«Жасыл елдіктер» иесіз тұрған жатақхананы да жөндеп берді

zhasyl el Жаңалықтар

Ескіріп, тозығы жеткен жатақханаларды қайта жаңғыртуға атыраулық жас буын өкілдері де өз үлестерін қосты. «Upgrade» акциясы аясында алпысқа тарта «жасылелдіктер» иесіз қалған үйді жөндеуге көмектесті. Күні бойы ақтады, сырлады, бір сөзбен айтқанда, ғимаратты жаңартуға қолұшын берді.

zhasyl-el

Жалпы, биыл өңірде «Жасыл ел» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бес отряд жұмыс істеп, аймақ бойынша екі мыңға жуық жасты еңбекпен қамтымақ. Облыстық штаб жетекшісі Айнұр Баемированың айтуынша, мамыр айының алғашқы күнінде басталған «Жасыл ел» маусымдық науқаны тамыздың 31-іне дейін жалғасады. Атырау қаласы бойынша бес жүзге жуық жас жұмысқа араласады. Оларға 60 мың теңге (25 мың теңге – «Жастар таңдауы» қоғамдық бірлестігі, 35 мың теңге – «Жастар ресурстық орталығы» – авт.) көлемінде жалақы төленеді.

– Мәселен, бұрын «жасылелдіктер» тек көгалдандырумен ғана айналысса, биылдан бастап олар бес түрлі бағыт бойынша жұмыс жасайды. Айталық, құрылыс отряды салынып жатқан нысандарда, көгалдандыру тобы қала көшелерінде еңбек етеді. Ал, педагогикалық бағыт  тіптен тиімді. «Жасыл елмен» балабақша, мектептерде тәжірибеден өткен студенттер айлығын да қоса алады. Биыл пилоттық режімде қолға алынған бастама қолдауын тауып жатыр. Шілде айында төрт жас «Қазақстан геологы» емдеу-сауықтыру орталығында тәрбиеші болып, маусымда 57 студент «Тағылым» оқу орталығында қызмет жасады. Мысалы, медициналық колледж жастары фельдшер, музыкалық колледж студенттері мектеп музыканты болып тәжірибе жинақтайды, әрі жалақысын алады. Күні бүгінде осы отрядта қызмет етіп жатқандардан бөлек қаладағы жоғары, орта және арнаулы оқу орындарынан 80 жас кезекте тұр. Бірақ, бір ескеретін жайт,  мұнда немқұрайлыққа жол берілмейді. Тәжірибеден үш күн себепсіз қалып, жұмыс уақытында ескертусіз кетіп, селқос қарағандарға еш жеңілдік жасалмайды. Оның орнын резервте тұрғандар басады, – деді бізбен әңгімесінде Айнұр Баемирова.

Айбөпе САБЫРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз