
Жазғы демалыс қалай ұйымдастырылады?
Жаз жайнап, күн күлдіріп көптен күткен демалыс та келді. Осыған байланысты Атырауда балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын тиімді өткізуін және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыруға арналған облыстық семинар-кеңес өтті. Оған білім беру мекемелері мен лагерь жетекшілері, сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау, полиция, төтенше жағдайлар және дін істері саласының мамандары қатысты.

Жиынды облыстық білім беру басқармасының бөлім басшысы Дулат Хамзин ашты. Ол жазғы демалыс кезеңінің балалар үшін маңыздылығына тоқталып, бұл уақыт тек тынығу емес, тұлғалық даму мен тәрбиеге үлес қосатынын атап өтті.
–Жаз – балалардың бойындағы шығармашылық пен әлеуетті ашатын ерекше кезең. Біз осы уақытта қауіпсіз, мазмұнды әрі тартымды орта қалыптастыруға бар күшімізді салуымыз керек, — деді Дулат Болатбекұлы.
Семинар барысында өткен жылғы тәжірибелер сараланып, биылғы маусымға қойылатын талаптар пысықталды. Мамандар лагерьлердегі санитариялық тазалық, өрт және су қауіпсіздігі, құқықбұзушылықтың алдын алу, дін саласындағы қауіптер сынды өзекті мәселелерге де кеңінен тоқталды.
Биылғы жазда балаларға арналған сауықтыру шараларын жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысқан бірқатар педагогтер Білім беру басқармасының Алғыс хаттарымен марапатталды. Олардың қатарында Қызылқоға ауданындағы Х.Досмұхамедұлы мектебінің әлеуметтік педагогі Жанна Идрисова, Атырау қаласындағы «Көктем» қазақ орта мектебінің директоры Наурызбек Таңатаров және тағы басқа аудандардан келген білікті мамандар бар.

Тәжірибелік бөлімде ұстаздар өздерінің озық жобаларын ортаға салып, жазғы лагерьлерде қолдануға тиімді әдіс-тәсілдермен бөлісті. Мәселен, Индер ауданынан келген қосымша білім беру ұйымының әдіскері Күлаш Қаби балалардың экологиялық сауатын арттыруға бағытталған авторлық бағдарламасымен таныстырса, Құрманғазы ауданынан келген ұстаз Айдана Сәрсенғалиева балалардың шығармашылық қабілетін дамытатын «Жазғы театр» жобасын ұсынды. Мұндай жобалар өзгелерге де тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік берді.
Семинар-кеңес соңында ұйымдастырушылар алдағы маусымға сәттілік тілеп, әр бала жаздың әр күнін ұмытылмас естелікке айналдыруы тиіс екенін ерекше атап өтті.
Майра ЕРҒАЛИ