Жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың Қырғыз еліндегі театр фестивалі апта бойы аншлагпен өтті
Қошемет құшағындағы толғаныс
…Қаламгер терең ойға шомып, көңілі ерекше алабұртты. Әсіресе, өзге ел, басқа жұртқа сапарласа-ақ ылғи да осылай күй кешетіні бар. Өз туған топырағыңда қай кезде де еркін жүріп, еркін тұрасың, өйткені, қандай дана болсаң да, баладай еркелейсің. Ал, шет ел асқанда анау танымайтын жұрт өзіңді алақанға салып аялап, тікесінен тік тұрып қошемет көрсетіп жатқанда өрелі сөз, салиқалы әңгіме айту қажет. Оларға жәй ғана жазушы-драматург болып көрінбейсің, тұтас қазақтың – алты Алашыңның деңгейін танытуың хақ. Оның үстіне, мына қырғыз бауырлардың жөні тіптен бөлек. Ғұмырының ең бір бұла шағында осы Бішкекте тұрып, адамзаттың Айтматовы атанған ұлы жазушы Шыңғыс ағасымен етене дос, ағалы-інілі болып кеткен қайран жастықтың жамалы да, заманы да басқа еді ғой. Онда бәрі жарасымды, ештеңеден қысылу деген жоқ, қайта өрекпіген көңілдің көк дөнені аспанға атылып тұратын. Ал, қазір елдің алдында шығармашылық есеп беру, өзіңе табына қараған жұртқа тағылымды ой айта білуің керек. Өйткені, бүгінде өркениетке ұмтылған қайсы жұрт та өрелі лебіз өретін көкірегі қазына тұлғаларды аңсайды.
Міне, күллі қазағы мойындап, Атырауда екі дүркін халықаралық дәрежеде театр фестивалі өтіп үлгерген көрнекті жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев ұшақ үстінде де, қырғызға шекара асқанда да қасындағы тілектес жандардан ішкі толғанысын барынша бүге ұстауға тырысты. Сауалдарға сараң ғана жауап беріп, өткенді оймен шолып, ертеңгі болар маңызды шараға алаңдай берген. Өйткені, бұл екі елдің ежелден іргесі ажырамаған бауырластығын тағы бір белеске көтеретін тарихи оқиға еді. Қазақтың Жұмат Шанин, Мұхтар Әуезов сынды ұлыларының ізін жалғайтын мұндай фестиваль, соның ішінде бір ғана драматургтің туындыларын бүкіл қырғыз театрлары сахналайтын осындай ауқымды өнер шарасы бұрын- соңды өтіп пе еді?!
Әйтсе де, қаламгер қаншама тұңғиық ойға батып, толғаныста отырса да, жанындағы сапарластары да оның жанын терең сезініп еді. Ойлағандарындай-ақ, Қырғыздың Т.Абдумомунов атындағы ұлттық академиялық драма театрының алдында өткен Қазақстан делегациясын қарсылау салтанатынан басталған фестиваль екі күн бойы ерекше өрлеу үстінде өткенін көз көрді. Фестивальге қырғыз елінің 9 театры қатысып, Рахымжан Отарбаевтың 12 шығармасын сахналады. Ош, Ыстықкөл, Шу, Қошкөл және барлық облыстық театрлар түгел осында. Тіпті, қойылымдар Жастар мемлекеттік және Қырғыз ұлттық театрларында қатар сахналануының өзі неге тұрады десеңізші!
…Пай-пай, шіркін, баяғының бекзадаларындай әсем айшықталған күймемен аялай алып жүрген қырғыз бауырлардың Рахымжан Отарбаев дегенде көңілдері алабөтен екен. Ақындар жырдан шашу шашса, Қырғызстанның мәдениет министрі Түгелбай Қазақовтан бастап небір сөз сүлейлері ыстық ықыластарын арнады.
– Жалпы, Рахымжан Қасымғалиұлы драматург тұрғысында Қырғыз елінде қалыптасты деуге толық негіз бар, — деді Қырғызстан театр қайраткерлері Одағының президенті Жаныш Құлмамбетов. – Оның тұңғыш пьесасы – «Әбутәліп әпендіні» өткен ғасырдың 90-жылдарында осы академиялық театрымызда атақты режиссеріміз Ескендір Рысқұлов қойған болатын. Содан бері бізде оның оннан астам драмасы қойылды. Бұл – театр өнері қоғамдық академиясының академигі, халықаралық Ш.Айтматов атындағы сыйлықтың лауреаты Рахымжан Отарбаевтың драматургиядағы ерекше жетістігі.
Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі Пұсырман Одрақбаевтың сөзіне жүгінсек те, Рахымжан драматургтің есімі бұл елде өте құрметпен аталады екен. Жиырма екі жылдан бері оның пьесалары қырғыз сахнасынан түспей келеді. Тек қана осы фестивальдің өзінде қазақ сахнасына әлі шығып үлгермеген алты спектаклі қойылғанының өзі – осының айқын айғағы.
Бес жүз мәрте толғандырған «Тағдыр»
Бұл фестивальде бір спектакльді әр театр әртүрлі деңгейде, әртүрлі ракурста қойып жатты. Мұның да өзіндік себебі бар. Өйткені, бір кейіпкерді әр актер өзінше сомдайды. Образ жасау үшін актердің қиялы көп әсер етеді ғой. Драматургті түсіну оның жазғанын түрлендіре отырып, айтарын тап сондай етіп жеткізе білу осыдан келіп шығады. Бұл жолы, ең алдымен, Қырғыз Жастар мемлекеттік театры «Айнағұмыр» пьесасын қойса, ыстықкөлдіктер «Тағдыр» туындысын сахналады. Кезекті қойылымнан кейінгі басқосуда Қырғызстан театр қайраткерлері Одағының президенті Жаныш Құлмамбетов:
– Рахаңның осы «Тағдыр» пьесасы бізде 500 рет қойылғанын білесіздер ме?-деп айрықша іңкәрлікпен тебіренді.
Содан әңгіме ауаны жаңа ғана көрерменін мұңға батырған, ойға шомдырған «Тағдырға» ауды. Онда нашақорлар тобына қосылған Жалқытай деген жігіттің тағдыры баяндалады екен. Есірткіге еліткен ол үшін әке-шешесінің де, сүйген жары Тоғжанның да, перзентінің де құны көк тиын. «Қарғайын десе жалғызы, қарғамайын десе жалмауызы» болған жалғыз ұлдың қасіретімен күйреген ата-ана өмірден өтеді. Әйелі жесір, баласы жетім, өзі темір торда жапа шегеді.
Кесімді жазасы бітіп, бостандыққа шыққан оның өкініштен өзегі өртенеді. Тоғжанмен кездеседі. Бақыт есімді баласының бар екенін біледі. «Әкем өлген» деп өскен ол әкесін танымайды. «Маған да тастан ескерткіш қойдыңдар ма?» деген монологпен спектакль аяқталады. Ғасыр дертінен аса шеберлікпен қоғамдық проблема етіп ой түйген автордың шешімін сахнаға өзіндей деңгейде алып шығу оңай емес. Соны бес жүз мәрте қойып, жас ұрпақты теріс жолдан сақтандыру қандай ғажап!
Жалпы, Рахымжан Отарбаевтың әдемі де, бай тілін, ұшқыр қиялын, астарлап жеткізетін шеберлігін таба білу де режиссер мен актерлерден ерекше дарындылықты талап етеді. Міне, «Актриса» қойы-лымы осы талаптан көрінді. Жұртшылықты ерекше тәнті еткен Т.Абдумомунов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театрының жанынан құрылған студияның жастары жалпы адамзаттық үлкен проблеманы көтере білуімен құнды. Олар бір театрдың ішіндегі оқиғаны көрсете отырып, екі елдегі келеңсіздіктерді керемет астарлы күлкіге ұластырды. Әр актер өз кейіпкерінің образын сәтті сомдады. Байыптап қарасаңыз, жеңіл жүріске, байлыққа, оңай олжаға, атақ-даңққа ұмтылатын адамдардың түрлі құйтырқы әрекеті, олардың талас-тартысы жеңіл дүние сияқты көрінгенмен, астарлы әжуамен көмке-рілген. Өмірде осының бәрі де бары рас. Бұл тек театрдың ішінде ғана емес қой. «Өмірдің өзі – театр. Бәріміз – соның актеріміз» деген Шекспирді осы жерде тағы да бір еріксіз еске аламыз.
