Жарнама
Жаңалықтар

«ЖАСЫЛ БЕЛДЕУДІҢ» ЖАЙЫ ҚАЛАЙ?

Елбасы 2011 жылы қоршаған ортаны көгалдандырудың денсаулыққа аса қажет екендігін баса айтып, барлық аймақтарды көгалдандыруды қолға алу жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай Атырауда да қызу жұмыстар басталып кетті. Жергілікті билік  2011-2020 жылдарға есептелген «Көгалдандыру» бағдарламасын қабылдады.

Аталған бағдарламаны жүзеге асырып, көрсетілген мерзімде аяқтау үшін «Жасыл Даму» экологиялық қоры мен «Атыраузеленстрой» ЖШС құрылды. Деректер бойынша сол кезде Атырау қаласының шеңбері мен «жасыл белдеу» үшін 1,1 мың гектардан астам қала аумағы бөлініп, барлық құжаттар рәсімделеді. Бұл игі бастамаға қаладағы ірі мұнай компаниялары біркісідей атсалысатын болып келісті. Тіпті, НКОК, «Арнаойл», «Мәтен», «Таңдай Петролеум» компаниялары, «Ембімұнайгаз», «АНАКО»   сияқты кәсіпорындар  жұмысты бастап та жіберген. Жұмысты екі кезеңмен жүргізу жоспарланып, бірінші кезеңде – қаланың болашақта кеңейетіндігін ескере отырып,  айналасын жасыл-желекті алқап белдеуімен қоршау мәселесі тұрды. Бұл жұмыстар 2015 жылға дейін бітіп, екінші кезеңде 2016-2020 жылдарға  дейін облыс орталығына жалғасқан күрежолдардың  бойына орман алқаптары отырғызылатын болды.

Халық бұл бастаманы асқан құлшыныспен, құшақ жая қабылдады. Келешек орманды аңсап, денсаулыққа пайдалы әрі қала көркін ашатын әсемдігін айтып мәз болысты. Қала келбеті мейрамханалармен ғана әрленбей атыраулықтардың  демалатын саябағы болады деп күтілді. Айта берсек, бұл бағдарламаға үміт артпаған адам жоқ шығар.

«Уақыт жылжып  аққан сумен тең» деген, содан бері біршама жыл өтті. Айтылған уәде айтылған жерінде қалды. Айналаны жасыл желекке бөлеп, жайқалып тұрған жасыл белдеу қазір қиялда ғана тұр.

Шынтуайтына келгенде ауа райы қатал, табиғаты қолайсыз жерлерді жасыл желекке бөлеу тәжірибесі өзге елдерде көптеп кездеседі. Оған алысқа бармай-ақ, еліміздің бас қаласы Астананы алайық. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен 1997 жылдан бастап, Астананы айналдыра ағаш егіле бастады. Бұрынғы батпақты қаланың айналасына отырғызылған жасыл ормандар қыста Арқаның қақаған суығынан, жазда шаң мен ыстығынан қорғайтын жасыл белдеуге, ал, сол кезде отырғызылған көшеттер саялы жасыл алқапқа айналған. Мамандардың айтуынша, орман алқабы аймақтың климатына үлкен әсерін тигізген. Өкпек жел саябырсып, сарышұнақ аяздың да беті қайтқан.

Орман іші құстар мен жануарларға толы. Қояндар, еліктер, үш мыңға жуық қырғауыл, басқа да құстардың түр-түрі бар. Осылайша тақыр далада орман өсті. Президент Қызылорда облысына барған сапарында  Астана орманының Көкшетау орманына қосылғандығын айтты. Бұл – нағыз еңбектің жемісі, жанашыр, қамқорлықтың жанды көрінісі.

Баршаға мәлім, Атырау өңірі – негізінен көмірсутегі шикізатын өндіріп, өңдеумен айналысатын өндірісті аймақ. Олардың экологияға тигізер зардабы айтпаса да түсінікті. Көңілді лепіртіп, қанат бітіргендей болған жоғарыда айтылған жоба аяқсыз қалды. Бүгінгі жағдайы, осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстарды білу мақсатында берген сауалымызға облыстық  табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Орақ Бисембиев былайша жауап берді:

«Экологиялық қауіпсіздікті сақтау және оның жағдайын жақсартуға бағытталған басты бағыттардың бірі – өндіріске жаңа технологияларды енгізумен бірге, қала ішінде және оның айналасында жасыл желектер аумағын кеңейту болып табылады. Облыс орталығында жасыл желек аумағын көбейту және оған экологиялық жүктемені азайту бойынша мемлекеттік стандартқа сәйкестендіру жұмыстары жүргізіліп отыр.

Атырау облысы әкімдігінің жасыл бел-
           деу жолағын құру үшін жұмыстар ауқымы мен орындаушыларды анықтап, елді мекендерді көгалдандыру және жасыл аймақтарды құру жөніндегі іс-шаралардың жоспары әзірленді. Аталған жоспар негізінде Атырау қаласы мен аудандарда жасыл желек жолағын құру шаралары қолға алынуда. Атырау қаласы аумағына көлемі 2300 гектар жерге орналастыру жобасын жасақтау жұмыстары жүргізілді. Жасыл жолақты негізінен қаланың шығыс және оңтүстік-шығыс бөлігіне құру көзделіп отыр. Атырау-Индер тас жолы бойына алты гектар жер учаскесіне орман екпелерін отырғызу басталды.

