Жас отбасыларға – жаңа баспана
Атырау қаласының 376 жылдығын мерекелеу аясында «Нұрсая» мөлтек ауданында жаңадан бой көтерген №91 үйдің 45 пәтерінің кілттері иелеріне табысталып, баспанаға мұқтаж жас отбасылар қуанышқа бөленді.
«Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясында салынған үйдің 25 пәтері үш бөлмелі болса, 15-і екі бөлмеден тұрады. Ал, қалған бесеуі – бір бөлмелі баспаналар. Тұрғын үй соңғы үлгідегі жоба бойынша тұрғызылды. Сондықтан да пәтерлердің бөлмелері аса ыңғайлы, жайлы.
Кеше Атырау қаласының әкімі Серік Шәпкенов пәтер кілттерін иелеріне тапсырып, жаңа қонысымен құттықтады.
— Елбасының сарабдал саясатының арқасында мемлекетімізде тұрғын үй құрылысы саласы өте қарқынды дамып келеді. Жылдың басынан бері Атырауда 14 үй пайдалануға берілген болатын. Жеті жүздей пәтер кілті иелеріне тапсырылды. Жыл аяғына дейін тағы 600 пәтерді құрайтын сегіз үйді тапсырмақпыз. Сіздерді қала күні мерекесімен құттықтай отырып, қоныстарыңыз құтты болсын демекпін, — деді қала басшысы Серік Жамбылұлы.
Айта кетсек, жас отбасыларға арналып салынған бұл үй «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы баллдық жүйе бойынша тапсырылды. Соның ішінде, ең көп — 140 балл жинаған көпбалалы ана Сәуле Жақанова.
— Көптен күткен қуанышымыз қала күнімен тұспа-тұс келіп отыр екен. Жолдасым Талғат Оразбаев екеуіміз бес баламызбен бірге бұған дейін туыстарымыздың үйінде тұрып келген едік. Үйді бүгін алатынымыз туралы хабар келгенде, сенер-сенбесімізді білмей қалдық. Әлі де толқып тұрмыз. Балалар да енді жеке бөлмелері болатынына шексіз қуануда, — дейді жаңа қоныс иесі.
Бақыт Қабдолфарихов та осы уақытқа дейін сегіз жыл бойы отбасымен бірге баспана жалдап келген. Кеше жеке пәтерінің кілтін қолына алғанда, оның қуанышында шек болмады.
— Жұбайым Айнұр Құспанова – бала күтімінде. Төрт қыз бала тәрбиелеп отырмыз. Өткен жылы құжаттарымызды жинақтап, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы пәтер кезегіне тұрып, бір жылдай уақыттың ішінде өз баспанамызды алып отырмыз. Елімізде, соның ішінде, облысымызда жастарға үлкен қолдау көрсетіліп келеді. Бүгін, міне, осы қамқорлықтың куәсі болып отырмыз. Мемлекет және аймақ басшыларына алғысымыз шексіз, — дейді ол.
Сол сияқты, жаңа баспана иесі Мәулен Нұғыманов та облыс орталығында отбасымен бірге ата-анасының үйінде тұрған.
— Ата-анамыз бізге ешқашан қабақ шытқан емес, алайда, әр отбасыға жеке баспана аса қажет-ақ. Бізді үміт алға жетеледі, жақсылықтың боларына сендік. Нәтижесінде көптен күткен қуанышқа қол жеткізіп тұрмыз. Банк ұсынып отырған шарттар да аса тиімді. Жас жанұяларға қолдау көрсетіп отыр-ған облыс, қала басшыларына алғысымыз зор. Қаламыз көркейе берсін, – деп ол да жүрекжарды лебізін айтты.
Айгүл
Ертілеу
Суретті түсірген:
Ерлан АЛТЫБАЕВ.