ЖАСТАР МЕН ОҚУШЫЛАРҒА – СӘУЛЕТТІ САРАЙ
— Міне, жиырма жылдан астам уақыттан бері біз аты әлемге әйгілі осы компаниямен, соның ішінде «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнымен бірлесіп талай игілікті істерді атқарып келеміз. Осында білікті, кәсіби деңгейі жоғары, өз ісіне шебер отандық мамандардың бірнеше буыны қалыптасты, өсіп-жетілді, — деді алғаш сөз кезегін алған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов. – Қазақстандық мазмұнға ие тауарлар өндірісі мен сервистік қызмет түрлері жолға қойылып, қазақстандық қамтудың көлемі артты. Қазақ елінің, қала берді оның мұнайлы астанасы мәртебесін иеленген қазыналы өңіріміздің өркениет көшіне ілесіп, дамып, өрісін кеңейтуінде, әлеуметтік ахуалының жақсарып, әлеуетінің өсуінде аталмыш компанияның үлесі қомақты.
Тығыз байланыс пен сенімді серіктестіктің тағы бір тамаша көрінісі, мынау шаһарымызда бой көтергелі тұрған жастар мен оқушылар сарайы жобасын іске асыруға тұңғыш қадамның жасалуы, яғни жаңа нысан құрылысының іргетасының қалануы болып табылады. Пайдалануға берілген мезгілде бұл ғимаратта жергілікті жастардың жан-жақты қырынан танылуына қолайлы жағдайлар туғызылады. Бойында табиғи таланты мен қабілет-қарымы бар өрендердің өнердің сан түрін жандарына серік қылып, спортпен шұғылдануына жол ашылады. Сол мақсатта мұнда әртүрлі үйірмелер жұмыс жасайды. Өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге етуге тұрарлық тартымды да тағылымды шаралар ұйымдастырылады. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз де осында көрініс табады. Сондықтан да, салтанатты рәсімге қатысу бақытына ие болған бәріңізді осы бір қайталанбас сәт, айтулы оқиғамен құттықтаймын. Игі бастамаға сәттілік тілеймін,-деді аймақ басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы.
— Өткен жылғы сәуір айында «Теңізшевройл» компаниясының құрылғанына 20 жыл толуына арналған мерейтойлық шаралардың барысында біз Атырау қаласында дәл осындай, заманауи үлгідегі, сәнді де сәулетті ғимарат құрылысын қаржыландыруға келісетіндігімізді мәлімдеп, ізгі ниетіміздің барын білдіргенбіз. Және де ол ұсынысымызды аймақ басшылығына жолдап, ортақ мәмілеге келгенбіз. Бүгін сол бастамамыздың алғашқы нәтижелерін көріп, қуанғаннан толқып тұрған жайым бар. Байланыстарымыздың бұдан былай да жалғасатындығына, ойға алған ісіміздің оңымен оңғарылатындығына бек сенімдімін,-деп жалғастырды айтпағын «Шеврон» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы және бас директоры Джон Уотсон. — Салтанатты шараға қатысушы баршаңызды құттықтай отырып, жобаның ойдағыдай жүзеге асуына тілеулестігімді білдіремін.
«Шеврон» корпорациясы Еуразия бөлімшесінің басқарушы директоры Скотт Дэвис те жоғарыда айтылғандарды толығымен қостайтындығын мәлімдеді. Соңынан тараптар мұнайлы астананың сәулеті мен сәнін келтірер Сарайдың іргетасын қалау рәсіміне қатысты.
Айтпақшы, жаңа нысан Атыраудағы «Нұрсая» мөлтекауданының әуежай бетіндегі Мұз айдынының жанынан қоныс теппекші. Жоба белгіленген мерзімінде басталып, жоспарланған жұмыстар уақытылы аяқталған жағдайда ол 2016 жылдың басында игілікке беріледі деп күтілуде. Және бір қуанышты жайт – осы жерде орналасқан Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың қасынан болашақта балалар мен ересектер үшін үлкен теннис корты салынбақшы. Мұны облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің өзі мәлім етті.