
Жасөспірімдер үйінің ауласындағы шағын жылыжай
Атырау қаласындағы жасөспірімдер үйінің ауласында ерекше жобаның тұсауы кесілді. «Chevron» компаниясының корпоративтік волонтерлікті дамыту жобасы аясында және «Жүректен жүрекке» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен мұнда шағын жылыжай ашылды.
Жасөспірімдер үйінде қазір балалар үйінен шыққан 18–23 жас аралығындағы жастар тұрады. Сол себепті бұл жылыжай олардың бойына жауапкершілік, еңбекқорлық, табандылық секілді қасиеттерді сіңірудің бір жолы ретінде қарастырылуда.
– Жаңа жоба біз үшін ерекше маңызды. Себебі балалар көкөніс егіп, баптауды ғана үйренбейді. Олар табиғатпен байланыс орнатып, өзінің еңбегінің жемісін көреді. Бұл олардың өз-өзіне деген сенімін арттырады, – дейді «Жүректен жүрекке» қоғамдық қорының жетекшісі Асылханым Ахмурова.
Бүгінде жылыжайда қияр, қызанақ, салат жапырақтары, құлпынай және басқа да көкөніс түрлері өсірілуде. Балалар егіс жұмыстарынан бастап, суару, арам шөп жұлу, тыңайту және жинау сияқты барлық процестерге белсенді қатысады. Бұл олардың практикалық дағдысын дамытып, бос уақытын тиімді пайдалануға сеп болады.
Жобаның тағы бір маңызды қыры — экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Қазіргі қоғамда табиғатпен үйлесімді өмір сүру, экологияны сақтау, таза өніммен тамақтану сынды ұғымдар күн тәртібіндегі мәселеге айналып отыр. Жылыжай арқылы жастар осы құндылықтарды тереңінен ұғынып, табиғи өнімнің қалай өсетініне, оған қаншалықты еңбек сіңетіндігіне көз жеткізеді.
— Бұрын көкөніс дүкеннен алынады деп ойлайтын едім. Енді оның әрбір дәні, суы, күтімі – бәрі еңбек екен. Күнде суарып, қарап жүрмесең, солып қалады. Бұл мен үшін үлкен сабақ болды,–дейді жылыжайға жауапты тәрбиеленушілердің бірі.
Бірегей бастаманың алдағы жоспары да ауқымды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, келешекте жылыжай аумағын кеңейтіп, көкөніс түрлерін көбейту жоспарлануда. Сонымен қатар шағын табыс көзі ретінде пайдалануға да мүмкіндік беріледі.
Еркеназ ҚАЛИЖАН