Жаста берген тәрбие жас қайыңды игендей…
Өңірлік коммуникациялар қызметінде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Әлібек Ермекқалидың қатысуымен білім саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға байланысты брифинг өтті.
Әлібек Серікқалиұлының айтуынша, бұл бағытта биылдан бастап білім беру ұйымдары арасында арнайы жұмыстар жасалуда. Соның бірі – жоғары оқу орындары студенттеріне «Сыбайлас жемқорлық негіздері» пәнінің енгізілуі. Одан заңгерлер сабақ береді. Сабақты оқытудағы мақсат – жастарды патриоттық сезімге тәрбиелеу, сыбайлас жемқорлықты қабылдамау, пікірін ашық айтуға жетелеу. «Әкімшілік құқық бұзушылық, қылмыстық жауапкершілік, құқықтық сауаттылық жастарға егжей-тегжейлі түсіндіріледі», — дейді ол.
Айта кетейік, аталмыш Агенттікпен бекітілген «Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған қызметті ұйымдастыру бойынша ағымдағы жылға арналған кешенді жоспар» жасақталған болатын. Оның 20-тармағына сәйкес, әділет, еңбек, халықты әлеуметтік қорғау, білім, денсаулық, жер қатынастары органдары және өзге сала басшыларының қатысуымен брифингтер өткізу көзделген. Осыған орай облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Злиха Дүйсекенова баяндама жасады.
— Елдің дамуына кері әсерін тигізетін – сыбайлас жемқорлық екені даусыз. Сондықтан, жат әдеттің алдын алу, болдырмау үшін тәрбиені балаға жас кезінен бастап сіңірген дұрыс. Мәдениетті түрде баланың көзқарасын қалыптастырып, тәрбиелеуде олардың жас ерекшелігін ескеруіміз керек. Сол себепті мектепке дейінгі ұйым, орта мектеп, одан кейінгі тәрбие деп бөліп қарастырудамыз. Әсіресе, мектеп оқушыларына төл тарихымызды кеңінен таныстырып, ел қорғаған батырлар мен халық қалаулыларының өмірі жайлы айту – оқытудың бір формасы, — деп атап өтті Злиха Қадырбайқызы.
Суретті түсірген:
Ерлан АЛТЫБАЕВ.
Әлібек ЕРМЕКҚАЛИ,
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары:
— Департамент білім саласы бойынша ағымдағы жылдың тоғыз айында сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында 685 шара өткізді. Мәселен, «Мемлекеттік қызмет – елдің мүддесіне адал еңбек» тақырыбында қаладағы 9-11 сынып оқушыларының шығармалар байқауын, мектепке дейінгі ұйымдарда өткен әділдік, адалдық тақырыптарындағы өлеңдер байқауын айтуға болады.