«Жасыл Ел» жасағының жұмыс маусымы ашылды
Атырау облысында «Жасыл Ел» жасағының жұмыс маусымы ашылды. Биылғы жылы студенттер мен жұмысшы жастардың саны 2150 адамға дейін өсті, деп хабарлайды Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.
«Жасыл Ел» жасағының жұмысы облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы және қалалық жастар ресурстық орталығының қолдауымен өткізіліп жатыр. Ол жастарды жұмыспен қамтып қана қоймай, белсенділігін көтеруді мақсат тұтады.
Биыл «Жасыл Ел» жасағының саны артқан. Былтыр 2 мың жас жұмыс істесе, биыл олардың саны 2150-ге жеткен. Жастар салықтар мен әлеуметтік аударымдарды қоса есептегенде 61 мың теңге жалақы алатын болады.
«Жас Отан» ЖҚ төрағасының айтуынша, бүгінде қаладағы халық көп жүретін жерлер мен саябақтарды абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде.
«Жасыл Ел» жасағы көгалдандыру мен археологиялық бағыт бойынша жұмыстар атқарады. Археологиялық бағытта Сарайшық пен Қарабау елді мекендеріне барып, зерттеу жұмыстарымен айналыспақ. Жоспар бойынша, қазан-қыркүйек айларында қалаға тал егу жұмыстарын жүргіземіз», — дейді «Жас Отан» ЖҚ төрағасы Абылай Құрметұлы.
«Жасыл ел» жасағына 16 мен 29 жас аралығындағы студенттер мен жастар қабылданады. Қазіргі таңда жасаққа қабылдау «Нұрсая» ықшам ауданы, 23 үйде жүргізілуде.