Жасыл алаңда – журналистер
Өткен сенбіде «Геолог» спорт кешенінде Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері футзалдан «Мал – жанның азығы, спорт – тәннің – азығы» атты «Нұрлы дала агрофирмасы» шаруа қожалығының кубогы үшін сынға түсті.
Жарысқа бес команда қатысты. Атап айтсақ, «Атырау-Ақпарат» ЖШС, «Қазақстан-Атырау» телеарнасы, меншікті тілшілер, «Дендер» газеті және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенттер құрамасы арасындағы тартысты ойынның куәсі болдық.
Жарыстың ашылу салтанатына қатысқан облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Сырым Рысқалиев, «Атырау-Ақпарат» ЖШС директорының орынбасары Өтеген Нәукиев, Қызылқоға аудандық мәслихатының хатшысы Толқын Бейісқали және тағы басқалар сөз сөйлеп, турнирді ұйымдастырған шаруа қожалығының басшысы, бас демеуші Мұрат Сармановқа алғыс білдіріп, құрмет көрсетті.
Жүлделі І орын мен жүз мың теңгелік сертификат университет студенттеріне бұйырды. Төрт кездесуде де студенттер қарсыласты айқын басымдықпен жеңді. Екінші орын мен 60 мың теңгелік сертификатты «Қазақстан-Атырау» телеарнасы командасы жеңіп алды. Ал, «дендерліктер» қола жүлдегер атанып, отыз мың теңгенің сертификатын алды. Сондай-ақ, үздік ойыншылар Алғыс хатпен, кубоктар, медальдармен марапатталды.
Мұрат Сарманов,
«Нұрлы дала агрофирмасы» басшысы:
— Бұл спорттық шараны ұйымдастыру көптен бері көңілімде жүрген еді. Спорт адамды біріктіреді, алысты жақындатады. Менің ойымша, тәуелсіздікке ақпарат құралдарының қосқан үлесі өте үлкен. Баспасөзге жазылу науқаны кезінде өткізілген бұл шара оларға деген құрметті көбейте түседі деген сенімдемін.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.