ЖАЗУШЫНЫҢ ЖАҢА ЖЕҢІСІ

Рахымжан Отарбаевтың

«Нарком Жүргенов» пьесасы республикалық бәйгеде 1-ші орын алды!

 

Есімі алты алашқа әйгілі жазушы, Шыңғыс Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер Рахымжан Отарбаевтың шығармашылығы алыс-жақын шетелге де жақсы таныс.

Міне, күні кеше тағы бір ақжолтай қуаныштың ақжарма хабары жетті. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Қазақстан Республикасы Жазушылар Одағы ұйымдастырған және Eurazian Resourses Groop(ERG) демеушілік еткен республикалық бәйгеде драматургия номинациясы бойынша Рахымжан Қасымғалиұлының «Нарком Жүргенов» пьесасы 1-орынды жеңіп алды!

«Нарком Жүргенов» туындысы көрнекті мемлекет қайраткері, Қазақстанда және Түркістанда Кеңес үкіметін орнатуға атсалысқан Темірбек Жүргеновке арналған. Ол 43 жасында Өзбек, Тәжік, Қазақ ССР-інің халық комиссары болған. Сонымен қатар, қазақтың халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, жазып алған, оның ішінде сол кездегі қазақ ақындарының жырлары да бар.  Сөйтіп, ақындардың дастандары мен өлеңдерінен «Терме» деген жинақ құрастырған. Халық әртісі Күләш Байсейітова, композиторлар Ахмет Жұбанов пен Евгений Брусиловский өздерінің мақалалары мен естеліктерінде Жүргеновтің халық арасындағы абыройы мен даңқы туралы, Қазақстанның сол кездегі зиялы қауымының оны қалай құрметтегені жайлы жазған. Қазіргі таңда оның есімі қазақтың талантты жастарын тәрбиелеп отырған Қазақтың Ұлттық өнер академиясына берілгені де қайраткердің қоғамдық мәртебесін айқын аңғартқандай.

Қаламгердің «Нарком Жүргенов» пьесасын жазудағы мақсаты – қазақ топырағынан шыққан даңқты ұлдың  есімін  ел есінде мәңгілікке қалдыру. Рахымжан Отарбаевтың бұл дүниесі аталмыш бәйгенің қазылар алқасы тарапынан өте жоғары баға алған. Сөйтіп, жерлесіміз бірінші орынды еншілепті. Бұл жеңіс – қаламгердің ғана  қуанышы емес, бүкіл Ақ Жайықтың бойын ен жайлаған Атырау жұртының да қуанышы! Табыс пен сәттілік жалғасын таба беруіне шын жүректен тілеулеспіз.

«Атырау-Ақпарат» ЖШС және облыстық

«Атырау» газеті редакциясының

ұжымдары мен қалың оқырман қауым.

Құрметті Рахымжан Қасымғалиұлы!

Қазақтың көрнекті қаламгері, Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты Рахымжан Отарбаевтың шығармашылығын оқырман қауым әлдеқашан мойындаған. Ол – талай додаларда маңдайына шаң жұқтырмаған шандоз. Жерлесіміз Қазақ хандығының 550 жылдығы құрметіне жарияланған республикалық бәйгеде драматургия саласы бойынша «Нарком Жүргенов» пьесасымен қатысып, 1-ші орынды жеңіп алды. Жеңіс жалғаса бергей, қадірлі қаламгер!

Мәдениет, мұрағаттаржәне

құжаттама басқармасы,

Махамбет атындағы қазақ

драма театрының ұжымы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз