, – деді ол. – Оның әңгіме, повестерінің қай-қайсысы да оқырманын бейжай қалдырмайды, ойландырады, толғандырады. Өйткені, ол өмірдің құбылыстарын қарапайым жанның көргенінен өзгеше, басқаша көзбен көре алады. Сөйтіп, сол өмірден түйгенін оқырманына өзінше ой түю арқылы қайтадан жеткізеді: Сөзбен сурет салу арқылы! Рахымжанның суреткерлік қуатының өзі осында жатыр. Ол – өзін мойындатқан жазушы. Қаламгер үшін одан артық бақыттың керегі жоқ…
Рас, қайсы істе де, соның ішінде көркем әдебиетте өзіңді мойындату оңай нәрсе емес. Қалам ұстағанның бәрін жазушы деуге болмаса да, әліне қарамай әлек болып сын айтатындар да, бақай есеппен өсек-аяң өрбітетіндер де жыртылып-айырылады. Солардың бәріне тойтарыс беретін – тек қана нағыз өміршең туынды. Кешірімшіл оқырманыңды тамсандыратын да, кекшіл ортаңды мойындатқызатын да – тума талантың мен еселі еңбегің. «Рахымжан Отарбаев – өлген тілді тірілткен жазушы екен» деп жазыпты белгілі қаламгер, жазушы-драматург Дулат Исабеков. Замандас әріптестерінің мойындағаны осы шығар…
«Шер», «Жұлдыздар құлаған жер», «Жайық жыры», «Қараша қаздар қайтқанда», «Дауысыңды естідім», «Отверженный мир» атты прозалық жинақтары және таңдамалы шығармаларының 2 томдығы жарық көрген. Қытайдың «Ұлттар» баспасынан қытай, қазақ тілінде 2 томдығы, Ресейдің «Художественная литература» баспасынан орыс тілінде бір томдығы және қырғыз тілінде кітаптары шыққан. Жекелеген шығармалары түрік, араб, ағылшын тілдерінде басылған. «Бейбарыс сұлтан», «Бас», «Нашақор жайлы новелла», «Нұржауған-ғұмыр», «Сырым батыр», «Мұстафа Шоқай» сынды пьесалары республикалық және шет ел театрларында сахналанған. Тек тәржімаланып таралумен шектелмей, сол шет елдер бірінен кейін бірі өздеріне қонаққа шақырумен жүр. Бірқатарына жол да түсіп, өзге мемлекеттердегі көзқарақты оқырманның да ыстық ықыласын таныды. Бұл да, бәлкім, әлемдік әдеби ортаның мойындай бастағаны шығар…
– Мен аудандық газетте бірге жұмыс жасаған аз уақытта осы Рахымжанға ақыл айтатындай аға болып едім. Міне, ол енді қаншалықты биікке көтеріліп, рухани тұрғыда өсіп, өзіме ақыл айтатындай үлкен тұлға болып келіп отыр, – деді сөзін бірден-ақ ойлы сабақтаған баспасөз ардагері Сәбит Қасымов ақсақал. – Ол әуелден мінезді болатын. Бас редактор біреуді мақтап жазып келуге тапсырма берсе, «жазбаймын, ол мақтауға тұрмайды» деп шорт қайыратын. Сөйтсек, оның жан-дүниесінде о бастан бір бұлқыныс бұғып жатқандай екен. Өйткені, ол сол балаң шағының өзінде өмір құбылыстарына өзінше шыншыл көзқараспен, ойлы пайыммен қарай бастаған екен ғой…
Сәбит ағасының ақ көңілден ақтарылған әңгімесін тыңдай отырып, Рахаң тағы да көңілі босағандай күй кешті. «Айналайын, ағаларым-ай, әкемнің көзін көрген, өзімнің жалаң аяқ, жалбыр шаш, «ақылым аз, арманым көп» шақтарымды көз алдарынан өткізген арқа сүйерлерім ғой бұлар менің! Сөздерін қарасаңшы, түйдек-түйдек, кесек-кесек қой…». Рас, осы Сәбит ағалары сол шақта асқар таудай болып көрінетін көзіне. Бұлардан асқан жазу-сызудың бәрін меңгерген, көпті көрген, көпті түйген ғұлама жоқтай саналатын. Қателеспепті, қайран ағалары елге көшелі сөз айта алатын, ақылшы да, зиялы ақсақалдарға айналыпты. Анау отырған Өмірзақ Қажымғалиев ше? Ол да әкесінің көзін көрген, өзі керемет сыйлайтын, құрметтеуге әбден лайық ел ағасы ғой. Өмекең – шаруашылықтың шебер ұйымдастырушысы ғана емес, бірнеше роман жазған қаламгер, өлке тарихын зерттеуші. Соның бәрі мына талдырмаш бойына сыйып тұрған не деген даламның дарабозы еді!
Бір сәт әсем ән әуеніне елтіп, іштей толғанып кеткен екен, сахнаға бірінен кейін бірі көтерілген түрлі санаттағы оқырмандарының ақ тілектері қайта серпілтті. Құрманғазы аудандық мәслихатының хатшысы Рифхат Сұлтанияев, Еңбекші ауылдық округінің әкімі Қамат Ғаббасов, агроколледж директоры Шайхатолла Жәлелов және басқалар бірінен кейін бірі ыстық лебіздерін білдіріп жатты. Солардың ішінен ұзын бойлы, ашаң жүзді жігіт ағасы көсілте арнау өлеңін оқыды. Бұл – Құрманғазы аудандық «Серпер» газетінің бас редакторы, ақын Таңатар Дәрелов. Сөздері құрыштан құйылғандай шымыр, көрікті ойлары кесек-кесегімен төңкеріледі.
Солай болатын да жөні бар өзі. Өйткені, Рахаңмен бала кезден бірге өскен, аудандық газеттің бетіне таласа-тармаса қатар өлең жариялатқан сыралғы дос қой бұл. «Бәрінен бұрын әкеме арнап «Қасымғали» атты дастан жазғанына не дерсің. Мен ғой әзіз әкеме мықтағанда бір жаңа костюм кигізе алған шығармын, басқа не шапағатым тиді? Тіпті, ауылға айда-жылда бір келгенде «көке, қалайсың?» деп мен, «қарағым, оқуың қалай, қарның ашып жүрген жоқ па?» деп ол, бар сағынышты екі-ақ ауыз сөздің қауызына сыйғызып қана қоятынымызды қайтерсің. Іштегі қайнаған шеріңді сыртқа шығара бермейтін адам табиғаты қызық қой, енді, міне, сол шақты қайта келтіре алмай аңсайсың. Өз басым әлі сол сағыныш сазын көңіл көкжиегінде шертумен ғана келемін. Ал, сен, Таңатар, қарапайым да, қажырлы еңбегімен елінің есінде қалған қайран әкеме өлеңнен ескерткіш соқтың. Сол үшін де саған басымды иіп өтермін, досым…».

 

Әкеге деген сағыныш ертесіне аудан әкімдігі ұйымдастырған мәдени-демалыс шаралары маршрутымен Қасымғали ауылы тұсына тоқтағанда әбден кемерінен асып, төгілгендей еді. Рахаңның көз алдынан осы жерде өткен балалығының небір қызық оқиғалары қайта жаңғырып өте берді.
– Міне, ұлым, қыздарым, мен осы шағын ауылда туып-өстім, – деді жанары кіреукеленген жазушы. – Ол шақта мына жердің бәрі телегей-теңіз су болатын. Сазанды айырмен шаншып алушы едік. Жарықтық әкем алып берген үш дөңгелекті «Урал» мотоциклім болды. Оны жүргізуге дағдыланып кеткенім соншалық, таяқ тастам жерге мотоциклмен баратынмын…
– Қазір сол су тартылған. Оншақты үй ғана қалыпты ғой өзі, – деп сөзге араласты Мереке аға.
– Иә, оныңыз рас, аға. Бұл маңда бір кезде дүрілдеген балық колхоздары болды, жекешелендіру тұсында тұрымтай тұсына тым-тырақай кетті ғой бәрі. Мен кешегі өзіміз болған «Мақаш» өндірістік кооперативін құрып, шаруашылықты шашау шығармай сақтап қалған, жұртты жан-жаққа бостырмай жұмыспен қамтып отырған Өмірзақ Қажымғалиев ағамыздың еңбегін осы тұрғыдан ерекше бағалаймын.
– Әрине, Өмекеңдердікі көрегендік, әрі батылдық та болған ғой. Дегенмен, Рахымжан, Қасымғали көкеміздің атында шағын да болса ауыл бар екен, ел-жұрты кешеден бері ізгі істерін жыр ғып айтып жатыр. Өзіңдей ұрпағы өсті, әке аты алысқа тарауда. Шүкір ғой, шүкір, – деген Мереке аға қаламдас інісіне разы пішінде арқасынан қақты.
… Сафон селосындағы жүздесуде де емен-жарқын әңгіменің тиегі ағытылып, оған тағы да Отарбаев шығармашылығы арқау болды. Мұнда ауылдың абыз ақсақалы, ардагерлер кеңесінің төрағасы Файзолла Жұмақашев, ауылдық округ әкімі Есенбек Сатылғанов, «Каспий таңы» өндірістік кооперативінің төрағасы Бақытжан Теміров және басқалар өздерінің жүрекжарды пікірлерін ортаға салды. Жазушыға бұл жолы да иығына шапан жабылып, астына ат мінгізілді.
