Латын әліпбиіне көшу әлемдік интеграцияға жол ашады

P1110646 Жаңалықтар

Латын әліпбиіне көшу әлемдік интеграцияға жол ашады. Осы орайда Құрманғазы ауданындағы С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде “Латын әліпбиіне көшу: мәселе, пікір, ұсыныс, тіл әлемі” тақырыбында өңірлік конференция өтті. Оған білім саласының ардагерлері, мектеп директорлары, ұстаздар мен оқушылар қатысты.

P1110646

Аудандық білім бөлімі ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрлығайын Нұғыманов өз баяндамасында латын қарпіне көшудің маңыздылығына тоқталды. «ХХІ ғасыр – ақпараттар ағынының заманы. Бүгінде барлық іс компьютермен тындырылады. Әлемдік ғаламтор жүйесіндегі ақпарат кімнің қолында болса, сол өз билігін еркін жүргізе алады. Ал, ақпараттың басты құралы – жазу. Әлемде ол латын графикасында құралған. Білім, ғылым, өндіріс саласына еніп жатырған жаңа технологияларға да осы әліпби арқылы қол жеткізіп отырмыз.

P1110656

Латынға көшумен халықаралық ақпараттық кеңістікке шығу жеңілдейді, яғни ғаламтор жүйесін халқымыз ана тілінде меңгеретін болады. Қазір қолданылып жүрген кириллица жазуы аса жетілген, кемелденген еместігін қазақ сөздерінің орфографиясына келгенде анық байқайсыз. Жазуда тіліміздің дыбыстық жүйесіне бағынбайтын “ь”,“ъ”,“ю”,“я”,“ё”,“в”,“ф”,“ц”,“щ” сияқты әріптер бар»,-деп латын қарпіне көшу түркі халықтарын өзара жақындастыра түсетініне, рухани, мәдени байланысымызды нығайтып, интеграцияға жол ашатынына тоқталды.

P1110642

Сондай-ақ, жиында Ю.Гагарин атындағы орта мектептің директоры Жамал Хасанова, латын әліпбиі экономикалық жағынан тиімді, техникалық жағынан артықшылықтарға ие екенін жеткізді. Ал, Абай атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, жоғары санатты ұстаз Маржан Мирасова: «қолданысқа оңай, игеруге ыңғайлы болғандықтан әлемдегі он адамның сегізі латын жазуын пайдаланады. Бізге де таңсық емес, ол ғылымның барлық саласында, мектептегі математика, геометрия, химия, физика, информатикада бұрыннан бар»,-дейді.

Құрманғазы аудандық білім бөлімінің әдіскері Айжамал Арыстанова болса, латын әліпбиіне көшкенде тіл емес таңдау ауысатынын, сөз қалай естілсе солай жазылатынын айтып, басқа елдердің тәжірибелерін ескере отырып жасалса игілігі мол болатынын баяндады.

Қанат ҒҰМАРОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз