Жарнама
Жаңалықтар

ЖАСТА БЕРГЕН ТӘРБИЕ ЖАС ҚАЙЫҢДЫ ИГЕНДЕЙ…


БАҒДАРЛАМАЛАР БАЙЫПТЫ ОРЫНДАЛСА…

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Клара Мұқашкерееваның айтуынша, биылғы бірінші тоқсанның қорытындысымен статистика департаменті ұсынып отырған мәлімет бойынша, өңірдегі жұмыспен қамтылғандардың 16 пайызы ғана 15-24 жас аралығындағылар екен. Сондай-ақ, 25-34 жастағылардың да тұрақты қызметпен қамтылып отырғандығы шамалы, олардың үлесі отыз-ақ пайызбен шектелген. Рас, жастар арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші республикада 4,9 пайыз болса, бізде 3,5 екен. Әйтсе де, осы деңгейді жетістік санап, арқаны кеңге салуға бола ма? Өндірісі өркендей қоймаған, іргелі жобалар қолға алынбаған еліміздің өзге облыстарымен біздің мүмкіндігімізді салыстыру жөн бе? Қолда барды барынша тиімді пайдаланған абзал емес пе?
Қазір «Жұмыспен қамту-2020», «Бизнестің жол картасы-2020», т.б. мемлекеттік бағдарламалар баршамен бірге жастар арасында да жұмыссыздық көрсеткішін барынша азайтуға бағытталған. Бұл ретте барлық деңгейдегі жергілікті атқарушы билік өкілдеріне үлкен жауапкершілік жүктеледі. Алайда, кейбір селолық округтер әкімдері жұмыссыздықты жоюға бағытталған заңдылықтарды өздері білмейді. Егер ауыл адамдары соларға қарап отырса, бұлардың жерге қарағаны ғой. Сондықтан, басқосу барысында ауыл басшыларын бірер күнге Атырауға шақырып, аздап оқытып жіберу жайы айтылды.
Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мейірім Қалауидің айтуынша, «Жасыл ел» еңбек жасақтарын құруда кейбір түйткілдер бар. Мәселен, өткен жылы оған қатысушыларға жалақы ретінде облыстық бюджеттен 20 млн. теңге бөлінді. Алайда, ол орман шаруашылықтары жоқ аудандарға тиесілі емес. Оның үстіне, бұл жай – республикаға тән көрініс. Бюджеттік бағдарламаның арнайы бағыты болмағандықтан, өзге көздерден қаржы аудару да қиын.
Аймақ бсшысы бұл мәселені шұғыл шешуді тапсырды. Ал, облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева оны табиғи ресурстарды реттеу және табиғат қорғау басқармасы арқылы үйлестіруді ұсынды. Расында да, мәселен, қалада да, аудандарда да тазалық айлықтары жарияланып, оған белгілі бір мөлшерде қаражат қаралған жоқ па? Сол шараларға студент және оқушы жастардың да белсене қатысқаны шындық. Тіпті жұмыс көлемінің денін де солар атқарды. Міне, осы қаржының бір бөлігін «Жасыл ел» бағдарламасына қатысушыларға жұмсаса, ол заң бұзушылық бола қоймас.
Тағы бір мәселе – «Жасыл ел» бағдарламасына қатысушылардың мүмкіндігі шектеулілігі. Өйткені, ол тек орман шаруашылығы бар аудандарда ғана жүргізіледі. Демек, Жылыой, Исатай, Мақат тәрізді ағаштары тапшы, жері шөлейт өндірістік аймақтар шет қалғалы тұр. Ал, жастар жазғы демалыстарында азды-көпті табыс тапқысы келеді. Оның үстіне, олардың санын былтырғы 495-тен биыл жеті жүзге дейін көбейту көзделіпті. Сондықтан, жоғарыда айтқанымыздай, санитарлық тазалыққа қаралған қаржыдан бұл бағытқа да біраз теңге жұмсағаны жөн.
Облыс әкімі айтылғандарды қолдап, оған қосымша «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының нәтижелі орындалуын тапсырды. Бұл ретте, әсіресе, аудан басшыларына біраз міндет жүктеледі. Өйткені, осы жолдама аясында ауылдарға барған жас мамандарға екі-үш жылдан бері баспана берілмепті.
Аймақ басшысы «Тарлан-Атырау» қоғамдық бірлестігінің қызметін де құптады. Егер мұнда интернетті тегін пайдалану арқылы барлық мәліметті білу мүмкіндігі болса, жұмыссыз жастарға түйіндемелерін қалай жасақтау қажеттігі үйретілсе, кімге қалай шағымдану керектігінен кеңес берілсе, расында да, мұндай құрылымның жұмысын жүйелі деуге болады.

КІМ ҚАЙДА ДЕМАЛАДЫ?

