ЖАТТЫҒУ – ШЫҢДАЛУ СЫНАҒЫ

бұл республикалық командалық-штабтық дайындық барысында айқын көрінді

Апат айтып келмейді. Оған арнаулы құрылымдар әр кез дайын тұруы керек. Соңғы жылдары еліміздің барлық дерлік аймақтарында қыс қаталдығымен ерекшеленіп жүр. Тіпті, кейбір өңірде төтенше жағдай жариялауға тура келді. Үкімет басшысы жылу беру науқанына тыңғылықты даярланбаған жергілікті атқарушы билік басшыларына қызметінен босатуға дейінгі шаралар алынатындығын ашық айтты.
Міне, өңірде осындай оқыс оқиғаларды барынша болдырмау, ал орын алған жағдайда зардабын жедел жойып, құтқару шараларын ұтымды ұйымдастыруға бағытталған республикалық командалық-штабтық жаттығу өтті. Бұл ретте алдын алу жұмыстарын жүйелі жүргізу, түрлі құрылымдардың қызметін ұтымды ұйымдастыру, материалдық-техникалық қорларды қалыптастыру, тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз ету, т.б. міндеттерді шешу маңызды.

Жаттығудың бірінші күні орталық штабтың кеңесі өтіп, онда қысқы жағдайда құтқару шараларын қалай ұйымдастыру қажеттігі пысықталды. Келесі күні қала сыртында сап түзеген арнайы техника мен арнаулы құрамды облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев аралап көрді. Оны жаттығу барысымен облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшысының міндетін атқарушы Қабылбек Қыстаубаев таныстырды.
Жалпы, турасын айтқанда, қарашаның қара суығына қарамай, ертемен жиналған құраманың мамандарына көз сүйсінерлік. Сапта тұрған қуатты техникалар да кез келген сәтте кезек күттірмейтін көмекке келуге дайын. Анау дөңгелегінің өзі адам бойынан биік көлік ілгергі жылдары қар астында қалған талай машинаны сүйреп шығарып, ондаған адамның өміріне араша түскен. «АтырауСуАрнасы», «КазТрансГазАймақ», «Атырау жылу жүйелері», т.б. коммуналдық қызмет көрсетуші кәсіпорындардың көліктері де мамандарымен осында. «Жедел жәрдем» де дәрігерлік көмек көрсетуге даяр. Өзге құрылымдар да осы жерден табылыпты. Қысқасы, бәрі де сақадай сай. «Жаттығуда қиын болса, ұрыста жеңіл болады» деген қағиданы басшылыққа алып, команда күтіп тұр.
Сонымен, жаттығу үш көріністі қамтыды. Алдымен, шартты түрде қала тұрғынынан «Атырау жылу желілері» акционерлік қоғамының құбырында апат болғаны хабарланды. Диспетчер бұл жөнінде дерек алысымен дабыл қағып, тиісті құрылымдарды аяғынан тік тұрғызды. Оқиға орнына жедел жеткен мамандар апатты қысқа мерзімде жойып, құбырдың қатып қалмауы мен ыстық судың далаға жайылмауын қамтамасыз етті.
Мирный елді мекенінде шартты түрде болған оқиға да кез келген сәтте орын алуы ықтимал. Мұнда, жергілікті тұрғынның хабарлауынша, «АтырауСуАрнасы» коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорнының желісінде апат болған. Оған жедел сегіз адам аттанды.
Олар жағдаймен жете танысып, алдымен оқиға орнын өзгелер зардап шекпеуі үшін қоршап тастады. Содан кейін экскаватормен қазып, диаметрі 110 миллиметрлік пластикалық тұрбаның жарылған жерін анықтады. Оны қалпына келтірген соң тексеруден өткізіп, қатарға қосты.
Ал, «Алмагүл» ықшамауданындағы көп қабатты үйлердің бірінде шартты түрде шыққан өрт – тура мағынасында қатерге толы оқыс оқиға. Мұнда алтыншы қабаттағы пәтерде газ баллоны жарылып, оның соңы жалынға ұласқан. Дабыл түскен бойда Атырау қаласының өрт сөндіру гарнизонының жиырма шақты жауынгері жедел жетті. Тез шарасын алмаса, өрттің жоғары қабаттарға тарау қаупі туындады. Оның үстіне, пәтерде адам барлығы да анықталды. Міне, осы қатердің бәрі өрт сөндірушілердің жедел қимылы нәтижесінде тез залалсыздандырылды. Жалынның жайылуына да жол берілмеді, тұрғындардың өмірі де сақталды.
Осы жаттығу кезінде апаттық медицина орталығының жұмысы таныстырылды. Бұл – төтенше жағдайлар қызметіндегі жағымды жаңалық. Орталық басшысы Мейіржан Әлжановтың айтуынша, жылжымалы реанимобиль – бүгінгі күннің басты жетістігі. Ол Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің тапсырысымен қазақстандық «Астана Моторс» зауытында құрастырылған. Атырауға соның екеуі жеткізіліпті. Мұнда оқыс оқиғадан зардап шеккендерге алғашқы дәрігерлік көмек көрсетуге бағытталған барлық жағдай жасалған. Ең бастысы, спутниктік телефон – тұрақты да сенімді байланыс тетігі. Онымен күні-түні кез келген жермен хабарласуға болады.
Біз осы жаттығу барысында облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшысының орынбасары Марат Құрмановпен тілдескен едік.
– Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің, – деді ол, – жоспарлы кестесіне сәйкес өңірде өткізіліп жатқан командалық-штабтық жаттығудың маңызы зор. Бұл қатал қыс жағдайында барлық салалас құрылымдардың бірлесіп және жедел қимылдауына жол ашады. Ал, олардың сын сағатта сауатты әрекет жасауы – осындай кең көлемді жаттығулардың нәтижесі.
… Сонымен, Астанадан дабыл командасымен түскен белгіге байланысты дер уақытында басталған жаттығу мәреге жетті. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент қызметкерлері өзге тиісті құрылымдармен бірге шартты түрде алынған жауын-шашын, көктайғақ және қатты жел секілді ауа райының қолайсыз жағдайында оқыс оқиғаларды ауыздықтауда сауаттылық танытты.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.
Суреттерді түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз