Жастар үшін жаңа мүмкіндік ашылды
Мемлекеттік қызмет – жастар үшін жаңа мүмкіндік. Жыл сайын елімізде ауқымды жобалар жүзеге асырылып, жастарға қолдау көрсетіліп келеді. Сондай тың жобаның бірі 2018 жылы жүзеге асып, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің базасында «Мемлекеттік қызмет мектебі» ашылды. Аталған мектепке жоғары оқу орнының III-IV курс студенттері қабылданады.
Атырау облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаментінің ұйытқы болуымен ашылған мектептің мақсаты жастарды мемлекеттік қызметке тарту еді. Сондай-ақ дарынды жастарды тарту, қоршаған ортаға деген азаматтық көзқарасын қалыптастыру және әдептілікке, парасаттылыққа тәрбиелеу және заман талабына сай тәжірибелік дағдыларды студенттердің бойына сіңіру болып табылады. Жас көшбасшыларды оқыту, мемлекеттік органдарда тағылымдамадан өткізу арқылы мемлекеттік қызметтің іс жүзіндегі дағдыларын үйренуге мүмкіндік береді.
Жоба басталғалы 2018-2024 жылдар аралығында 100-ден аса студент мектепті сәтті аяқтап, сертификат табысталды. «Мемлекеттік қызмет мектебінің» 41 түлегі мемлекеттік қызмет саласында абыройлы қызмет етіп жатқанын атап өту керек. Мәселен, «Мемлекеттік қызмет мектебінің» 2021-2022 оқу жылындағы түлектің бірі Әйгерім Қазихан Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасында бас маман болып қызмет атқарады.
«Мектеп сертификатын алмастан бұрын бірден заңнамаларды білуге арналған тестілеуден өттім. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметте 1 жарым жылдық тәжірибем бар. Жалпы, теория мен тәжірибені ұштастырудың пайдасы көп екен» дейді жас маман.
Оқу барысында студенттер үшін лауазымды тұлғалардың дәрістері, «Ашық есік күні», тренингтер, мемлекеттік органдардан тәжірибеден өту, басқа да іс-шаралар ұйымдастырылды.
Ал, 2023-2024 жылы оқу жылында «Мемлекеттік қызмет мектебіне» білімді, дарынды деген 11 студент қабылданды. Қазіргі таңда студенттер өндірістік тәжірибені аяқтап, мемлекеттік емтихандарын тапсыруда.
«Мемлекеттік қызмет мектебі» жастарды тек кәсіби жағынан емес ғана шыңдап қоймай, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік қағидаттарын ұстанып, елге адал қызмет етуге үйретеді. Болашақта жаңадан қабылданатын мемлекеттік қызметшілердің басым бөлігі «Мемлекеттік қызмет мектебінің» түлектері болатынына сенім мол.
Сондықтан да осы салаға қызығушылығы бар, елге қалтқысыз еңбек етуге дайын жастарды осы мектепке келіп өз білімдерін шыңдауға шақырамыз.
Шолпан ҚАЙНЕНОВА,
Мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы