Жауапкершілік жүктеген үндеу
Atr.kz/20 наурыз, 2019 жыл. «Елбасының өкілеттігін тоқтату жөніндегі Үндеуі – бір күндік емес, әбден ойланып, сараланып қабылданған шешім. Мүмкін, оның мағынасын біз әзірше ұғына алмаспыз, бірақ, бара-бара түсінетін боламыз» дейді облыстық мәслихаттың депутаты Сайын ҚУАНЫШЕВ.
– Мемлекет басшысының мәлімдемесін тыңдаған сәтте толқу үстінде болдым. Тұңғыш Президент болып сайланғанына шексіз қуанған сәтім әлі күнге есімде. Сондықтан, өкілеттігін тоқтату туралы шешімі мен үшін күтпеген жайт болды. Бірақ, әбден ойланып, толғанып, қабылданғанын анық білемін. Бір жағынан осындай шешімімен бізге үлкен серпін бергендей. Өз сөзін әр қазақстандыққа қаратып айтып, Тәуелсіздікті жоғалтып алмауымызды тапсырды. Сол себепті, алдағы күннен бастап әр азамат бұл жауапкершілікті сезініп, өмірлерін жаңа арнаға бұрады деп ойлаймын.
Мен де егемен елде өмір сүрген бақытты ұрпақтың өкілімін. Кеңес заманында жоғары білім алып, ел Тәуелсіздігін аңсап, асыға күттік. Тәуелсіздік орнағаннан кейін де елдің аяққа тұрып, қандай қиыншылықты өткергенін, ондағы тұңғыш Президентіміздің еңбегін, әр реформаның жүзеге асуын көріп, жас мемлекетіміздің дамуына мен аз да болса өз үлесімді қостым. Біз үшін Нұрсұлтан Назарбаевтың орны бөлек. Әсіресе, егемен елдің жаңа астанасы ретінде Сарыарқа төсіндегі Ақмоланы таңдап, оның қайтадан бой көтеруіне ерен еңбек сіңіргенін замандастарым жақсы біледі. Жиырма жыл ішінде су жаңа астана салып, халықаралық кездесулер өтетін алып орталыққа айналдырды.
Қазақстанның тұңғыш Президентінің идеясымен іргесі қаланған жаңа елорда қысқа мерзім ішінде жалпыұлттық идея мәртебесіне ие болып, жас мемлекеттің егемендігінің символы мен жаhандық табысына, әр қазақстандықтың мақтанышына айналды. Сондықтан, Республика Президенті өкілеттігін уақытша атқаруға кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаевтың астанамызға Нұрсұлтан есімін беру туралы ұсынысын бірауыздан қолдаймын. Мұнайлы шаһарымыздың орталық көшесін тұңғыш Президент есіміммен атағанымыз да жөн. Өйткені, Қазақстан қандай жетістікке жетсе, оның құзар шыңында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі жатыр. Ал, оны кейінгі ұрпақ естен шығармай, құрметтей білуі қажет.