– Мына «Актриса» атты пьесамның тұсауын қырғыздар кесіп отыр. Осы туындыны кезінде алғаш рет белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай оқып, риза болған еді. Алайда, «әй, бауырым-ай, мұны неге жаздың, мұндайды қою қиынға түседі ғой» деді. Шынында да, ащы әжуаны, сарказмды қоғамның түсіне тұрса да, қабылдауы қиын, Әшекеңнің осыны айтқаны ғой, — деді Рахаңның өзі бұл қойылым туралы ағынан жарыла.
Бір қуаныштысы, «Қошалақтағы оқиға», «Айнағұмыр» қойылымдары да сәтті шықты. Тілдік айырмашылықтардың бәрі де актерлердің қимыл-қозғалысы, түр-әлпеті арқылы берер мазмұнды кәдімгідей түсінікті етті. Хас өнердің құдіреті деген осы!
Айтматовтың ақ батасы
…«Атабейіт» қорымында мәңгіге тыныстап жатқан Шыңғыс Айтматовтың басына нөкерлерімен барып дұға еткен драматург тағы да өткенге ой жүгіртті. «Драматургияға батасын берген қайран Шыңғыс аға да бұл дүниеде жоқ. Қай жылы еді, әлгі «Абай соты» пьесасы қойылатыны…» Иә-иә, 1995 жыл еді ғой…
1994 жылы Т.Абдумомунов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театрында алғаш рет Халықаралық Айтматов театры ашылды. Ал, келесі жылы оның ашылуына «Жәмила» пьесасы дайындалып жатты. Шыңғыс аға ол кезде елшілікте қызмет істейтін, Брюссельде тұрады. Сонау Бельгиядан телефон шалып:
– Театрды қандай қойылыммен ашасыңдар?-деп сұрапты.
– «Жәмиламен»…
– «Жәмила» жиырма бес жылдан бері қойылып келе жатыр ғой, басқа не бар?
– Қазақ драматургі Рахымжан Отарбаевтың «Абай соты» деген пьесасы…
– О-о, биыл Абайдың 150 жылдық мерейтойы ғой, «Жәмиланы» тоқтатыңдар, «Абай сотымен» ашыңдар. Мен өзім келіп қатысамын.
Сөйтіп, сөз тәмәм. Театр «Абай сотымен» ашылды. Сонда ғой Шыңғыс ағасының бұны бауырына қысып тұрып, ақ батасын беретіні!..
Қазір ойлап отырса, қырғыздың небір аузымен құс тістеген дүлдүлдері Ескендір Рысқұлов, Советбек Жұмаділов сынды режиссерлердің рухтары өзін әлі де желеп-жебеп жүргендей сезінетіні рас.
…Жалпы, осы қасиетті жол қалай басталып еді? Бар ғұмырын ауылдың қым-қуыт тірлігімен бейнет арқалап өткізген қайран әкесі Қасымғали жалбыр шаш қара баласы осындай қияндарға самғайды деп ойлады ма екен? Әлде…
Өзі дүниеге келген киелі топырақтан бұйра шашы теңіздің асау толқындарындай елес беретін арқалы ақын Әбу Сәрсенбаев, дегдар сыншы Зейнолла Серікқалиев, күллі қазақтың мақтанышы Жұмекен Нәжімеденов сынды біртуар тұлғалар шыққан ғой. Әрине, олардан арғыны да, олардан бергіні де тізбелеп атап отырғанымыз жоқ. Енді, міне, сол Жұмекеннен Рахымжанға дейін ширыға жеткен тамаша желі үзілмегені дәтке қуат. Көңіл шіркін осы сәт тағы өрекпіді. «Қайран, Жұмекен ағам, арман қуып Алматыға алғаш барғанымда алдымен өзіне хабарласып едім. Сонда көктің нұры аямай төгілген жаңбырлы күні екеу-міз көптен көз жазып қалған аға мен інідей сағыныса көрісіп едік. Ол мені «айналайын-ай, отыз жылдан кейін Қошалақтан артымнан іздеп келген бауырым-ай…» деп емірене құшағына алған. Сол Жұмекендер мына жалған дүниеде не көрді? Арманын қаламынан іздеген інісінің мынадай құрметке бөленгенін көрсе не дер еді?..»
Алматыдан арнайы келген Мереке ағасының тап бүгін қасында болғаны қандай ғанибет! Қазақтың белгілі жазушысы, баспагер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мереке Құлкенов өмірдегі рухани жан досы, тар жерде ақыл қосатын бауыры, ең бастысы, адамға болсын деп тұратын кеңпейіл азамат екенін әркез риясыз көрсетіп келеді. Аузы дуалы, сөзі салиқалы ол бұл жолы да қырғыз ағайындар алдында іңкәр көңілдің зерделі бағасын моншақтай тізді.
– Рахымжан – қазақтың ғажайып жазушысы, — деді Мереке Құлкенов. – Оның әңгіме, повестерінің, пьесаларының қай-қайсысы да оқырманын бейжай қалдырмайды, ойландырады, толғандырады. Өйткені, ол өмірдің құбылыстарын қарапайым жанның көргенінен өзгеше, басқаша көзбен көре алады. Сөйтіп, сол өмірден түйгенін оқырманына өзінше ой түю арқылы қайтадан жеткізеді: Сөзбен сурет салу арқылы! Рахымжанның суреткерлік қуатының өзі де осында жатыр. Ол – өзін мойындатқан жазушы. Қаламгер үшін одан артық бақыттың керегі жоқ…
Рас, қайсы істе де, соның ішінде көркем әдебиетте өзіңді мойындату оңай нәрсе емес. Кешірімшіл оқырманыңды тамсандыратын да, кекшіл ортаңды мойындатқызатын да – тума талантың мен еселі еңбегің. «Рахымжан Отарбаев – өлген тілді тірілткен жазушы екен» деп тамсаныпты белгілі қаламгер, жазушы-драматург Дулат Исабеков.
«Шер», «Жұлдыздар құлаған жер», «Жайық жыры», «Қараша қаздар қайт-қанда», «Дауысыңды естідім», «Отверженный мир» атты прозалық жинақтары және таңдамалы шығармаларының 2 томдығы жарық көрген. Қытайдың «Ұлттар» баспасынан қытай, қазақ тілінде 2 томдығы, Ресейдің «Художественная литература» баспасынан орыс тілінде бір томдығы және қырғыз тілінде кітаптары шыққан. Жекелеген шығармалары түрік, араб, ағылшын тілдерінде басылған. «Бейбарыс сұлтан», «Бас», «Нашақор жайлы новелла», «Нұржауған-ғұмыр», «Сырым батыр», «Мұстафа Шоқай» сынды пьесалары республикалық және шет ел театрларында сахналанды.
Жазушы кредосы бәрінен де қымбат!
Бес күнге созылған өнер фестивалінде бас жүлдеге «Актриса» пьесасын сахналаған (режиссері – Еркін Егембердиев) Т.Абдумомунов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театрының жанынан құрылған студияның жастары лайықты деп табылды. Сондай-ақ, Ош облысының «Бабыр» өзбек театры, Ыстықкөл облыстық, «Қосқұр» музыкалық драма театрлары да жүлдеден құр қалмады. Ең мықты «Дебют» номинациясы бойынша «Моно Лиза» спектакліндегі Барыс роліндегі Қ.Ақтанұлы танылса, Махмуд Рахмат (Ең үздік еркек ролі), Айтолқын Османова (Ең үздік әйел ролі) да жүлдегер атанды. Басқа да арнайы сый-сияпаттар аз болмады.
Ал, дара автор Рахымжан Отарбаевқа көрсетілген ықылас-пейілдің жөні бөлек. Өйткені, мұндай фестиваль бұдан 29 жыл бұрын Шыңғыс Айтматовтың құрметіне ғана өткізілген екен. Қырғыздың зиялы қауымы қазақ жазушысын мемлекеттік наградаға ұсыну туралы бастама көтеріп, бауырлас елдің Мәдениет министрлігі шапан жауып, ат мінгізді.
Осы сәт жазушы мұның бәрі де жай ғана құрмет-қошеметтің бір көрінісі ғана екенін, одан басқа пенде атаулы қандайма материалдық игілік атаулыдан да жоғары тұруы қажеттігін ойға алды. Бұл өз шығармашылығының түп қазығы, негізгі кредосы десе де болғандай. Әңгімелерінің өзегіне де осы пәлсапаны шым-шымдап өріп-ақ жүр. Мынау жалған дүниенің әр пенденің басынан әйтеуір бір күн өтерін біле тұра, қолдың кірі саналатын мал-мүлікке ашкөздене ұмтылатын тоғышарлардың санасына титтей де болса сәуле түсірсем дейді ғой. «Көрген-баққан» шығармасындағы Әлиман келіншектің сайқалдығы арқылы да осыны айтып еді. Ал, «Американың ұлттық байлығы» әңгімесіндегі мәрт аңшы Қапардың бейнесі арқылы адамдарды тазалыққа шақырған. Осы Қошалақ құмында бар өмірін өткізді делінетін Қапарға да Жетестей суық жүрісті арамзалар тыныштық бермей, тып-тыныш тұрмысының шырқын бұзады. Сол Қапардың әкесі шегір көз ақ-шұнақ шал «даладағы аңды қорасындағы малдай көріп жүріп дәулет те жинамаған» еді ғой. Мынау жемқорлық жайлаған заманда ондай адамдар қайда қазір? Жазушының парызы қоғамдағы бітеу жараны ащы да болса жалғанның жалпағына шығарып, оқырманына ой салу, одан арғысын кім қалай пайымдайды, қалай ұғады, қандай шешім қабылдайды – бұл олардың өз еншісінде.
P.S. Бір жолғы басқосуда Рахымжан Отарбаев: «Мына қайшыласқан дүниені ғаламтор жайлап алған заманда көңілінің кірі бар адам қолына қалам ұстап, алдына ақ қағаз жаюға болмайды. Өйткені, ақ қағаздың бетіне көңілдің кірін төгеді. Онысы елге жұғады. Мен әлім келгенше, ақыл-парасатым жеткенше сол ақ қағаздың бетіне сәулелі ойларымды төккім келеді» деп еді. Біз санаға сәуле шашқан Қырғыз еліне сапардан рухани байып қайттық. Бұл жолғы театр фестивалінің басты ерекшелігі сол – автор біреу. Бірақ, бір автордың қолынан шыққан, әртүрлі характер мен мінезді, образды, алуан реңді бояуларды, заман бейнесін көрдік. Бұл – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Рахымжан Отарбаевтың өзіндік дара қолтаңбасының ғана емес, ұлттық әдебиет пен өнердің әлемдік аренада мойындалуының да шынайы көрінісі.
Еркін ЖУАСБЕК, өнертану ғылымының кандидаты, театр режиссері:
– Жалпы, «фестиваль» деген сөзді тікелей аударғанда «мереке» деген ұғымды білдіреді. Р.Отарбаевтың қырғыз жерінде 20 жыл бұрын басталған драматург ретіндегі жолын түйіндеп, бірнеше театрды шақырып, пьесаларын қою бұл да мереке емес пе? Ең бастысы, түрлі театрлардың, актерлердің, театр саласындағы мамандардың бас қосып, бір-бірінің шеберліктерін байқау, пікір, тәжірибе алмасуы үлкен олжа болды.
Қырғыз ағайындар басқа елдің жазушысын өз елдеріне шақырып, арнайы фестиваль өткізуді бірінші рет қолға алып отырған көрінеді. Р.Отарбаев өз пьесасын қырғыздың әр театрына ұсынып, «мынаны сахналаңдаршы» деп айтпағанына көзім анық жетеді. Жақсы шығармаға қырғыз театрларының өзі көңіл аударып отыр.
Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ,
ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі
Атырау – Алматы – Бішкек – Алматы – Атырау.