ЗАҢ АЛДЫНДА БӘРІМІЗ ДЕ БІРДЕЙМІЗ

Облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаевтың төрағалығымен әлеуметтік әріптестік пен еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үш  жақты комиссияның кезекті отырысы өтті.

Онда алдымен «Ұйымдарда Қазақстан Республикасы Еңбек кодексі талаптарының сақталуы туралы» мәселе қаралды. Бұл жайында Атырау облысы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Салауат Ишай баяндады.

2015 жылдың он айында басқарма тарапынан жүргізілген тексеру жұмыстарының (негізінен білім беру мекемелері қамтылған) барысында көптеген ұйымдарда еліміздің Еңбек кодексі талаптарының бұзылуына жол берілгендігін мәлімдеген баяндамашы оған нақты мысалдарды да келтірді. Осы тұрғыда бірқатар білім беру мекемелерінде орын алған кемшіліктерге толығырақ тоқталды. Мәселен, Атырау аграрлы-техникалық колледжі қызметкерлерінің атынан жазылған ұжымдық арызға байланысты жүргізілген жоспардан тыс тексерулердің нәтижесінде осында жұмыс жасайтын кейбір қызметкерлердің кезекті еңбек демалысына шыққанда төленетін ақысының тиісті мерзімінен біраз кешіктіріліп берілгендігіне, басқа да еңбек заңнамасы талаптарының бұзылғандығына көз жеткізілген. Анықталған фактілерді жою жөнінде жұмыс берушіге нұсқама жазылған. Кінәлі деп танылған жауапты тұлғалар мен лауазым иелері әкімшілік жауапкершілікке шақырылып, айыппұл санкциясы қолданылған.

Сол сияқты, Атырау мұнай және газ колледжінде жұмыс берушінің тарапынан өрескел кемшілікке жол берілгендігін білдік. Аталған оқу орнында қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелеріне қатысты алдын ала оқытудан, нұсқамадан өтпестен,  сондай-ақ білім деңгейі тексерілместен жұмысқа жіберілгендігі анықталған. Мұның сыртында, күнделікті толтырып отырылатын нұсқаулық журналындағы мәліметтердің уақытылы өңделмейтіндігі, жаңартылмайтындығы, яғни талапқа сай рәсімделмейтіндігі айтылды.

Ал, Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің басшылығы еңбек демалысындағы қызметкерлерді заңсыз (олардың жазбаша түрдегі келісімінсіз) жұмысқа кері шақыртқан. Оның үстіне, осындағы техникалық қызметкерлерге еңбек демалысы ақысы мезгілімен төленбеген. Және бір мәлім болғаны, Т.Амандосов атындағы орта мектепте жыл басында екі  жақты жасалған еңбек шартында тараптардың деректемелері, соның ішінде: жұмыс берушінің бизнес сәйкестік нөмірі, мемлекеттік тіркеуден өткендігін анықтайтын ақпарат, қызметкердің нақты еңбекақы көлемі, тараптардың құқықтары мен міндеттері, өзге де керекті деректер толық көрсетілмеген. Осындай кемшіліктер жалпы білім беретін №33, А.Құнанбаев, Ю.Гагарин, Ф.Досымова атындағы орта мектептерде де қайталанған. Олардың бірінде жұмыс беруші мен қызметкерлер арасындағы еңбек шарттарының мазмұны толық қамтылмаса, екіншісінде кіріспе нұсқама бағдарламасы рәсімделмеген. Енді бірінде еңбек демалысының ақысы қызметкерлерге олар қайтадан жұмысына кіріскеннен кейін ғана аударылған. Бұлардың бәріне де облыстық еңбек инспекциясы басқармасының мамандары тексеру кезінде жіті назар аударып, орын алған олқылықтар мен заң бұзушылық фактілерін қалпына келтіруге нұсқау беріп, әкімшілік шаралардың қолданылуына себепші болған.

Тұтастай алғанда, есепті мерзімде 63 тексеру жүргізіліп, 124 құқық  бұзушылық дерегінің (оның 103-і  еңбек қатынастары, 12-сі еңбек қорғау және 42-сі жұмыспен қамту мәселелерімен байланысты) анықталғандығы хабарланды.

Атырау қалалық әлеуметтік әріптестік пен еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі комиссияның жұмыстары туралы оның төрайымы, қала әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкірованың хабарламасы тыңдалды.

Комиссия отырысында өзге де өзекті мәселелер қаралып, сәйкесті шешімдер қабылданды.

Дәулетқали  АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз