Жастарға жігер берген «Жастар үлесі» жобасы

zhoba 3 Жаңалықтар

Жастар – ел ертеңі, болашақтың айнасы дейміз. Ал бұл сөздермен еңбек ұғымы астасып жатқаны анық. Қай салада болмасын ащы терін төгіп еңбек еткендер ғана оның нанының тәттілігін ұғынады. Бүгінде масылдықты төмендетіп, қоғамның қозғаушы күші болып, осы жолға жалынды жігермен қадам басқан жастар аз емес. Солардың бірқатары «Жастар үлесі» ауыл жастарын қолдау жобасы бойынша жеңімпаз атанғандар десек қателеспейміз.

Жоба жетекшісі «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Мартагүл Қанатованың айтуынша, облыста 15-35 жас аралығындағы ауыл жастарының әлеуметтенуіне қолдау көрсету және елдің қоғамдық-саяси өміріне тарту, белсенді өмірлік және азаматтық ұстанымды қалыптастыру мақсатында өткен жобаға қатысуға өтінім берген 60 қатысушының ішінен 24-і іріктеліп, комиссияның қарауына жіберілді. Ең жоғары балл жинаған 14 қатысушы грант иегері атанып, 500 000 теңге шағын грант ұтып алды. Бүгінде олардың әрқайсысы әртүрлі бағытта қоғамда жастар арасында ынтымақтастықты қалыптастыруда, масылдықты жоюда жан-жақты жұмыс істеуде.

Өнерде жоқ шекара…

Бүгінде Махамбет ауданы Ақтоғай орта мектебінде «ASPAP LIVE» жобасы іске қосылып, білім ордасындағы музыка үйірмесінің жұмысы одан әрі жандануда.  

«Жастар үлесі» жобасына қатысып, жеңімпаз атанған жас педагог Жұлдыз Сапарбаева белсенділігі төмен, тұйық мінезді, ортаға қосыла алмайтын оқушыларды мектептің шараларына тарту мақсатында «ASPAP LIVE»-ті қолға алыпты. Ол қазір оқушылардың бос уақытын тиімді әрі пайдалы іске жұмсау мақсатын көздеп, қазақ халқының музыкалық аспаптары жөнінде кеңінен білім беруде.

zhoba

 –Аспаптардың үнін ажыратып, оны оқушыға меңгерту – балалардың музыкаға деген қызушылығын арттырады. Ал музыка адамның өз-өзіне деген сенімділігін қалыптастырады. Біз үйірменің ұйымдастырушысы, музыка пәнінің мұғалімі, тәжірибелі ұстаз Базар Ғаббасованың жетекшілігімен ұлттық аспаптар сатып алып, жаңа жобамыздың жұмысын бастадық. Қазір ансамбль құрамында 23 бала бар, – дейді мектеп тәлімгері Мәдина Қайрекешова.

Шынықсаң, шымыр боласың

Ал мақаттық жоба жеңімпазы Махамбет Рахмет өз ауданында «Шынықсаң шымыр боласың» атты дзюдо клубын ашты. Ол облыста жастарға осындай қолдаулар көрсетіліп жатқанда уақытты текке өткізбей барлық мүмкіндікті пайдалану қажеттігін атап айтты.

 – Мен  бұл жобаны естігенде бірден қызықтым. Сол арқылы жеңімпаз атанып, көптен ойымда жүрген істі жүзеге асырып отырмын. Біз ауданда спорт түрлерін дамыту арқылы көптеген жетістікке қол жеткізе аламыз. Спорт клубын ашқандағы мақсатымыз – балалар мен жасөспірімдерді спортқа баулып, зиянды әдеттерден аулақ ұстау. Сондай-ақ жастардың спортқа деген белсенділігін арттырып, жеңіс жолындағы шыңдарды бағындыруға жол ашу. Бүгінде ауданымыздың спорт саласы бойынша жеткен жетістігі көп. Мен де болашақта чемпиондарды тәрбиелегім келді, – дейді жас бапкер.