– Рахмет, ықылас-ниетке тойдық, – деді Рахаң. – Кешеден бергі елдің қошеметі көңілімді қатты толқытты. Мен азды-көпті көркем шығарма жазып, оны сіздер бағалап, көкке көтеріп жатсаңыздар, бұның барлығы, сайып келгенде, өздеріңіздің арқаларыңыз. Жазушы кімге керек, егер оны оқитын ойлы оқырманы болмаса? Жазушының әңгімесі, повесі, тіпті, том-том романы неге керек, егер содан оқырманы зәредей бір ой түйе алмаса?..
Көптен осылай бір ашылып сөйлемепті. Мәскеуде «Художественная литература» баспасының бас директоры, жазушы Георгий Пряхин, «Юность» журналының бас редакторы Валерий Дударев, «Литературная газета» бас редакторының бірінші орынбасары Леонид Колпаков, Ресей Жазушылар Одағы басқармасының хатшысы, әлемнің 56 еліне тарайтын «Форум» журналының бас редакторы Владимир Муссолитин сынды ірі әдебиет өкілдері кітаптары хақында жүрекжарды пікірлерін төгілтіп айтқан кезде сондай лебіздердің қандастарының аузынан сирек шығатынына іштей таңырқайтын. Өйткені, өзіміздің қалалық жерлерде өтетін түрлі кездесулердің уақыты көбінесе бұның шығармашылығы туралы сылдыр баяндамалардан ауыспайды да, соңында өзіне сөз берген болады. Ал, мына дархан даланың данагөй жұртымен жүздесудің жөні бөлек екен. Көкейіне осыны мықтап түйді. Бәлкім, бұл өзінің де осы далада дүниеге келіп, осы даланың еркіндігін бойына сіңіргендігінен болар. Жұмекен ағасы сияқты, өзінің де кейіпкерлері негізінен ауылдың қарапайым тұрғындары болып келетіні де содан шығар-ау. Жұмекеннің «Ақ шағылдағы» Сейсіметі қандай болса, бұның «Американың ұлттық байлығындағы» Қапары да дәл сондай аңқау, жан-дүниесі сондай таза жан ғой. Қайран даламның өзіне тән демократиясы, ата-баба дәстүрі мен салты, бәрінен бұрын адалдығы жойылмағай!..
Өзі талай жүзіп өткен Қиғашына кемемен серуен құрған кешқұрым сәтте де, арнайы тігілген ақшаңқан киіз үйден ақ сазаннан ауыз тигенде де жазушыны туған жерге деген бөлекше мақтаныш сезімі мамыражай әсерге бөлей берді. Оның да өзіндік себебі жоқ емес-ті. Құрманғазы ауданының топырағын осы жолы ілкі аттағанда-ақ жағасына ақбоз үй тігілген көлдің «Жаңа» деген уақытша атауын «Рахымжан көлі» деп ауыстыруға ұсыныс жасалып, ол сол жерде көпшіліктен қолдау тапқан. Елдің айрықша ықыласы деген осы да!
Енді, міне, кемемен серуен үстінде Қиғаш өзені бойындағы бір арал Рахымжан Отарбаевтың әріптес ағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазақтың белгілі жазушысы, «Өлке» баспасының директоры Мереке Құлкеновтің есімімен аталатын болып бәтуа жасалды. «Мереке аралы» неше түрлі зәулім тал-терекке толы ерекше демалыс орны екені көрер көзге бірден-ақ аңғарылып тұрды.
– Міне, сүйікті қаламгерлеріне деген елдің құрметі осындай. Сіздер халық үшін өміршең де, ойлы туындылар беріп ерен еңбек етсеңіздер, елдің де өздеріңнен аяйтын ештеңесі жоқ, – деді ел ағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Өмірзақ Қажымғалиев.
Барша жұрттың көкейіндегі түйінді сөз де осы еді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Жазушы және оқырман. Бұл екі ұғым әлімсақтан бірге айтылады. Небір аузымен құс тістеген дүлдүл қаламгерлердің де әділ бағасын халық берген. Біз де бұл жолғы сапарымызда көрнекті жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық ғылымдар академиясының академигі, «Ақ Жайық kz» журналының бас редакторы Рахымжан Отарбаевты туған атакүлдігі қалайша құрмет тұтатындығына риясыз куә болып қайттық. Шамамыз жеткенінше қаламгердің жүрек толқынысын да тап басып тануға тырыстық. Ең бастысы, «жазушының жан сыры қалың оқырманының зердесіне жетсе, екі арадағы алтын жіппен әдіптелгендей тығыз байланыс нығая түссе» деп тіледік.

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ,
ҚР Мәдениет қайраткері,
Қазақстанның Құрметті журналисі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз