Жазасын өтегенге жанашыр кім?
Кеше облыстық әкім-дікте «Пробация туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне пробация мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдардың жобасын талқылаған «дөңгелек үстел» өтті. Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев төрағалық еткен жиында, сонымен қатар, бұрын сотталғандарды жұмысқа орналастыру, тиісті орындарда тіркеу мәселелері де қозғалды.
Атырау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басшысы Мірболат Күпісовтің баяндауынша, пробация қызметінде көптеген өзгеріс бар. Бұрын құрылым шартты сынақ мерзіміне сотталғандарға ғана әлеуметтік-құқықтық көмек көрсететін. Бүгінде оның қатары жаңа топтармен толығып отыр, енді темір тордан шыққандарға да ерекше назар аударылуда.
— Еліміздің қылмыстық заңнамаларын әлемдік тәжірибеге жақындату үшін сотқа дейінгі және пенитенциарлық пробация енгізу қажет болды. Соған байланысты жоғарыда аталған заңдардың жобалары әзірленді, — деді департамент басшысы.
Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев жазасын өтеп келгендердің қоғамнан өз орнын табуына, аяқтан тұрып кетуіне көпшілік болып үлес қосу қажеттігіне маңыз берді.
— Әңгіменің түйіні, өмірде қате басып, сүрінген жандардың өз ортасын табуында, осылайша мемлекеттің саналы азаматы болып қалыптасуында болып тұр. Сондықтан, оларды қайта дайындау, оқыту, үшін кәсіпкерлік тұрғыда көмектесу қажет, — деді Әлібек Ибатоллаұлы.
Жазасын өтегендер пробация қызметінде тіркелгенімен, жұмыспен қамту орнына баруға асықпайды екен. Болашақта осы олқылықтың орнын толтыру үшін заң жобасына тиісті ұсыныстар берілетін болды.
Азамат
базарбаев