Жарнама
Жаңалықтар

ЖАСОТАНДЫҚТАР ӘРҚАШАН ДА ЖІГЕРЛІ

Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияда өткен шараны «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Бопылдықов ашып, жыл бойы атқарылған жұмыстары бойынша баяндама жасады. Ол өз сөзінде бүгінгі күні жасотандықтардың саны 6044 жасты құрап отырғанын, жыл сайын көрсеткіш артып отырса да, санға емес, сапаға жұмыс жасайтындықтарын баса айтты.
«Елбасының саясатын жастарға түсіндіру, мемлекетте жүріп жатқан жұмыстарды кең көлемде насихаттау – басты бағытымыз. Білім беру, мәдениет саласында және өнеркәсіпте, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, басқа да салалардың дамуына жасотандықтар өз үлестерін қосуда. Облыс бойынша 31 бастауыш бөлімше болса, олармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап келеміз. Бүгінде «Жас Отан» жастар қанаты ауыл жастарымен кездесу, оларға мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру, насихаттау бағыты бойынша «Жастар — ауылға» жобасын, сондай-ақ, жоғары оқу орындарын бітірген жас түлектерді өз мамандықтары бойынша тегін іс-тәжірибеден өткізуге мүмкіндік жасау мақсатында «Сәтті қадам» жобасын жүзеге асырып келеді» деген А.Бопылдықов аталған жобалардың жастар үшін маңыздылығын талқыға салды. Сондай-ақ, облыстық Жастар саясаты мәселелері, облыстық Тілдерді дамыту басқармаларымен бірлесе атқарылған жұмыстарға да тоқталды. Осы тұста айта кетерлігі, көшедегі көрнекі ақпараттардың қазақ тілінде қатесіз жариялануына жасотандықтардың еңбегі зор.
Жиын барысында «Жас Отан» Жастар қанатының Махамбет аудандық филиалының атқарушы хатшысы Руслан Әжкенов жастар саясатын жүзеге асыруда ауданда жүріп жатқан жұмыстарға тоқтала келе, ағымдағы жылы Атырау қаласында құрылған «Жастар ресурстық орталығы» аудандарда да жүзеге асып, жастарға мәдени демалыс орталықтары ашылса деген ұсыныс айтты.
Одан әрі мінбеге көтерілген облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мейірім Қалауи жастар арасында облыс көлемінде жасалған жұмыстарға тоқталды. «Жастардың салауатты өмір салтын қалыптастыруда облыста 922 спорттық нысан жұмыс жасайды. Өткен жылмен салыстырғанда жастар ұйымына бөлінетін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс көлемі үш есеге артып, 60 миллион теңгеге жетіп отыр. Биыл алғаш рет облыс жастарының төлқұжаты жасақталды», — деді М.Қалауи.
Жиын барысында Индер ауданындағы Қараой жерінде болып, Махамбет бабаға тағзым еткен бір топ жас облыс әкімінен зиратқа баратын жол салуды сұраса, енді бірі жастарда проблемалардың аз емес екенін айтып, оның шешім табуында қалалық, облыстық мәслихат депутаттары мен аудан, село әкімдері жастармен жиі кездесу ұйымдастырса деген тілектерін алға тартты.
Бүгінгі күні жастардың басты мәселесі – тұрғын үй мен жұмыссыздық екені белгілі. Осы орайда облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов жастардың тұрғын үй мәселесін шешуде келер жылы «Жас отау» бағдарламасы іске асатынын айтты.
— Облыс көлеміндегі жастар саясатын іске асыруда биылғы жылы бір миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінді. Бұл қаражатттың бір бөлігі жастар ұйымдарын жандандыруға жұмсалса, бір бөлігі «Жас отау» тұрғын үй бағдарламасына бөлінді. Тағы бір айта кетерлігі, «Жас Отан» жастар қанатының облыстық, аудандық филиалдарына жаңа автокөліктер беріледі, — деген облыс әкімі жасотандықтардың жұмысына оң баға беріп, алдағы уақытта атқарар келелі міндеттерін саралап, жоғары сенім биігінен көрінетіндіктерін атап көрсетті.
Конференция соңында белсенді жастарға Алғыс хат табыс етілді.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.
Суреттерді түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button