Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Жазушы Қ.Мұханбетқалиевтің 4 томдық шығармалар жинағының тұсауы кесілді (ФОТО)

Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияда Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Қажығали Мұханбетқалиевтің төрт кітабының тұсаукесері өтті.

ЕАС 407

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Mereke baspasy» — «Мерекенің баспалар үйі» ЖШС шығарған төрт томдыққа қаламгердің әңгіме-повестері, сыни мақалалары мен аудармалары және «Тар кезең» романы еніпті.

Мемлекеттік сыйлыққа ие болған «Тар кезең» романына жазушы ширек ғасыр өмірін арнаған екен. Ұлттық архивте, Орынбордағы және Ресейдің өзге архивтерінде сарылып отырып, болашақ романына тарихи нұсқа болатын құнды құжаттар тапқаны рас. Сол қолға түскен жәдігерлерді сараптай отырып, ой елегінен өткізді, көркем дүниені өмірге әкелді. Академик Зейнолла Қабдолов айтқандай: «Жазушыға ұшқыр қиял мен көркем ой» керек екенін де сол шақта жүрегімен түйсінді. Иә, еңбегі зая кетпеді. Туған елінің басына түскен сол бір тауқыметті заманның зарын айтып, көкіректерге тас боп байланған шер-шеменін қағаз бетіне түсірген жазушының «Тар кезеңі» Елбасы тарапынан да үлкен қолдауға ие болды.

Шығарма тақырыбы — Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс болса, идеясы — жас ұрпақты отаншылдыққа баулу. Өз елін, туған жерін қастерлеп, қорғай білуге, ұлттық құндылықтарды, салт-сананы сақтауға шақыру.

Романның экспозициясы, яғни, оқиғаның басталуы — Орынбор генерал-губернаторы қызметіне Игельстромның тағайындалуы. Осы тұста жазушы патшалық Ресейдің басқыншылық саясатын көрсетеді. Ресей боданындағы елдерді тек қарудың күшімен ғана емес, алдап-арбап тұзаққа түсіру керектігін алдына мақсат етіп қойған патша ағзам шенеуніктері қызметінің миссионерлік сипатын ашық баяндайды.

ЕАС 317

Романда казак-орыстардың қазақ ауылдарын аяусыз шапқыншылыққа ұшыратуы, басқыншылардың зорлық-зомбылығынан қан жылаған елдің көз жасын құрғатып, елге азаттық алып беру мақсатымен атқа қонған Сырым Датұлының бейнесін жан-жақты жарқырата ашқан. Бұрын әдеби айналысқа түспеген ысықтан шыққан Қаратау би, кетенің Көккөз биі, тама Қадыр мен Садыр, сұлтансиық Масқар Дөнен, алаша Өтеулі би туралы да кеңінен суреттеледі.

Шара шымылдығы Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Сағындық Дүйсенғалиұлының сөзімен ашылды: «Қадірлі оқырмандар! Құрметті Қажеке! Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында үлкен жұмыстар жүріп жатыр. Біздің облыста да рухани құндылықтарды дәріптеу мақсатында үлкен істер атқарылуда. Қажығали аға! Бүгінгі тұсаукесердің сәтті өтуіне тілеулеспін»,-деді.

Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау филиалының директоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Махамбет, Халықаралық «Алаш» әдеби, Түркі дүниесіне сіңірген еңбегі үшін Халықаралық Мақтымқұлы атындағы сыйлықтардың лауреаты Қойшығұл Жылқышиев, «Қажығали Мұханбетқалиевтің «Тар кезең» романындағы Сырым бейнесі» тақырыбында оқырмандар үшін әсерлі баяндама жасады.

ЕАС 237

Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты, қазақтың көрнекті жазушысы Мереке Құлкенов те қаламгер ағасы туралы жылы лебізін білдірді: «Бүгін, шынында, біздің қатысуымызбен қазақ әдебиетінің үлкен мерекесі өтіп жатыр. Жазушы Қажығали Мұханбетқалиевтің төрт томдық таңдамалы шығармалар жинағының тұсауы кесілуде. Жақында ғана бұл жазушының шығармашылық кеші өткен еді. Тұсаукесер мен шығармашылық кешті бөлек өткізген өте дұрыс. «Мереке баспалар үйі» баспасынан жарық көрген аталған жинақ «Мемлекеттік сыйлық лауреаттары» деген арнайы сериямен шығуда.

Біздің баспадан әуелі Темірхан Медетбектің таңдамалы шығармалар жинағы шықса, бүгін соны Қажығали Мұханбетқалиев жалғастырып отыр. Алда Хамза Есенжановтың алты томдық шығармалар жинағын шығаруды жоспарлап отырмыз.

ЕАС 334

ЕАС 136

Қажығали Мұханбетқалиев өте білімдар жазушы. Көп ізденеді, ол кісі жазған танымдық мақалалар, публицистикалық туындылар, аудармалардың да жұртшылыққа берері мол. Әлемдік жауһарларды аударған. Гей де Мопассанды, Мериме, Фонвизин, Моэмдерді қазақша сөйлеткен. Мопассанды оқып отырғанда, оның француз екенін ешкім аңғармайды. Қазақша жатық та көркем аударған. Аталған жазушылардың суреттері де осы кітапта берілген. Бұл біздің қазақ полиграфиясының өскенін аңғартады. Кітаптар өте құнды. Оқырманнан өз бағасын алатыны анық.

Бұндай шығармалардың тұсаукесері болғанда туындыдан үзінді оқылуы тиіс. Шетелде осы үрдіс жолға қойылған. Бұл әдіс жастарды кітап оқуға тартатыны даусыз. Өздері қызыққан үзінділер арқылы сол жазушының кітабын тауып алып оқуға жол ашады. Осыны ұмытпаған дұрыс.»

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Қажығали Мұханбетқалиевтің төрт томдық таңдамалы шығармалар жинағының тұсаукесер рәсімі туындыгердің, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының иегері, көрнекті жазушы Мереке Құлкеновтің, ақын, публицист Мырзан Кенжебайдың қатысуымен жасалды.

Тұсаукесердің соңында қаламгер Қажығали Мұханбетқалиев оқырмандарға, шараны өткізушілерге өз атынан алғыс білдірді.

Кештің қорытындысында облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтің атынан сахнаға «Ықылас» гүлі әкелінді.

ЕАС 221

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button