
Жас құтқарушылар ант қабылдады
Атырау қаласындағы “Жеңіс” саябағында бүгін ерекше толқынысты сәттің куәсі болдық. Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне орай азаматтық қорғау саласына жаңадан қабылданған жас қызметкерлердің «Ант қабылдау» салтанаты өтті.

Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетіліп, оркестрдің сүйемелдеуімен Гимн шырқалғаннан кейін 17 жас маман сап түзеп, Отанға адал қызмет етуге ант берді. Осы сәттен бастап олар азаматтық қорғау органдарының толыққанды мүшесі атанды.
Салтанатты шараға Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Нұрлан Жаңабаев, сала ардагерлері мен қонақтар қатысты.
Алғаш болып құттықтау сөз алған полковник Нұрлан Мақсотұлы жас мамандарға сәттілік тілеп, қызметтің абыройлы әрі жауапты екеніне тоқталды.
– Бүгін сіздер халыққа қызмет етудің ең маңызды міндетін өз мойындарыңызға алып отырсыздар. Қиын сәттерде елдің амандығы үшін алдыңғы шепке шығу батыл жүректің ісі. Осы адалдық сертін өмір бойы абыроймен алып жүретіндеріңізге сенемін, — деді ол.

Шара барысында ардагер Сейітжан Дүйсекенов те жас буынға ақ батасын берді.
– Құтқарушы болу жай мамандық емес, ол өмірлік миссия. Қиындыққа қарсы тұрып, халықтың алғысына бөлену ең үлкен бақыт. Сіздерге қажымас қайрат, табандылық тілеймін, — деп ағалық лебізін жеткізді.
Жас қызметкерлер атынан азаматтық қорғау кіші сержанты Қазбек Саламатов сөз сөйлеп, қатарластарының ой-ниетін білдірді.

– Біз үшін бүгінгі күн өмірлік жауапкершіліктің бастауына айналды. Елдің тыныштығы мен халықтың қауіпсіздігі жолында аянбай еңбек етуге ант етеміз, — деді ол.
Шара соңында мерекелік шеру өтіп, жас мамандар қонақтармен бірге естелік суретке түсті.

Бұл күн жас құтқарушылардың жүрегіне елге адал қызмет етудің қасиетті парыз екенін айшықтап, олардың кәсіби жолындағы алғашқы қадамын айрықша есте қалдырды.

Майра ЕРҒАЛИ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