ЖАСӨСПІРІМДЕР ҚҰҚЫҒЫ
Аудандарда кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, олардың бос уақытын мазмұнды өткізу мақсатында жасалып жатқан жұмыс аз емес. Оның бірқатарын аудан әкімдерінің орынбасарлары тұжырымдап айтып берді.
Мәселен, Исатай ауданында 2014 жылы 360 оқушы жазғы демалыс лагерьлерінде демалса, оның саны биыл бірнеше есеге өсіпті. Аудандық ішкі істер бөлімінде тұрған жасөспірімдермен жұмыс, жайсыз отбасыларын анықтау бағытында да тындырымды қызмет бар. Ал, Мақат аудандық ішкі істер бөлімінің профилактикалық есебінде 20 жасөспірім тұр екен. Оның түгелге дерлігі жайсыз отбасынан шыққан.
Мақат ауданы әкімінің орынбасары Хайдар Төлеуішевтің айтуынша, жергілікті жерде суицидтің, діни теріс ағымдардың, құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында кездесу, басқосулар жүйелі өтіп тұрады.
Құрманғазы ауданы бойынша да осы жайды айтуға болады. Мұнда жыл басынан бері маскүнемдікке салынған 3, бала тәрбиесімен айналыспай, оларды қараусыз қалдырып кеткен 9 ата-анаға байланысты құжаттар жасақталып, шешім алынған.
Облыс әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Шыңғыс Мұқан аудандар бойынша жасалған жұмыстарға оң баға беріп, алдағы күндері атқарылуға тиіс мәселелерге көпшілік назарын аударды. Оның алғашқысы – жасөспірімдер арасындағы суицид проблемасы. Ел аман, жұрт тынышта мұндай көлденең жағдайлар азаймай отыр.
–Сонымен қатар, жас өскіндерге қатысты зорлық-зомбылық оқиғасы да соңғы кездері жиі орын ала бастады. Ал, оның себебі неде? Бұл да – алаңдатарлық көрініс. Үшіншісі – жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастыру, бұл бағыттағы жұмыстың жүйелі жүруі қажет, — деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Азамат БАЗАРБАЕВ.