
Жастардың білім саласына арналған тың бастамалары талданды
Бүгін Atyrau Hub орталығында білім саласындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған жастар хакатонының ашылу салтанаты өтті. Екі күнге жалғасатын ауқымды шараға аймақтың белсенді жастары, IT саласындағы мамандар және стартап идея иелері қатысуда.
Салтанатты ашылуға Атырау облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнұр Сүйеуова қатысып, жас мамандарға сәттілік тілеп, олардың қоғам дамуына қосатын үлесін ерекше атап өтті.
Хакатон қатысушылары командамен бірігіп, білім беру саласына арналған мобильді қосымша әзірлеуі тиіс. Бұл қосымша нақты бір мәселені шешуге бағытталып, оның тиімділігі мен қолдану мүмкіндігі жоба барысында қорғалуы керек. Байқау 4 кезеңнен тұрады, әр кезеңде қатысушылар өз идеяларын жетілдіріп, сарапшылардан кері байланыс алады.
Шара аясында Astana Hub орталығы директорының кеңесшісі Данабек Калиаждаров «дисрапт» тақырыбында шеберлік сағатын өткізіп, заманауи технологиялар мен стартаптарды дамытудағы трендтер туралы пайдалы ақпаратпен бөлісті. Сондай-ақ IT-ағартушы, АҚШ-тың Бостон университетінің магистрі Тимур Бектұр Canvas жасау әдістерінің қыр-сырын үйретті.
Жеңімпаздарға арналған жалпы жүлде қоры – 1 миллион 500 мың теңге. Ұйымдастырушылардың айтуынша, үздік жобалар тек марапатталып қана қоймай, әрі қарай қолдау тауып, нақты өнімге айналуы мүмкін.
Хакатон – жастарға тек білімін сынап қана қоймай, командалық жұмыс, инновациялық ойлау және технологияны қолдану қабілетін дамытуға үлкен мүмкіндік.
Майра ЕРҒАЛИ