Жарнама
Жаңалықтар

ЖӘШІКПЕН ТИЫН ЖИНАҒАН ОҚУШЫЛАР КӨБЕЙДІ

Atr.kz/ 3 сәуір, 2019 жыл. Қазіргі заманның қым-қуыт қарбаласына толы қала көшелерінде түрлі жағдайға куә болып жатамыз. Солардың бірі соңғы кездері кең етек алып, үрдіске айналғандай әсер қалдыратын – тілемсектену әрекеттері.

Бұрындары етектері далақтап көше торып жүретін сығанның балаларын көруші едік. Біреу-міреуді көре сала, соңынан еріп қол жаятын. Алайда, көрінгенге телмірген бұл балалар «намысты нанға сатпа» дейтін қазақтың баласы.

Құты көтерген волонтерлік қызметтегі балаларға еліктегендік пе, әйтеуір, көшеде қол жаю балалардың табыс көзіне айналған.

Бұндай оқиғаға бірде менде тап болдым. Азаттық даңғылы бойымен кетіп бара жатқанмын. 11-12 жасар бір оқушы ер бала мені тоқтатты да, «Апа, тиын беріңізші, үйге жетуге ақшам болмай тұрғаны» -, деп қиыла қарады. Не дерімді білмей абдырап, қалтамды ақтара бастадым. Тиын тебенді қолына ұстатып жатып, сұрадым «Қай жерде тұрасың? Мамаң қайда?» . «Мамам жұмыста. Ал мен үйге баруым керек. Жолыма жетпей жатыр, сол үшін сұрадым»,- деп бала тақылдап қоя берді. «Ааа, жарайды, жете аласың ба өзің» дегенімше болған жоқ, кетіп қалды.  Әрине, қыз-қыз қайнаған бұл заманда не болмай жатыр дерсіз. Бірақ, жаңағы оқушы баладан кейін 2 минут өтпей жатып, тағы үш жеткеншек келіп, сөздеріне шейін өзгертпей тиын сұрады. Қатулы қабағымнан қорықты ма, әлде алдағы балаға тездетіп жетуді көздеді ме көп кідірмеді. Артынша, «менде тиын сенікін көбірек» демесі бар ма бір- бірімен жарыса сөйлеп.

Киім- кишігінде қылау жоқ, бет- әлпеті сүйкімді балғындардың бұндай әрекеті түсінуге қиын нәрсе. Десе де, мұндай оқиғалар бір рет емес, бірнеше рет қайталанады-мыс.

Қала тұрғындарының пікірінше, бұндай жағдайлар сауда орталықтары маңайында, адам көп шоғырланатын аялдама бекеті айналасында көп кездесетін көрінеді.

Қала тұрғындарының бірі, студент Сәрсембаева Үмітжан:

—    Негізі, бұндайларды көп кездестіремін. Бірде вокзал маңы аялдамасында тұрғанымда 12-13 жасар бала келіп, «Апа,200 теңге беріңізші» деді. Сасқалақтап, не дерімді білмей, қалтамдағы ұсақ тиындарды қолына ұстата салдым. Бірақ, бала алақанындағы тиындарға қарап, «Апа, мынау жетпейді ғо, тағы беріңіз» деді. Сол кезде тиынды санап, жеткізіп бермегенім үшін бе, баланың құныққандығына ма, не үшін ұялатынымды білмей қалғам.

«Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» десек, сабақ уақытында сенделіп, көшеде көрінгенге қол жайып, тиын тіленіп жүрген бала несімен озады? Көше кезген бұл балалар мектеп жасындағы оқушылар болғандықтан, қала орталықтарындағы мектептердің біріне бардық.

12 орта мектеп директоры Қашаубаев Ербол Ермекұлы:

—     Мен бұл мәселе туралы біржақты ойлап, біреуді кінәлап, кесіп айта алмаймын. Себебі, кіші түгілі үлкендердің басынан неше түрлі оқиға өтіп жатады. Бұрындары қайырымдылыққа ақша жинайтын құты көтерген балалардың ісін құптаушы едім. Алайда, олардың бұл жұмысынан белгілі пайыз мөлшерін өздеріне алатынын естігенімде бұл ойымнан бас тарттым. Ерікті болудың өзі ақысыз, қайырымдылық, жанашырлық сезімдерімен орындалатын іс емес пе еді?! Ал, көшеде сабақ уақытында, топтасып жүріп тиын сурау бұл жақсы  пиғылдың белгісі емес. Біздің мектебімізде бұндай балалар бар деп ойламаймын. Біз оқушыларды гуманизмге, адамшылыққа, қайырымды болуға тәрбиелейміз.

Мектептен тыс уақытта әр балаға ата-анасы жауапты. Қай-қай ата-ана да өз баласын жамандыққа қимайтыны рас. Әйтседе, пікірлерін сұрап білдік. Кейбірі осыған ұқсас әрекеттерді де байқамағынын айтса, енгісі тіпті көшеде аяқ алып жүруден қалдық деп отыр.

Қала тұрғындарының бірі, Қаратаева Л.:

—    Қала көшелерінде аяқ басып жүруден қалдық. Қайда барсаң ақша сұрап, кес-кестеп адам жүргізбейді. Әсіресе, қаламыздың орталықтарында, базар маңдарында тілемсектер көптеп кездеседі. Иә, бұлар біреу болса жақсы… Бұрын көшеде қайыр сұрап отырған адамдар аз кездесетін.  Олай болған жағдайда да мүгедектер немесе әлеуметтік жағдайы өте төмен адамдар амалдың жоқтығынан баратын. Қазір ше? Тепсе темір үзетін жігіттер жүр көше бойында. Айтатындары «Дамбы деген жерді білесізғой, мен теңдік деген жерден келе жатырмын. Жолыма тиын беріңізші». Біреуіне мейірімің түсіп, жаның ашып берсең, екіншісі тағы келеді. Бала көргенін жасайды. Сырт көзге аяқ-қолы сап-сау, киімі бүтін, бет ауызы тап-таза қайсыбірінің де. Мүмкін бұл біреудің бизнесі ме, қарақшылардың ісі ме деп қаламын.

Ұрпақ тәрбиесіне мұнша жеңіл- желпі қарамаушы едік. Бұнымыз қарапайым әдептілік қылықтың жоғалғанымен пара-пар. Тура келіп, тіке қарап, тілемсектену тал бесіктен берілер тәрбиеге атүсті қарағандық емей не дерсің?! Жас бүлдіршіндердің балалықтың бууымен, еліктегіш сезіммен, «қайыршылар көп ақша табады» деген ойымен істер әрекетіне баласақ. Еңгезердей ер жігіт үшін, ниет қылса, екі қолға бір күрек табылады емес пе?!

Дана ТІЛЕК

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button