Бүгінгі күні орман жолағын салуға ірі жер қойнауын пайдаланушыларды тарту жөнінде келіссөздер жүргізіліп, «Теңізшевройл» ЖШС қала ішінде аумағы 150 га құрайтын жасыл жолақ құрылысын салу мақсатында зерттеу жұмыстарын жүргізсе, «Ембімұнайгаз» АҚ Атырау-Индер тасжолының бойында 7 га аумақты көгалдандыру жоспарлануда».

Аталған басқарма басшылығының көңіліне келмесін, біз бұл жауабынан жанды істен гөрі, қағазбастылық нышанын сезгендей болдық.

Обалы нешік, тал отырғызудан кенде қалып жатқан жоқпыз. Кәсіпорын, мекемелер де, мектептер мен оқу орындары да жер қарайып, күн жылына салысымен әртүрлі акциялар жасап, ағаш отырғыза бастайды. Бұл жағынан кемшілік жоқ. Ең бастысы, сол жас талдардың әрі қарай өсіп, жетіліп кетуіне деген арнайы мамандардың көзқарасы жетіспейді. 

Өткен жаз онсыз да жасыл желегі тым сирек қаламыздағы көгалдандыру жұмыстарына елеулі зиянын тигізді. Қала қақпасы іспетті әуежай алдындағы шағын саябақтың, Салтанат сарайының, Алмагүл шағын ауданындағы саябақтардың ағаштары қурап қалған.

Тізбелей берсек мұндай көріністер өте көп. Бізді толғандырып отырғаны, ағаштардың қурап, болмаса өспей қалғаны емес, осы жағдайлардың себебін анықтау. Жергілікті мамандардың пікірінше, жерімізге шаншыған шыбық бірден өсіп-өніп, өркен жайып кетпесе де,  егер қайта-қайта отырғызып, жерсіндіріп, күтіп-баптаудың заманауи әдістері қолданылса, арнаулы сертификатталған фитобақылаудан өтсе, бұл проблеманы сәтті шешуге болады екен. «Дәрігерлердің адам ағзасымен жұмыс жасайтындығы сияқты тиісті мамандар да жас өскіндермен дәл осындай жұмыстар жүргізулері керек» десті олар.

Қай істің болмасын нәтижелі болуы қаржылық жағдайға байланысты. Мәселен, Алматы, Астана, көршілес Ақтау, Ақтөбе қалаларында көгалдандыру жұмыстарына бөлінген қаржы Атырауға қарағанда едәуір жоғары. Ақтөбе облысында тек жапырақ жемірімен күреске  қаралған қаражат 26 млн. теңгені құрайды. Мұндай зиянкестермен күресу үшін бізде бір теңге де бөлінбеген.

2016 жылы «Мұнайды терең өңдеу кешені құрылысын» іске қосу жоспарлануда. Бұл жобалар іске асқан жағдайда алынатын өнімнің көлемі екі-үш есеге артып, ауаға бөлінетін лас заттардың көлемі де еселей артатыны белгілі. Бұдан – онсыз да оңып тұрмаған ауамыздың одан әрі ластанбасына кім кепіл? Әзірше, қала, аудан әкімдіктерімен, басқармалар, мекемелермен  бірігіп жыл сайын жүйелі түрде өткізіліп келе жатқан шара – «Жасыл жапырақ» акциясы. «Биылғы жылы осы акция бойынша 17677 адам қатысып, 23992 түп ағаш отырғызылды. Соңғы жылдары қаладағы отырғызылған ағаш түптеріне биологиялық тыңайтқыштар беру тәжірибеге енгізіліп келеді. Ол өз кезегінде тиісті нәтижелер беріп отыр»,-дейді жоғарыда сөз болған басқарма мамандары.

Өңірімізде экология мәселесі өте өзекті. Оны жақсартудың бірден-бір жолы — көкорайлы белдеу жасау. Бұл айтқандарымыздың ар жағында адам өмірі тұр. Денсаулыққа аса қажетті, қарасаң әдемілігіне көзің тоятын, қала келбетін сұлуландыратын жасыл желек атыраулықтарға керек-ақ.

Мемлекет басшысы таяуда Қызылордаға барған сапарында бір әйел адамның 18 га жерге әртүрлі ағаш өсіріп, нулы орманға айналдырып отырғаны туралы үлкен құрметпен айтқан еді. «Қалауын тапса, қар жанады» дейді қазақ. Жері шөлейт, құмды өңірде орман өсіп жатқанда, Ақ Жайықтан нәр алған жасыл желектің Атырау топырағын жерсінбеуі мүмкін емес. Ең бастысы, тың бастама, кәсіби біліктілік, туған топыраққа деген қамқорлық, ұрпақ болашағына деген патриоттық сезім болса болғаны.

Ағиба Қатешова.

2016 жылы «Мұнайды терең өңдеу кешені құрылысын» іске қосу жоспарлануда. Бұл жобалар іске асқан жағдайда алынатын өнімнің көлемі екі-үш есеге артып, ауаға бөлінетін лас заттардың көлемі де еселей артатыны белгілі. Бұдан – онсыз да оңып тұрмаған ауамыздың одан әрі ластанбасына кім кепіл?

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button