ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮГІ ЖЕҢІЛДЕМЕСІН!..
Шуға кім кінәлі?
«Қиыншылықтар болды. Бұл жерден тек жауапсыздықты көруге болады. «Жасөспірімдердің жас ерекшелігіне байланысты болған жағдай» деген жауапты өзіңнен бастап еститін болсақ, дәрігерлерден не сұраймыз? Біреу көз жұмса не істейміз?» деген өңір басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Меңдіхан Өтепқалиевке екпе мәселесінде тиянақтылық, сергектік керектігін қадап айтты. Сессияда облыстың бас дәрігері негізінен «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының орындалу деңгейі туралы баяндаған еді. Жетістіктер де, «әттеген-ай» дейтін тұстар да бар екен. Мәселен, ана өлімі 75 пайызға, бала өлімі 12 пайызға төмендеген.
Жалпы, өлім көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 124,6-дан 95,7-ге азайған. Демографиялық ахуалда өсу байқалады. Бірақ, туберкулез ауруы бойынша Атырау республикада көш бастап тұр. «Туберкулездің тарауына көбіне жергілікті халықтың әлеуметтік, тұрмыстық жағдайларының төмендігі себеп болып отыр. Жұмыста жоқ адамдар мен жасөспірімдер арасында ауру қатты асқынғандығы байқалады. Студенттер үй жалдап тұрады. Жалдамалы үйлердің ахуалы қандай екені белгілі» деген облыстың бас дәрігері Меңдіхан Өтепқалиев жағдайды ушықтырмау үшін студенттерді жатақханамен толықтай қамтуды ұсынды.
Медицина саласының шешілмей тұрған проблемаларға тұнып тұрғаны белгілі. Соның бірі – «жедел жәрдемнің» науқастарға уақытында жетпеуі. Облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов осы мәселенің себебін сұрады. Баяндамашы Меңдіхан Өтепқалиев мәселенің себебін дәрігерлердің және көліктің жетіспеуімен түсіндірді. «Облыс бойынша 170 дәрігер жетіспейді. Жедел жәрдемге 10 маман қажет» деген бас дәрігерге облыс басшысы мәслихат алдына осы мәселені қоюды тапсырды. «Қажет болса, дәрігерлерге қызметтік пәтер берейік. Транспортты да алып береміз» деді облыс әкімі.
Туберкулез асқынып барады
Портал мәселесінің халық арасында бірнеше жылдан бері наразылық тудырып келе жатқаны белгілі. Осы жайға тоқталған облыстың бас дәрігері Меңдіхан Өтепқалиев Денсаулық сақтау министрлігінің емдеу, ауруханаға жатқызу мерзімін қайта қарап жатқандығын, жуық арада өзгерістер болатынын айтты. Мәселеге ой қосқан облыстық мәслихат депутаты Сайын Қуанышев медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесінің шешілмей келе жатқанына тоқталды. «Ең алдымен, медицина қызметкерлеріне деген халықтың сенімін арттыру керек. Кейбір мәселелерді БАҚ-қа жиі шығып, түсіндіріп отыру да маңызды. Кадр мәселесіне, сапасына қатты көңіл бөлу қажет» деді ол.
Облыстық мәслихат депутаты Әлия Бекқожиева туберкулездің алдын алу мәселесінің маңыздылығына тоқталды. «Атырау қалалық №1 емханаға қарамағымдағы 110 қызметкерді флюрографиялық тексеруден ақылы түрде өткізуді сұрап хат жазған едім. Олар келушілердің мекен-жай бойынша қаралатынын айтып, келісім бермеді» деген депутат бюрократиялық кедергілерді жою керектігін айтты. Сондай-ақ, ол өкпесінде ақауы бар балалар интернатының мәселесін көтерді. Депутаттың айтуынша, интернатта оқушылар 9-шы сыныпқа дейін ғана білім алады екен. Ал, 10-11 сынып балалары қайда барады? Сонымен бірге, облыстық аурухананың реанимация бөліміне дәрігерлер жетіспейтінін айтқан депутат Әлия Бекқожиева медицина мамандарының жалақысын көтеруді ұсынды.
Сессияда облыстық экология департаментінің жұмысы да тыңдалды. Департамент басшысы Ербол Қуановтың айтуынша, жекелеген мұнай компанияларының арасында улы газды алауда жақпай, атмосфераға «тірілей» жіберу фактілері кездесуде. «Мәселен, бұл фактілер «Ембімұнайгаз» компаниясына қарасты «Оңтүстік Шығыс Новобогат», «Шығыс Жаңаталап», «Шығыс Мақат» кен орындарында орын алды. Сондықтан, қолданыстағы заңға өзгерістер енгізілуі қажет» дейді Ербол Қуанов.
Балабақша әлі де тапшы
Бас эколог Ербол Қуанов Атмосфералық ауаны қорғау республикалық ғылыми-зерттеу орталығымен бірлесіп зерттеу жұмыстарының жүргізілгенін айтты. Зерттеу тұтас қалаға жағымсыз иістің жайылуына Атырау мұнай өңдеу зауытының, «КазТрансОйл», «КаспийПромСтройНедвижимость» және «Ақжайық 7» серіктестіктерінің себеп болып отырғандығын көрсеткен. Жалпы, соңғы үш жылда қоршаған ортаға 82 миллиард теңге көлемінде залал келтірілген екен. Мәселеге араласқан облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов 280 миллион текше метр газдың ауада жану фактісін сынға алды. «Бұл 280 мың тонна мұнай текке өртелді деген сөз. Ілеспе газды ауада жақпау жөнінде арнайы заң да бар. Ол неге орындалмайды?» деген облыс басшысы мұнай мекемелеріне газ генераторларын пайдалануды міндеттеді.
Асылында мұнай компаниялары жер қойнауын игеріп, ауаны ластаумен ғана емес, көгалдандырумен де айналысуға міндетті. Бірақ, әлдеқашан ну орманға айналуы тиіс Атыраудың көгалдануда жолы болмай-ақ қойды. Осы мәселеге тоқталған облыс басшысы тал екпес бұрын, суландыру жүйесін тиянақты түрде ойластыруды міндеттеді.
Жырға айналған балабақша мәселесі сессияның бұл отырысында да айтылмай қалмады. Облыстық білім беру басқармасының басшысы Берікқали Сәрсенғалиев балалардың балабақшамен қамтылу деңгейінің 56 пайыз екендігін айтты. Бүгінде он мыңдай бүлдіршін балабақша кезегін күтіп жүр. Осы орайда облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов жекеменшік балабақшаларға мемлекеттік тапсырыс беруді міндеттеді.
Сессия барысында белгілі болған тағы бір жаңалық, мәслихат депутаттары мұнайшы, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Болат Өтебаевқа «Атырау облысының Құрметті азаматы» атағын беруді ұйғарды. Сондай-ақ, «Құлсары» газетінің бас редакторы Әбдіхалық Сисенбердиевті облыстың Құрмет грамотасымен марапаттау туралы шешім қабылданды.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.