Жасыл шырша жанында…
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында «Велесстрой» компаниясы мерекелік іс-шара ұйымдастырып, «Шаңырақ» отбасылық үлгідегі балалар ауылында, кәмелетке толмаған балаларды бейімдеу орталығында және №3 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында тәрбиеленіп жатқан 100 балаға шаттық сыйлады. Думанды шырша тойына білім беру басқармасының басшысы Гүлнар Сәдуақасова, Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов шырша тойына қатысып, балалардың қуанышына ортақ болды.
– Қайырымдылық ісшараларын, оның ішінде ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларға қатысты шаралар өткізу біздің компанияның жақсы дәстүрлерінің бірі. Биыл корпоративтік іс-шараның орнына қайырымдылық ертеңгілігін өткізуді ұйғардық, — деген «Велесстрой» ЖШС бас директорының орынбасары Марко Босич бүлдіршіндерге қысқы күртемен тәтті сыйлықтарын табыс етті.
Түрлі жануарлар мен жаңа жылдың символы Аяз ата, Қарша қыз да бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Балалар қызылды-жасылды шамдары жарқылдаған, әдемі безендірілген алып шыршаның маңына топтасып, айнала ән салды, әуен ырғағына тербеле биледі. Аяз ата мен Ақшақарға өз өнерлерін көрсетті. Жаңажылдық қойылымда сүйікті ертегі кейіпкерлері бүлдіршіндермен бірге түрлі ойындарды ойнады. Көңілді кеш, үздік қойылым балалар көңілін серпілтті. Тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматы бақытты болуға лайықты екенін дәлелдей түсті.
Думанды мереке қарсаңында ерекше қуанышқа кенелген «Шаңырақ» отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушісі Икрам Ардақтың үлкендерге алғысы шексіз. Соларға қарап, бой түзеуді армандайды.
Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