«Жасампаздықтың жарқын тарихы»
Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы, «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен «Жасампаздықтың жарқын тарихы: «Мәңгілік ел» патриоттық актісі» тақырыбында облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Шаһар орталығындағы «Атырау» қонақ үйінде ұйымдастырылған жиынға этномәдени бірлестіктің өкілдері, ғалымдар, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы кеңес мүшелері мен жастар қатысты. Конференция жұмысы елі-міздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығына, «Мәңгілік ел» патриоттық актісіне арналды. Қатысушылар «Мәңгілік ел» патриоттық актісін насихаттау арқылы қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру, қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайтуда атқарылып жатқан жұмыстар туралы және тұрақтылықты, қазақстандық бірегейлік пен бірлікті арттыру, қоғам санасына «Мәң-гілік ел» жалпыұлттық патриоттық идеясын сіңіру жолдары туралы айтты.
Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Абат Кенжеғалиев «Мәңгілік ел» идеясының іске асуының тарихи, әлеуметтік, экономикалық және рухани факторлары туралы кеңінен баяндады. «Біз ұлтымызды, тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді сақтап қана қалған халық емеспіз. Көрші елдің де, көрген елдің де жақсы қасиетін бойға сіңірген ұлтпыз. Ал, мұндай қасиеті бар халық – мәңгілік ұлт, тамыры терең мәңгілік ел бола алады деуге негіз бар. Қазақ елі – әуелден ел бірлігін, татулық пен достықты ту қылып ұстанған халық. Жазатайым үйге кіріп кеткен жыланды да басына ақ құйып шығарып салатын дәстүр бізден басқа еш елде жоқ шығар. Бұл қасиет еліміздің өмір сүру дағдысынан, жаратылыс болмысынан туындады. Бүгінде сол қасиеттің арқасында бір шаңырақ астында сан ұлттар тоғысқан елге айналдық. Атадан балаға мирас болып келе жатқан бұл құндылық Мәңгілік еліміздің әлеуметтік факторын құрайды» деді ол. Жиын барысында басқа да қатысушылар «Мәңгілік ел» патриоттық актісінің мәні мен маңызына тоқталды. Конференция соңында ұлттар арасындағы бірлікті сақтау мен дамыту шараларын іске асыру, «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясын қалыптастыруға бағытталған пәндерді оқыту, тақырып аясында мазмұнды фильмдер мен бейнебаяндар түсіру қажеттігі тапсырылды.
Сіз не дейсіз?
Гүлфайруз ҚАЙЫРҒАЛИЕВА, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының докторы:
Тарих және ұрпақтар сабақтастығы
– Тарих пен ұрпақтар сабақтастығын қамтитын «Мәңгілік ел» патриоттық актісінің жеті негізгі қағидаты бар. Соның бірінде тарих пен мәдениеттің, тілдің ортақтығы анықталған. Бұл тұрғыда «Каспий қақпалары» немесе «Ұлы Жібек» жолының жаңғыруы бағытындағы шараларды біздің облыста жүзеге асыруға мүмкіндік мол. Осы орайда жергілікті туристік танымдық маршруттар ұйымдастыруға болады. Өзге аймақтарға қарағанда Атырауда өзінің тарихи-мәдени ескерткіштерін насихаттау жағы кемшін. Сарайшықтан басқа жақын маңдағы Ақтөбе Лаети, Пешной аралы, Тұрғындар қалашығы, Ескі базар маңы, Қызылқоғадағы Таскешу мен Жолайшағыл, Асан өткелі, Ноғайлының қырық батыры және басқа да туристік саяхаттарға сұранып тұрған нысандар бар. Мұның бәрін тереңнен зерттесек, Мәңгілік елдігіміздің мәні одан әрі айшықтала түседі.
Нұрлан АЗАМАТОВ, «Жас Отан» жастар қанаты Атырау қалалық филиалының жетекшісі:
Жауапкершілік алға жетелейді
– Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан бастап жастар саясаты еліміздің басты құндылықтарының біріне айналды. Елбасының тікелей бастамасымен тұңғыш рет «Жас ұлан» жастар қозғалысы мен «Жас қыран» атты балалар ұйымы құрылды.
Бұдан басқа «Ауыл жастары, «Дипломмен ауылға», «Жастар тәжірибесі», «Жасыл ел» сынды бірнеше жобалар іске асуда. «Болашақ» халықаралық стипендиясымен студенттер шетелде білім алуға қол жеткізді. Студенттерге арналған «Сәтті қадам» жобасының маңызы бір бөлек. Көрсетілген қолдаудың әрқайсысы әр жасқа өз елінің патриоты болуға үндейді. Мұны сезінген жас буын бүгінде «Мәңгілік ел» жолындағы бірлік, келісім, ынтымақ сынды қасиеттерді жоғары бағалайды.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.