Күн тәртібіндегі кезекті мәселе жастар мен жасөспірімдердің жазғы демалыстағы бос уақытын қалайша тиімді ұйымдастыруға арналды. Жалпы, облыстық білім беру басқармасының басшысы Берікқали Сәрсенғалиевтың айтуынша, биыл қала сыртындағы төрт лагерь, 117 мектеп жанындағы және шипажай үлгісіндегі демалыс орындары қолданыстағы ережеге сәйкес 7-14 жас аралығындағы балаларды қабылдайды. Жоғары сыныптардың оқушылары мектепішілік жұмыспен қамтылған. Жазғы спорт шаралары да қарастырылған. Бүгін, яғни 26 маусымда Ганюшкиндегі «Нұртамшы» және Аққыстаудағы «Таңшолпан» қоғамдық бірлестіктері Нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай шаралар ұйымдастырмақшы.
Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев осындағы 28 мектеп жанынан қос ауысымдық жазғы лагерьлер ашылғандығын айтады. Мұнда демалушылар үш мезгіл тамақпен қамтылған. Біраз оқушыны жазғы демалысында спорттық шараларға, жорықтар мен экскурсияларға, көгалдандыру мен көріктендіру шараларына тарту көзделген. Аз қамтылған отбасыларының 12 ұл-қызы Италияға сапар шекпекші.
Облыс әкімі бұл жұмыстардың бәрін құп алып, жазғы өнер байқауларында өзгелерден озып шыққан өнерлі балаларды анықтауды тапсырды. Спорт алаңдары баршаға қолжетімді болуы тиіс. Сабақтан қолдары босап, біраз еркіндік алған жасөспірімдердің қылмыстық әрекеттерге бой ұрып кетуінен сақтанған жөн. Олардың түнгі мезгілде ойын-сауық орталықтарында жүруін қадағалау қажет. Бұл – құқық қорғау орындарына берілген тапсырма.
Осы орайда облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан белгілі жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың «Нашақор жайлы новелла» драмасын мектеп оқушыларына көрсету керектігін ұсынды. Жасөспірімдерге ой салатын, оларды жат қылықтардан сақтандыратын осындай шығармалармен атыраулық шәкірттердің жете танысқаны жөн.

БЕРСЕҢ, БАЛАҒА БЕР!

Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша облыс әкімі бастауыш сыныптар мен аз қамтылған отбасылар балаларының бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылуын барлық жерде қамтамасыз етуді тапсырды.
Дұрыс тамақтанбаған баладан қандай үлгерім күтуге болады? Бұл мәселе кейбір білім ошақтарында әлі шешілмепті. Аудандарды аралағанда түсіп жатқан шағымдар бар. Бюджеттен осы орайда қажетті қаражат бөлінді. Ендеше, ол тиімді игерілуі тиіс, — деп тұжырымдады сөзін Бақтықожа Салахатдинұлы.
Осы орайда облыста биыл ұйымдастырылған сүт фермасының қайтарымы мол болмақ. Қазірдің өзінде тәулігіне екі тонна шамасында сүт өнімдері дайындалады. Олар қала базарларында сатыла да бастаған. Әйтсе де, солармен алдымен білім ошақтарын, балалар ауруханаларын қамтамасыз еткен жөн. Алдымыздағы шілде-тамыз айларында шетелден әкелінуі тиіс мүйізді ірі қараның қалғаны осында жеткізілмекші. Сол кезде тәулігіне 10-12 тонна шамасында сүт сауылуы күтілуде. Оған сын сағатта ана сүтін алмастыруға қауқарлы ешкі сүтін қосыңыз. Ол да қазір бізде өндірілуде. Сонда осы бағалы тағаммен өзімізді толық қамтамасыз етпейміз бе?
Бұған қоса облыс әкімі өңірде омарта ашып, бал арасын жинақтау мүмкіндігі бар екендігін де айтты. Бұл тың ұсыныс жиналғандарды елең еткізгенімен, оны да бір кәсіпкердің қолға алып, дамытып кетуіне жағдай бар. Әйтпесе, осы өнім Атырауға алыстан қымбат бағасына әкелініп жүр.
Жалпы, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Меңдіхан Өтепқалиевтың айтуынша, өңірде психобелсенді заттарды тұтынатын балалар мен жасөспірімдер бар. Рас, олардың саны республиканың басқа аймақтарымен бағамдағанда аз көрінгенімен, солардың біразы арамызда жүргені анық. Оның үстіне, өз-өзіне қол жұмсаушы жастар да кездеседі. Өкінішке орай, кей реттерде оларды құтқарып қалу мүмкіндігі де болмай қалады. Сонда бұған кім кінәлі? Қоғам ба, әлде адам ба? Асылы, білім ошақтарындағы психологтар қызметін жандандырған жөн. Оларды жеке кабинетпен, өзге керекті құралдармен қамтамасыз ету қажет. Мұндай мамандардың өздеріне де жоғары жауапкершілік жүктеген жөн. Олар ара-тұра анықтама тапсырып, сұрақ-жауап жүргізумен шектелмей, шын мәнінде мектептер мен колледждердегі жастардың жанашыры мен сырласына айналуы шарт.
Жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесіне қайта оралсақ, орта білім ошақтарында бейімдеу орталықтарын құру ұсынылды. Егер оқушылар мектеп қабырғасында-ақ жұмысшы мамандығын меңгеріп, кем дегенде қолына балға мен балта ұстап үйренсе, өндіріске алғаш барғанда да қиындық көрмейді. Мұндай орталықтарды қажетті жабдықтары жеткілікті зертханалармен жабдықтап, тәжірибелік шаралармен қамтамасыз етсе, берер нәтижесі де жоғары болмақ.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.
Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button