Жарнама
Жаңалықтар

ЖАС ОТБАСЫЛАРҒА – ЖАЙЛЫ ПӘТЕР

 «Бәйтерек» көмекке келеді

Тағы бір жаңалық, мамыр айында «Жас Отау» бағдарламасы аясында 120 пәтерлік екінші үйдің құрылысы басталатын болады. Ол үйлерге құжаттар қыркүйек-қазан айларында қабылданады деп күтілуде. «Мамыр айында тапсырылатын 90 пәтерге 1420 адам құжат тапсырды. 711-інің құжаты ғана талапқа сәйкес келді. 709-ы іріктеуден өтпеді. Соның ішінде, 545 отбасының табысы белгіленген межеден төмен болды. 83-інің жылжымайтын мүлігі болды. 81-інің құжаты категорияға сай келмеді» деген басқарма басшысы Мейірім Қалауи «Жас Отау» бойынша сегіз санатқа сай келетін отбасылардың баспаналы болуға мүмкіндігі барын айтты. Мәселен, бірінші кезекте көп балалы отбасылар, мүгедек сәбиді өсіріп-бағушылар, ғылым-білім саласына еңбек сіңірушілер, жетімдер үйінің тәрбиеленушілері, мемлекеттік, бюджеттік мекеме қызметкерлері, әскерилер, коммуналдық мекеме өкілдеріне басымдық берілетін болады. Бұл категорияда облысқа шақыртумен келген медицина, білім саласының мамандары да бар. Бірақ, қызығы сол, бұл категория бойынша құжат тапсырған бірде-бір отбасы болмапты. «Себебі, олардың көпшілігі тегін үй алғысы келеді» дейді басқарма басшысы.

Астын сызып айтар жаңалықтың бірі, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі Қазақстан ипотекалық компаниясына қаржы бөліп, 35 жасқа дейінгі отбасылар үшін арнайы үй салуды қолға алуда. Ал, «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы бойынша жас отбасылардың шектік жасы 29 жас күйінде қалып отыр. Көріп отырғанымыздай, «баспаналы боламын» деушілерге мүмкіндік берілуде. Бастысы, әр отбасында тұрақты табыс болуы керек екен.

Қолданыстағы «Жастар саясаты туралы» заңға үстіміздегі жылдың қаңтар айында өзгеріс, толықтырулардың енгізілгені белгілі. Осыған орай, жаңалықтарға тоқталған Атырау облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы «жас маман» ұғымының заң негізінде бекігенін айтты. Бұдан былай, жұмыс беруші маманды қызметке алғанда екі жылға келісім-шартқа отыратын болады. Бұл қадам «сынақ мерзімінен өтпеді» деген сылтаумен екі-үш айдан соң маманды «сау- саламатта болыңыз» деп шығарып салу фактілерінің алдын алатын болады. 

«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында өткен жылы 136 жас маман ауылдық жерлерге жолдама алды. Сол мамандардың 114-і 15 млн 816 мың 80 теңге көлеміндегі көтерме жәрдемақымен, 22-сі 60 млн 883 000 теңге көлеміндегі тұрғын үй алуға несиемен қамтамасыз етілді. Басты жаңалық, аталған бағдарлама бойынша ауылға аттанған мамандарға тұрғын үй салуға да көмек берілетін болады» деді Мейірім Жоламанұлы.

Статистикалық мәліметтер 7217 жастың жұмыспен қамту органдарына жүгінгенін айтады. Оның ішінде 3927-сі Атырау қаласының тұрғындары болса, 3290-ы ауыл жастары екен. Күні бүгінге дейін сол жастардың 2452-сі тұрақты жұмыспен қамтылыпты. Ақылы қоғамдық жұмысқа 1748 жас тартылып, 605-і кәсіби оқуға жіберіліпті. Тағы бір айта кетерлігі, жергілікті жастардың оқу ақысын төлеу жобасы әлі жалғасуда. Белгілі болғанындай, демеушілер арқылы 240 студенттің оқу ақысын төлеу ұйымдастырылған. «Оның 49-ы Уфа қаласында, 10-ы Еуропа және Азия университеттерінде, 181-і еліміздің жоғары оқу орындарында оқиды» дейді Атырау облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы.

 

Жас кәсіпкер курстан өтеді

Бұдан бөлек, кәсібін бастаймын деуші жастар үшін арнайы курстар ашылыпты. «Жас кәсіпкер мектебі» тренинг орталығының жетекшісі Ержан Нұршанов онда тренингпен қатар, үлкен жетістіктерге жеткен кәсіпкерлермен арада тәжірибе алмасу мүмкіндігінің де қарастырылғанын айтады. «Орталық ашылғалы бері мыңнан астам адам білім алып шықты. Күні бүгінде біздің орталықта білім алған он жас өз кәсібін бастады. Оның ішінде «Арт» дизайн студиясы, мерекелік іс-шаралар ұйымдастыру агенттігі, репетиторлық орталық сынды жобалар бар. Жастардың қызмет көрсету саласына деген қызығушылығы жоғары. Өйткені, өндірістік бағытты таңдау – көп қаржыны қажет етеді» дейді ол.

Сұрақ-жауап кезінде білгеніміздей, Қазақстан ипотекалық компаниясының Атырауда нақты неше шаршы метр үй салатыны белгісіз. Бастысы, бағдарлама 39 жасқа дейінгі отбасыларға үлкен мүмкіндік туғызып отыр. Және бір айта кетерлігі, мемлекеттік жастар саясаты мүмкіндігі шектеулі жас буынды да шет қалдырып отырған жоқ. 

Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Мейірім Қалауидің айтуынша, соңғы екі жылдан бері Қызылорда қаласында өтіп келе жатқан мүмкіндігі шектеулі жастар арасындағы фестивальға атыраулық таланттар да үздіксіз қатысып келеді. «Біз олардың жол ақысының, жүріп-тұру, уақытша тұрақтау жайларының тегін болуын қамтамасыз етіп отырмыз» дейді ол.

Брифинг барысында, сондай-ақ, Атырау қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Жасұлан Бисембиев мақсатты аудиториямен арада атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button