Жас боксшылар бәсекесі
Atr.kz/7 қазан, 2019 жыл. «Атырау» спорт кешенінде КСРО спорт шебері Қамбар Андашевті еске алуға арналған бокстан жасөспірімдер арасында ашық республикалық турнир мәресіне жетті.
Жас былғары қолғап шеберлерінің басын қосқан дода өңірімізде осымен 16-шы рет өткізіліп, оған қазақстандықтардан бөлек Беларуссия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен де спортшылар қатысты.
Шаршы алаңда өткен тартысты кездесулер төрт күнге созылып, жарыс қорытындысында атыраулық жасөспірімдер 3 алтын (Бекзат Төреш, Рүстем Айдар, Арсан Рахымов), 2 күміс және 11 қола медаль иемденді. Осы арқылы олар жалпы команалық есепте ең үздік атанды. Сондай-ақ, бұл турнирде Өзбекстан, Ресей, Беларусь құрамалары мен Павлодар, Жамбыл облыстарының өрендері қос алтын медальдан қанжығаларына байлады.
Жарыстың жабылу салтанатына Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері Комитетінің төрағасы Серік Сапиев, Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ринат Ибрагимов және Қамбар Андашевтің шәкірттері мен туыстары қатысты.
Мұратбек ЖАҢАБАЙ