Жат ағымнан 54 адам бас тартты
Сирия соғысы басталғалы бері Атырау өңірінен 54 адам «отты нүктеге» шығып кеткен. Бір қызығы, соғыс даласына өз еркімен аттанғандардың денін әйелдер құрап отыр. Мәселен, аталған 54 адамның 33-і – әйелдер, 21-і – ерлер. «Соның ішінде отбасымен үдере көшіп кеткендердің саны – 14. Қазіргі таңда бір ғана біздің аймақ бойынша 67 бала соғыс даласында жүр» деп мәлімдеді Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиев жергілікті Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде.
Тіркеуде – 3200 псевдосалафилер
Көпшілігі Ресей, Түркия арқылы Сирия асқандардың қазіргі таңдағы тағдыры белгісіз күйінде қалып отыр. Айта кетерлік тағы бір жайт, бүгінгі таңда радикалды-экстремистік сипаттағы ағымдардың жетегінде кеткен азаматтардың Атырау облысы бойынша тіркелгендерінің саны 3200-ді құраған. Айталық, 2015 жылы тіркеуге алынған бұл санаттағылардың саны 1800-ді құраса, 2016 жылы олардың саны 2000-нан асқан. Бірақ, осы жерде спикер «тіркеуге алынды» және «көбейді» деген сөздердің арасын ажырата білуді сұрады. «Ақпараттық-талдау орталығында арнайы база бар. Ол база болмаса, біз бұл бағыттағы жұмысқа мониторинг жасай алмаймыз. Аталған цифрлар жат ағымдағылар санының өсіп жатқанын білдірмейді. Бұл – тіркеуге алынып жатқан азаматтар. Яғни, бұл – басқарманың құзырлы органдармен бірлесе отырып, атқарған жұмысының нәтижесі» деп нақтылады спикер.
Жат ағымнан 54 адам бас тартты
Белгілі болғанындай, қазіргі таңда басқарма оңалту жұмыстарын айрықша назарда ұстап отыр. Бүгінде басқармаға қарасты теолог-мамандар «терроризм» бабымен сотталған 37 адаммен күнделікті кездесіп, жұмыс жүргізуде. Насихаттық жұмыстан бөлек, құқық бұзбаған, бірақ, жат ағымның идеологиясын қабылдағандармен де арада байланыс орнаған. «Ондай азаматтарды негізінен «Шапағат» және «Ақпараттық-талдау» орталықтарына туыстары алып келеді. Ол азаматтармен теологтар, білікті мамандар сұхбат құрады. Айталық, қазір абақтыда отырғандар алдымен Дарын Мубаровты тыңдады. «Кейін Саид Бурятскийдің уағызына көшті. Одан әрі Октам Зәуірбеков пен Назратулланы тыңдап, шатысып жүрген кезде қылмысқа барды» деп нақты мысалдар келтіреміз. Салафизм, уахабизм ағымдарының негізгі қателіктерін көрсетеміз. Бастысы, біз ол азаматтарға салыстыру мүмкіндігін береміз. Осындай жұмыстар нәтижесінде өткен жылы 54 адам жат ағымнан бас тартып, дәстүрлі Әбу Ханифа мәзһабына оралды» деп атап өтті басқарма басшысы Қайролла Көшқалиев.
Негізгі жаңалық ретінде өткен жылы Дін істері басқармасына қарасты «Ақпараттық-талдау орталығы» бөлімшелерінің жеті ауданда ашылғанын атап өтуге болады. Тұрғындардың саны мен жұмыс күрделілігіне байланысты ол құрылымдарға 18 маман бөлініп отыр. Экстремистік идеологиямен күрес интернет кеңістігінде де жіті жүруде. Мәселен, есептік кезеңде дін атын жамылған экстремистік мазмұндағы 281 сайт пен аккаунт анықталыпты.
Тақырыпқа тұздық
Мектеп қабырғасында оқытылып жатқан «Дінтану негіздері» факультативті сабағы бойынша дәріс беруге теолог мамандарды тартудың мүмкіндіктері қандай? Баспасөз конференциясында біздің тарапымыздан қойылған осы сауалға спикер «діни бағытта диплом алған жастарды барлық мемлекеттік ведомстволарға жұмысқа орналастыру керек» деп жауап берді. «Еліміздегі Нұр-Мүбәрак университетін жыл сайын көптеген маман аяқтап шығады. Бірақ, олардың барлығы бірдей дін саласына бара бермейді. Неге? Себебі, барлығына бірдей жұмыс тауып беру мүмкін емес. Сондықтан, біздер түзету мекемелеріне міндетті түрде теолог-офицер керек деген бастаманы көтеріп отырмыз. Дінтану мамандарын қаншама мектептерге, оқу орындарына алуға болады. Қорғаныс министрлігіне де теолог-офицерлерді тарту мәселесі өткір тұр. Қазіргі таңда діни білімді жастарымыз шетелдерде аудармашы, автосалондарда менеджер болып қызмет етуге мәжбүр» деді ол.
Баян АТАЙМАНҚЫЗЫ.
Қазақстан Республикасының дін саласындағы саясатын жетілдіру мақсатында, Парламентте қаралып жатқан заң жобасында 12 нормативтік заңнамалық актіге 53 өзгеріс пен толықтыру енгізу көзделіп отыр. Заң биыл қараша айында түпкілікті қабылданады деп күтілуде.