Махамбет Рахметтің жетекшілігімен құрылған спорт клубында қазір жергілікті ұл-қыздар жаттығуда. Жаттығу аптасына үш рет өткізіледі. Екі топтың әрқайсысында 20 баладан бар. Сонымен қатар барлық жас спортшы спорттық киіммен қамтамасыз етілген.

zhoba 4

Жаңа дағды, жаңа бастама

Бүгінде бос уақытты тиімді өткізудің әдіс-тәсілдері өте көп. Соның ішінде Исатай ауданы Аққыстау ауылының тұрғыны Мөлдір Жанұзақова  гипстен көрнекі туындылар жасап, үстел теннисіне балаларды ойнатып, қыздарға арт-терапия, яғни шопперге сурет салу жобасын қолға алып, бірқатар жасты өзінің жанына жинап үлгерді.

Бір қарағанда ұсақ-түйек дүние болып көрінгенімен, бұл жұмыстың маңызы зор. «Жобаның тапсырмалары балалар үшін өте қызық. Олардың мүмкіндіктерін кеңейтудің көп қырлы тәсілі бар. Семинарлар ұйымдастырып, дене шынықтыру жаттығуларын қолға алып, бірлескен күш-жігерді қосу арқылы біз өзімізге сенім қалыптастырып, жан-жақты дамыған орта құруды мақсат еттік. Осылайша, әртүрлі дағдыларды дамыту бастамалары арқылы алға жылжимыз» дейді жоба жетекшісі М.Жанұзақова.

Жөнделген саябақ – ауыл игілігіне

Ауыл – әр адамның алтын бесігі. Ал «елім, жерім» деген азаматтың игі ісі туған жеріне деген сүйіспеншіліктен бастау алуы тиіс. Осы мақсатта жылыойлық жастар «Тұрғызба ауылының саябағына жөндеу жұмыстарын жүргізу» жобасын қолға алды.

Жоба авторы – ауыл тұрғыны Асылан Бекболатов. Оның айтуынша, қазір Тұрғызбада 4000-ға тарта тұрғын бар. Алайда мұнда орналасқан жалғыз саябақтың жағдайы мәз емес.

–Бұл саябақ 2021 жылы қолданысқа берілді. Бірақ қазір саябақ ескіріп, пайдалануға жарамай тұр. Орындықтары тозған, қоршаулары қираған, қоқыс салатын жәшіктері жарамсыз, жарық шамдары сынған, тіпті балаларға арналған турниктер мен орынжайлар ыңғайсыз күйде. Сол себепті ауыл тұрғындары осы саябақтың игілігін көре алмай отыр. Біздің жобаның мақсаты осы «Айжұлдыз» саябағына жөндеу жұмыстарын жасап, қалпына келтіру, тұрғындардың игілігіне ұсыну болатын, – дейді А.Бекболатов.

Бүгінде жоба аясында ауылдың ерікті жастарының және жоба қатысушыларының көмегімен саябақ толық жөндеуден өтті. Жарықшамдардың барлығы ауыстырылды, жаңадан қоқыс жәшіктері қойылды, орындықтар жөнделіп сырланды, сыртқы қоршаулары дәнекерленді, саябақтың атауы тақтайшаға жазылып кіреберісіне орналастырылды. Нысан ауылдың орталығында мектеп және автобус аялдамасына жақын орналасқандықтан үлкеннің де, кішінің де кез келген уақытта демалып отыруына ыңғайлы әрі қолжетімді.

 Саябақ салу – сауабы мол іс. Өйткені оның саясында халық демалады, шарапатын сезінеді. Осылайша «Жастар үлесі» жобасы аясында жаңартылған саябақ ауыл тұрғындары мен жастарының демалуына тамаша мүмкіндік сыйлады.

«Digital Talkairan»: цифрлық сауаттылық

Цифрлық сауаттылықты арттыруға бағытталған трансформациялық бастамада «Digital Talkairan» жобасы да маңызды роль атқарады. Жұмыссыз жастардың мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған көзқараспен бұл жоба цифрлық саланы қабылдаудың катализаторына айналды. Он бес ынталы қатысушы «e-Salyq Azamat», «eGOV mobile», «eOtinish» және басқа да электронды қызметтерді қамтитын ағартушылық жұмысты қолға алды. Тәжірибелік семинарлар арқылы қатысушылар мемлекеттік қызметтерге онлайн режимінде қол жеткізу, электронды қолтаңбаны орнату және құжаттарды қабылдауды оңтайландыру бойынша біліктіліктерін арттырды.

–«Digital Talkairan» аясында жоба жетекшісі Асылай Сангерейқызының  дәрістеріне қатысып, өзіме қажетті біраз ақпаратты меңгердім. Электронды кілт ашып, онымен үйде отырып-ақ бірқатар жұмысты тындырып жатырмын. Қазір біраз уақытым жеңілдеді, – дейді Талғайраң ауылының тұрғыны Салтанат Темірғалиева.  

Заманауи стильдегі кітапхана коворкингі

 Бүгінде көпшілік арасында «кітап оқылмайды» деген қоғамдық пікір бар. Осы көзқарасты түбегейлі өзгерту қажет. Қазіргі таңда  кітапханаға келмей-ақ, электронды кітапханадан таңдаған шығарманы жүктеп алып оқи беруге әбден болады. Дегенмен кітапханаға оқырманды көбірек тарту үшін кітап қорын жаңартып, заманауи форматта қызмет көрсету жұмыстарын ұйымдастыру маңызды. Бұл ретте кітапханада коворкинг орталығының болуы қажеттілік.

zhoba 2

«Жастар үлесі» жобасына Исатай ауданындағы Аққыстау ауылдық кітапханасы  «Заманауи стильдегі кітапхана коворкингі» жобасын ұсынып  жеңіске жетті.  Жобаның мақсаты – жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру, жас буынның бос уақытын тиімді ұйымдастыру, кітапхананың қызмет көрсету деңгейін еуропалық тәжірибеге негіздеу. Қазіргі заман ағымынан қалмай ілесіп отыру үшін кітапханадағы  коворкинг-орталықтар тек қана жұмыс жасайтын алаң ғана болмай, бос уақытты тиімді өткізетін және шығармашылықпен айналысатын мүмкіндіктер жасайды.  

–Қазір кітапхана коворкингі соңғы үлгідегі жабдықтармен жаңаланып, оқырмандардың игілігіне ұсынылды. Осындай мүмкіндіктер арқылы кітапханаға тың серпіліс беріп, одан әрі жандандырып, сауатты ұлтты қалыптастыру жолында аянбай еңбек етеміз. Мұндай бастамалар мен қолдау арқылы оқырман санын арттырып, саналы да ізгі қоғам құру жолында біраз дүние жасауға болады, – дейді кітапхана қызметкерлері.

Тобықтай түйін.

Масылдыққа бой үйреткен ел ешқашан алға баспайды. Сондықтан «Жастар үлесі» жобасы жастарға масыл болмай, асыл болудың жолын көрсеткен басты қадамның бірі болып табылады. Міне, бір ғана жоба аясында облыста қаншама жас өзінің бағыт-бағдарын айқындап, алға жылжуда. Ендігі уақытта масылдықпен жүйелі күрес жүргізудің осындай тиімді жолы тоқтап қалмай, жүйелі түрде жүзеге асырылса игі. Жалындаған бір жігерлі жас өзінің соңынан ондаған, жүздеген, тіпті мыңдаған адамды ілестіре берсе, Мемлекет басшысы айтқандай, «еңбекқор ұлтқа» айналудың бір амалын тапқан да  болар едік.  

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз