ЖАСӨСПІРІМДЕРМЕН ЖҰМЫС
Ауданның өкілдері әдеттегідей жергілікті жердегі ұйымдастырылған шара, әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларына, балаларға жасалған көмекті тізбелетіп айта бастады. Алайда, облыс әкімінің орынбасары, облыстық комиссияның төрағасы Шыңғыс Мұқанның уәжі оларды еріксіз кідіртті.
— Алқалы жиын үлкен дайындықпен келуді қажет етеді. Мұны баяндамашылар терең ұғынса деймін. Бізге самсаған саннан гөрі, нақты ұсыныстар, көтерілген мәселелер маңызды. Келтірілген деректерде де салыстырушылық жоқ, салиқалы ой айтқан пікір аз. Сондықтан, бұл жағдайлар келешекте ескерілуі керек, — деді ол.
Облыс әкімі орынбасарының орынды сыны әсер етсе керек, тікелей бейнебайланыс жүйесіне қатынасушылар ойларын жинақтап жеткізуге ұмтылды. Байқауымызша, жергілікті жерде біраз жұмыс жасалыпты. Жаңа оқу жылының қарсаңында Жылыой ауданындағы мектептерде бірнеше рейд жүрген. Оның барысында мұғалімдер әлеуметтік қамқорлықты қажет ететін 86 үйді аралап шығыпты. «Мектепке жол» акциясының ауқымында 1185 оқушыға 3,5 млн. теңгенің көмегі көрсетілген. Қызылқоға ауданында да осындай шаралар ұйымдастырылыпты.
Аталған қос ауданда жасөспірімдердің арасындағы жағымсыз жағдайлардың алдын алу мақсатында жұмыстар қолға алынған. Мәселен, Қызылқоға ауданындағы ішкі істер бөлімінің есебінде 52 оқушы тұр. Жайсыз отбасыларындағы балалардың саны 38-ді құрайды. Қазіргі күні кәмелетке толмаған осы жандарға ерекше көңіл бөлінуде екен. Ал, Жылыойда өмірде қиын жағдайға тап болған жасөспірімдер үшін дағдарыс орталығын аудандық деңгейде құру мәселесі жан-жақты қаралып жатыр. Өйткені, мұндай құрылым облыс бойынша тек Атырау қаласында бар. «Аудандық ішкі істер бөлімінің кәмелетке жасы толмағандармен жұмыс жөніндегі инспекциясының деректеріне сүйенсек, биыл өмірдің қиын жағдайына тап болып қараусыз қалған екі факт тіркелді. Оның біреуі 17 жасқа толған апасының қолында болған қыз бала үйінен қашып, қаңғыбастықпен айналысқан. Сол себепті құжаттар жасақталып, облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жеткізілген. Алайда, көп ұзамай апасы аталған орталықтан кейін үйіне алып кеткен. Екіншісі, өзінің ата-анасынан ажырап қалған 3-4 жас шамасындағы қыз бала. Әзірге ол Атырау қаласындағы орталыққа жіберілген, ата-анасы іздестіріліп жатыр. Өткен жылы өмірдің қиын жағдайына тап болған, қараусыз қалған фактілер тіркелген жоқ» деді Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Нұраддин Өмірбаев.
Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияныңтөрағасы,облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан жасөспірімдермен жұмысқа айрықша жауапкершілікпен қарау қажеттігін, сондықтан, осы мақсатта нақты іс-әрекеттер жасау керектігін тиісті құрылым басшыларына қадағалай тапсырды.
Азамат БАЗАРБАЕВ.